«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ардагерлер қауымында тыным жоқ

0 41

Кеше Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен қалалық Ардагерлер кеңесінің белсенділері қатысқан дөңгелек үстел шарасы өтті.

Күн тәртібі бойынша алдымен Астана қалалық Ар­­дагерлер кеңесінің төр­а­ға­сы Сансызбай Есілов ел­ордамыз­да майдангерлер мен зейнеткерлер қауымының, оның ішінде аудандық және бастауыш ұйымдардың жүргізіп отырған жұмыстарын бағалап, алдағы атқары­латын шаралар жайында баяндап берді. «Біздің ұйымның бірінші кезектегі мақсаты ­– көмекке аса мұқтаж қарт­тарға қолдау көрсету. Осы бағыттағы жұмысты алдымен өзіміз жандандыруымыз керек. Бұл ретте қала әкімдігі тарапынан, сондай-ақ демеушілер жағынан қолдау беріліп келеді. Дегенмен өзіміз де белсенді болайық» деп атап өтті Сансызбай Сейітжанұлы.
Бүгінгі таңда Ардагерлер кеңесі дәстүр бойынша қазан айының басында аталып өтілетін Қарттар күніне арналған шараларды жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отыр екен. Атап айтқанда, атаулы күнге орай айлық өткізу көзделген. Оның аясында көмекке мұқтаж қарттарға қайырымдылық көмек көрсету, концерттер, ұрпақтар сабақтастығын ұлықтайтын шығармашылық кездесулер, флешмоб ойындары ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында ардагерлерді мерзімді баспасөзге жаздыру мәселесі де қаралды. Бұл орайда төрағаның орынбасары Е.Дүйсенов тиісті басқармалармен, сондай-ақ газет басшыларымен келісімдер жүргізілетінін, оқуға ниет білдіретін ардагерлердің бәріне газет жазып беруге күш салатынын жеткізді.
Кеңестің мәдени-бұқаралық жұмыстар жөніндегі тұрақты комиссиясының жетекшісі Н.Шиврина қала бойынша атқарылған шаралар жайында баяндап, белсенді ардагерлерге ризашылығын білдірді.
Дөңгелек үстел жиынынан ұққанымыз, елордалық ардагерлер қауымында тыным жоқ екен. Әрдайым осылай болып, зейнеттің қызығына бөленіп жүргейсіздер, қадірлі ардагер қауым!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды