«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аралас мектептегі 110 сыныптың 97-сі орысша

Ондағылардың басым бөлігі – қазақ балалары

0 322

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының мәліметіне сүйен­сек, бүгінде елордада 88 жалпы орта білім беретін ұйым бар. Оның 33-і – қазақша, 11-і – орысша, ал қалған тең жартысы – аралас тілді мектептер. Бір қызығы, орыс мектептеріндегі және аралас тілді мектептердің орыс сыныбындағы оқушылардың басым бөлігі – қазақ балалары. Бұл құбылыс­тың себебін анықтамақ болып аз-кем зерттеу жасаған едік.

«Ата-аналарының өздері қазақша білмейді»

Елордадағы Мәңгілік ел көшесінің бойында орналасқан аралас тілді №75 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қайынжамал Шошанованың айтуынша, қазіргі таңда мұнда 3595 шәкірт білім алады. «Оның 2875-і, яғни 80 пайызы – қазақ балалары. Алайда қазақ сыныптарының саны саусақпен санарлық. Мысалы, мектептегі жалпы 110 сыныптың небәрі 13-і ғана – қазақ сыныптары да, қалған 97-сі – орыс сыныптары. Сонда бұл – бағанағы 2875 қазақ оқушының шамамен 2 жарым мыңы орысша оқиды деген сөз» дейді ол.
Педагог сөзінің жаны бар. Әртүрлі ұлт өкілдерінің ортасы ретінде суретке түсірмек ниетпен фототілші екеуміз орысша оқытатын
1-сыныпқа бас сұққанбыз. Сөйт­сек, сыныптағылардың барлығы түгелдей қазақ балалары екен. Айтпақшы, биыл жаңадан осы мектептің табалдырығын аттаған 450 шәкірттің тек 31-і ғана қазақша оқуды таңдапты. 1-сынып саны 12 болса, соның 11-і – орысша.
Аталған білім ордасының директоры Салтанат Тоғатаева да осы жайтқа алаңдайтынын жеткізді:
– Әдетте бізге баласын әкелерде ата-аналармен міндетті түрде сөйлесемін. Әрине, қазақ балаларының өз ана тілдерінде білім алғанын құп көреміз. Орыс сыныбына беремін деп келген ата-аналарды мүмкіндігінше райларынан қайтаруға тырысамыз, бірақ көбісі көнбейді. Өйткені өздері орыстілді. Балалары да сондай. Ал қазақша білмейтін бала қазақша сыныпта қалай оқиды? Бастауыш сыныпта балалары қазақша оқығанымен, өсе келе орыс сыныбына ауыстырып алатын ата-ана да бар. Ондағы айтатындары – «бағдарлама қиындады, сабағына көмектесейік десек, кітаптарын түсінбейміз, тілі ауыр».

«Орыс тілі – ғылым тілі» немесе орашолақ оқулықтар

Директордың сөзін сол мектептің 1-сыныбында оқитын егіз ұлдар Дамир мен Замирдің анасы Эльмира Отарбаева да растады:
– Мен орыстілдімін, әкесі қазақтілді. Бірақ көбіне-көп балалардың сабағына мен жауаптырақ болғандықтан, ұлдарымызды орыс сыныбына бердік, – дейді ол.
Демек, ата-ананың кемінде біреуі, оның ішінде балалардың сабағына қарайласатыны (көбіне-көп бұл рөл аналардікі екені рас) орыстілді болса, бұл да – жоғарыдағы мәселенің бір себебі.
Кей жағдайларда баласын орыс сыныбына беретін қазақ ата-аналар осы әрекеттері арқылы ұл-қызының қоғамға барынша сіңісіп кеткенін қалайды. Мәселен, Қытайдан көшіп келген қандасымыз Ақытбек Қазыбектің екі ұлы астанадағы қазақ мектебінде оқып жатқанмен, әкелері сөз арасында оларды орысша сыныпқа ауыстырғысы келетінін айтты.
– Біз бұрынғы қазақ болып қалсақ, қазіргі қоғамға сіңісе алмайтын сияқтымыз. Мен балаларымның ғылым жолын қуғанын қалаймын. Ғылымға бет бұрса, оған ақпаратты не ағылшынша, не орысша алуға тура келеді. Қазақша ғылыми материалдар табу өте қиын. Орыс тілі – БҰҰ-ның алты негізгі тілінің бірі. Қысқасы, орысша білсе, «жерде қалмайды», өмір сүру жеңілдейді, – деп санайды ол.
Ал елорда тұрғыны Ажар Айымбетованың сөзі бойынша, қазақтілді оқулықтардың тілі тым күрделі әрі аудармалары түсініксіз болғандықтан оқушылар қиналады.
– 8-сыныпқа дейін қызым қазақ мектебінде оқыды. Химия, физика секілді пәндердің оқулықтарын жаттап оқитын. Өйткені мағынасын түсінбейді. Аудармалары тым қиындатылып берілген. Оны бала қайдан қызығып оқысын? Амал жоқ, орыс мектебіне ауыстырдым, – деді ол.

«Латын әліпбиінен қиналып қалуымыз мүмкін»

Мәселеге қатысты пікір сұрағанымызда, Күлжан Жорабекқызы есімді ата-ана латын қарпінен қиналып қаламыз-ау деген қауіпке бола перзентін орыс сыныбына бергенін айтты:
– Қызым №3 мектеп-гимназияның бастауыш сыныбында оқиды. Жақын жылдары латын әліпбиін оқу бағдарламасына енгізгелі жатыр. Бәлкім, дұрыс та шығар. Бірақ бұл өзгеріс тек қазақ тіліне ғана қатысты екенін естігенімізде, амалсыз қызымызды орыс сыныбына беруді жөн көрдік. Өйткені өзіміздің көз ашқалы үйренгеніміз – кириллица, ал орыс сыныптарында сол әліпби қалады, – деді ол.
Респонденттеріміздің арасында орысша сыныпты менталитеттік тұрғыдан таңдаған ата-аналар да болды. Мәселен, Сәуле Кеулімжаева өзінің 2-сынып оқитын ұлын неге орыс мектебіне бергенін түсіндіре келе:
– Қызым қазақ мектебінде оқиды, өйткені қыз балаға тән ұяңдық, ибалылық деген қасиеттерді сол ортадан ала алады. Ал ұлымызды орыс мектебіне бердік. Бұған өзімнің өмірлік тәжірибемде кездескен адамдар себеп болды. Мен қазір бір банкте жетекшілік қызметте істеймін, сонда байқағаным, қазақша оқыған қазақтілді жігіттерге қарағанда орысша ортадан шыққан жігіттердің еті тірілеу келеді. Ұяңдық деген қасиет жақсы, бірақ ол жоғары қарай өсуге кедергі келтіреді. Мен бұл жерде екі ұлттың бірін екіншісінен артық қоюдан аулақпын. Тек менталитеттеріндегі әлгіндегідей айырмашылық кейде үлкен рөл атқарады, – деді.

P.S: Ата-аналардың ойы осы. Сан түрлі себеп бар. Бұл мәселені алдыңғы нөмірлеріміздің бірінде газетіміздің тілшісі Жадыра Шамұратова да көтерген еді. Мақалаға жазылған пікірлердің ішінде Айгүл Ағабекова атты оқырман мұның барлығы ұлттық идеологияның күшті болмауынан екенін жазыпты. Оның айтуынша, Өзбекстан мектептерінде ұлттық идеология пән ретінде де оқытылады екен. Бәлкім, бізде де осындай шаралар жүйелі түрде жүргізілсе, жоғарыдағы проблеманың жүгін жеңілдетер ме еді… 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды