«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Араб елінің көмегі

0 101

Жаңа оқу жылы қарсаңында астаналық 300 оқушы мектеп формасын сыйға алды. Мұндай қайырымдылық шарасын қалалық әкімдік пен Біріккен Араб Әмірліктері бірлесіп, «Мектепке жол» жобасы аясында жасады.

Әлеуметтік жағынан аз қам­тылған балалар елордалық №84 мектеп-лицейінде жиналды. Оқушыларға киім-кешекті «Алтын адам» фабрикасынан арнайы тапсырыспен тіктіртті.
«Астана – мейірімді қала» бағ­дар­ламасы шеңберінде жүзеге асқан шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса Әл-Джабер қатысты. Әкім орын­басары «Мектепке жол» қайырымдылық шарасын қол­дағаны үшін елші мырзаға ал­ғысын білдірді.
– Осы уақытқа дейін Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктері елшілігімен бірлесіп бірнеше жобаны жүзеге асырды. Солардың бірі – еңселі білім ошағы №84 мектеп-лицей. Осындай игі істер әрі қарай жалғасын таппақ. Екі елдің достығы бұдан да тереңдей береді деген ойдамын. Балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, үздік білім алып, жетістікке жетулеріне тілектеспін, – деді Ермек Аманшаев.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса Әл-Джабер бұл шара қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылғанын айтты. «Бұл жобаға БАӘ мемлекет қай­раткерлері қолдау білдірді. Мұндағы басты мақсат – көмекке мұқтаж қазақстандық балаларға қамқорлық көрсету. Жуырда қамқорлыққа зәру 100 еңбекшіге тігін машинасын табыс еттік. Жетім балалар да біздің назарымызда. Болашақта ана мен балаға қатысты түрлі жобаларды жүзеге асыру ойымызда бар» деді елші мырза оқушыларға сыйлықты табыс ете отырып.
«Күміс алқа» алған көп балалы ана Бақшагүл Балғабайқызы мұндай сыйды қуана-қуана қабылдады. «Мектепке баратын балаларым – 2, 4 және 6-сынып оқушылары. Барлығын киім-кешек пен оқу құралдарымен қамтамасыз ету оңай емес екені белгілі. Сол себепті игі іс атқарған азаматтарға алғыс білдіремін» деді ол.
«Мектепке жол» шарасы бас­талған 10 жылдың ішінде 7 миллиардтан аса қаражат көлемінде еліміздің 2 миллионнан астам балаға көмек көрсетілген.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды