«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ардагерлер рухына мың тағзым!

0 32

Адамзат тарихында болған ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 74 жыл толды. 1941-1945 жылдар аралығында миллиондаған адам қаза болып, қаншама жауынгер жаралы оралды. Кеше Нұр-Сұлтан әкімдігінің ұйытқы болуымен Ұлы Отан соғысында елін-жерін қорғаған жауынгерлердің зиратына «Даңқ гүл шоқтары» мен гүл себеттері қойылды.

Жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қаза тапқандардың туыстары, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің басшылығы, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
– Қаншама қиындық көрдік. Көз алдымызда оқ қарша борап, жауынгерлер бірінен кейін бірі қаза болып жатты. Шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүріп, қан кештік. Ол уақыт та өтті ғой. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған деген заман осы шығар?! Еліміз, жеріміз аман болғай! Ендігісі өздеріңе аманат, – деді салтанатты рәсімде қарт ардагер Жұмағали Төлегенұлы.
Қазіргі уақытта бас қаламызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 71 ардагер, 4000-ға жуық тыл еңбеккері тұрады. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының шешімімен Ұлы Отан соғысының барлық ардагеріне 67 АЕК (169175 теңге), сондай-ақ қосымша 350000 теңге көлемінде бір жолғы ақшалай көмек көрсетілді.
– Біз 9 мамыр қарсаңында Ұлы Отан соғысында алған жарақатынан дүниеден озған жандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Олардың ерлігі ешқашан ұмыт қалмауы тиіс, батыр бабаларымыздың есімін жадымызда ұстау ертеңіміз үшін өте маңыз­ды. Ардагерлерімізді, барша қа­зақстандықтарды Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын! – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов.
Айта кетейік, ҰОС ардагерлеріне мерзімді басылымдарға жазылу, моншаға, шаштаразға бару және санаториялық емделу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ қалалық автобустарда жол жүруге арнайы жеңілдіктер қарастырылған, тіс протездеу тегін жүргізіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды