«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аралды құтқару операциясы

0 119

Елордалық жастарды тек қала ішіндегі мәселелер ғана алаңдатпайды, олар сондай-ақ басқа өңірлердегі өзекті жайттарды шешуге де атсалысқысы келеді. Соның бір мысалы ретінде М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті студенттерінің Арал қаласына қатысты жасаған экологиялық жобасын айтуға болады. Enactus KazGUU бағдарламасы аясында қолға алынған бұл бастама бес түрлі бағытқа арналған.

Теңіз астындағы ауларды алатын аспап

– Осы жобаны қолға алғалы бері Арал қаласына 7-8 рет барып қайттық, – деп бастады әңгімесін Enactus KazGUU командасының капитаны, туризм мамандығының 1-курс студенті Айбек Түгелбаев. – Аралға ең бірінші барғанда байқаған проблема – су астында қалып қалған аулар болды. Балықшылардың көбісі қытайдың пластик ауын қолданады. Ол арзан болғанмен, сапасы нашар. Бір-екі рет пайдаланғаннан кейін ауыр­лықты көтере алмай сөгіліп кетеді де, сол күйі су астында қалады. Оны қайта шығарып алу үшін балықшыларда арнайы құрал жоқ. Нағыз қиындық балықтар көбейе­тін кезде басталады. Әлгі аудың кесірінен кейбір балықтар судың үстіңгі қабатына шыға алмайды. Соның кесірінен балықшылар да біраз олжадан қағылады. Осыны ескере келе, біз ауларды су астынан шығаратын аппарат жасап шығардық. Оны өзімізше «зәкір-мысық» деп атадық. Құрылымы тура зәкір сияқты: балықшылар қайықпен су ортасына шыққан соң әлгі аспаптың бір шетіне арқан байлап, суға түсіреді. Ұшындағы үшкір темірлері ауды ілген соң, арқан арқылы тартып шығарады. Осылайша су астын керексіз аулардан тазартуға болады.
Өзіміз тәжірибе ретінде бір рет теңіз шетіне «зәкір-
мысығымызды» түсіріп көрген едік, ұзындығы 100 метр, ені 3 метр болатын ескі ауды тартып шығардық. Ал теңіз ортасында дәл осындай қан­ша ау жатқанын есептей беріңіз.

Тротуарға төсейтін пластик плита

Жастар әлгі ескі ауларды жинап қана қоймай, оны кәдеге асырудың да жолын тауып қойыпты. Мұны бізге KazGUU Enactus-тың келесі мүшесі Дидар Нығметов айтып берді:
– Ескі ауларды қайта өңдеу арқылы одан тротуарға төсейтін плита жасауға болады. Қазіргі таңда Adidas секілді алпауыт компания­лар қолданылған пластик заттардан аяқ киім мен спорттық киім жасап шығаруда. Сол секілді пластиктен тротуарға арналған плита шығарып жүрген елдер де жетерлік. Әдетте біз төсейтін плиталар қатты жел кезінде төңкеріліп қалады, аязда жарылып кетеді, үстіне ауыр салмақ түскенде шытынайды. Ал пластиктен жасалған плиталардың артықшылығы сол, олар деформацияға аз ұшырайды, ыстық-суыққа төзімді әрі шірімейді. Оның үстіне, оған жұмсалар шикізат та қолжетімді. Құрамының басым бөлігі пластик пен құмнан тұратындықтан, мұндай плиталар әлдеқайда арзанға түседі.
Бүгінде біз сондағы «Арал теңізі» атты коммерциялық емес ұйыммен бірігіп, осындай плиталарды дайындайтын шағын цех ашуды көздеп жүрміз. Егер ол ашылар болса, аралдықтар қоқысқа тастайтын пластик бұйым­дарын енді сонда өткізіп, қайтарымына ақша ала алады. Яғни бір оқпен екі қоян атылады: қала мен теңіз
пластиктен тазарады, бұл үшін тұрғындар да ақшалай пайда табады.

Аралдың символдарын біріктірген кәдесый

Enactus KazGUU жастарының жаңа жобасы аясында Аралдағы экологиялық
мә­селеге арналған эксклюзивті кәдесыйлар шығару да жоспарлануда. Дидардың айтуынша, кәдесыйдың бас­ты компоненттері ретінде тұз, құм және қамыс таңдалып алыныпты.
– Бұларды символ ретінде жайдан-жай таңдамадық. Біріншісі – Аралдың тұзы, ол, әдетте, Арал дегенде бірден еске түсетін дүние. Су тартылған сайын аймақты да құм басып, тұрғындардың мазасын алып жатыр. Мысалы, сондағы Ақеспе деген ауыл құм көшуінің кесірінен екі рет орнынан жылжыпты. Ал неге қамысты алдық деген сұраққа жауап ретінде мынаны айтқымыз келеді. Аралда қамыс қаулап кеткен жерлер көп. Қамыс өскен тұс таза болмайды, өйткені ол судың өзін-өзі толқынмен не ағыспен тазалауына кедергі келтіреді. Ал суы таза емес жерге балықтың да бармайтыны анық. Осы үш қоспаны кішкентай банкаға салып, сыртына #SaveAral деген хештэгті жазамыз. Бұл – бәрінен бұрын, шетелдіктердің назарын аударту үшін жасалған маркетингтік тәсіл. Яғни олар осы хештэг бойынша іздеу арқылы и
нтернеттен Аралға қатыс­ты көбірек мәліметті таба алады. «Арал теңізі» ұйы­мы­ның директоры Айнакүл Баймаханова жылына шамамен 800-дей шетелдік туристің тартылған теңізді көру үшін арнайы келетінін айтқан еді. Осындай кәдесыйлардың көмегімен біз олардың қызығушылықтарын одан әрі арттыратынымыз даусыз, бәлкім, бұл шетелдік тараптан қандай да бір тиімді ұсынысқа да жол ашар, – дейді ол.
Кәдесыйларды Аралдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі жасайды. Қазіргі таңда жастар Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы және бірқатар желілік дүкенмен келіссөздер жүргізуде.

Баннерден тігілген фартук

Жобаның келесі бағыты эко-фартуктерге қатысты.
– Аралдықтардың негізгі азығы балық шаруашылығы болғандықтан, мұнда осы салаға арналған кішігірім фабрикалар өте көп, шамамен 20-дан асады. Ондағы жұмысшыларға қажет ең басты құралдардың бірі – фартук. Аралдықтар фартуктерді Ресейден алдыртады екен, өйткені отандық фартуктердің бағасы жоғары. Осы мәселені естіген соң біз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Аналар үйі» мекемесіндегі қыз-келіншектермен кеңесіп, эко-фартуктер тігуді бастадық. «Эко» деп отыр­ғанымыздың себебі, бұл фартуктер баннер­ден жасалады. Елордада іс-шаралардың жиі өте­ті­нін білеміз. Оларға да­йын­далған баннерлер іс-шара аяқталған соң керексіз болып, қоқысқа лақтырылады. Біз сол баннерлердің бәрін тұрақты түрде жинап, одан фартуктер тіктіріп, аралдықтарға төмен бағамен жеткізіп бермекшіміз. Осылайша, біріншіден, жарамсыз баннерлерді кәдеге жаратсақ, екіншіден, аралдықтарды да арзан бағадағы сапалы өніммен жабдықтаймыз, үшіншіден, «Аналар үйіндегі» қыз-келіншектердің де қосымша іспен айналысып, табыс табуына мүмкіндік береміз.
Баннерлер су өткізбейтін материалдан жасалатындықтан, баннерден тігілген фартуктер де балық фабри­касында қолдануға өте ың­­ғайлы. Ол судан қорғап қана қоймай, жұмысшыны ба­лықтың жағымсыз иісінен де сақтайды. Осыған дейін 256 фартукты Аралға жөнелттік. Алдағы уақытта логистика мәселесін оңтайландырсақ, шикізатты осы жақтан жіберіп, ондағы қыз-келіншектер өздері тігетіндей де жағдайды жасағымыз келеді, – дейді Айбек.

Қамыс пен қағаздан жасалған эко-отын

Аралдық ресурстарды пайдаланып эко-отын жасауға да болады екен.
– Қамыс көп екенін білген соң, соны азайтудың, бір жағынан қажетке жаратудың жолын ойластыра бастадық. Брикет идеясы осылай пайда болды, – деп жымиды жастар.
Оның жасалу технологиясы мынадай: қамыс, қураған жапырақ, қағаз қалдықтары және жоңқаны араластырып, 60:40 қатынасындай мөлшерде үстіне су құяды. Одан соң бұрғының көмегімен бәрін жақсылап араластырады да, гидравликалық пресс арқылы үстінен жаншып, суын шығарады. Бір тәуліктің ішінде отын толықтай кеуіп, отқа салуға жарамды болады.
Бұл әдіс арқылы аралдық­тар әрі суды қамыстан тазартуға атсалысады, әрі өзіне тегін отын жасайды. Арал тұрғындарының әлі түгелдей табиғи газбен қамтыла қоймағанын ескерсек, бұл да кәнігі пайда.
Алдағы шілде айында Арал қаласы кәсіпкерлерінің съезі өтеді. Enactus KazGUU жастары осы жиынға әдейі барып, жоғарыдағы жобалары бойынша инвесторлар тартуға тырыспақ. Мұнымен қоса, олар краунфандинг платформалары арқылы да қаржы жинауды көздеп отыр. Онда әрбір қазақстандықтың (тіпті шетелдіктің де) Арал тағдырын сәл де болса жақсартуға тікелей үлес қосу мүмкіндігі де кеңейер еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды