«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Арандатушылықтан абай болуға шақырды

0 15

Әлеуметтік желілерде тыйым салынған және сот экстремистік деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы 21 қыркүйекте заңсыз наразылық акцияларын өткізуге және оған қатысуға шақыру таратуына орай, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Б.Асылов «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабына қатысты үндеу жасады.

Үндеуде деструктивті күштердің әлеуметтік қолдау шаралары, мемлекетаралық қатынастар туралы жалған ақпарат тарата отырып, халықты адастырып, тәртіпсіздіктер, әлеуметтік және ұлттық араздықты тудыру арқылы қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретіні, мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынғаны айтылған. Сол себепті құқық қорғау органдары заң бұзушыларға заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шара қолданатын болады.
Қазақстан шет елдік ұйымдармен қылмыскерлерді бірлесіп ұстау бойынша 69 келісім жасаған, олардың арасында Италия, Испания сияқты Еуропалық одаққа мүше елдер де бар. Осындай біріккен жұмыстардың нәтижесінде соңғы бес жылда іздеуде болған 356 адам экстрадицияланған.
ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, биылдың өзінде ғана Солтүстік Македония, Оңтүстік Корея, Болгария сияқ­ты 5 мемлекетпен келісім жасалған. «Бұл біздегі қылмыстық-құқықтық реформаларға халықаралық деңгейде сенім бар екенін көрсетеді. Осы прогресс біздің қызметімізде өз жемісін береді деп ойлаймын. Аталған келісімдердің арқасында шетелдерден 53 адам экстрадицияланды. Біз 77 шетелдікті ұстап бердік» деген Сапарбек Нұрпейісов елге қайтарылған қылмыскерлердің бірнешеуінің атын атады. «Мысалы, Өзбекстаннан Мехтиев экстрадицияланды. Ол Ақтөбе облысында өртенген автобустың 52 жолау­шысының өліміне кінәлі деп ізделген болатын. Ресейден «РБК» банкінің 172 млрд теңгесін жымқырған Ж.Ертаев қайтарылды. Германия мен Украина оның сыбайластары болған Ибрагимов пен Құсайыновты ұстап берді. Грузиядан қыздарды есірткі курьері ретінде пайдаланатын қылмыстық топ құрғаны үшін іздеу жарияланған Саламех атты адам қайтарылды» деген Бас прокуратура өкілі қазақстандықтарды арандатушылықтан абай болуға шақыр­ды, сондай-ақ үгіт-насихат жүргізіп, халықтың арасына ірткі салғысы келетін 8 ұйымның бүгінде заң жүзінде экстремистік топ деп танылғанын келтірді. Олардың қатарында Мұхтар Аблязов тобы да бар. Онымен бірге жұмыс істеген 42 адам сотталған. Жалпы бюджетке келтірген шығыны 7,5 миллиард доллар болып отыр. Бюджет қаржысын жымқыру арқылы сыртқа шығарған ақшасының 1 миллиард доллардан астамы елге қайтарылған. Жұмыстар әлі жалғасуда. «Халықтың қаржысын ұрлаған адам енді халықты билікке қарсы үгіттеп отыр. Осыдан абай болуымыз керек» деді прокуратура өкілі.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды