«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әр мектептің өз киімі бола ма?

0 92

 Маусымдық мәселелердің бірі – мектеп формасы. Күні кешеге дейін әр мектеп әртүрлі форма ойлап тауып, оқушылар түрлі шалбарлар мен қысқа юбкалар, алабажақ кеудешелер киіп кеткен еді. Білім және ғылым министрінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын ­талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы шығып, былтыр бұл мәселеге нүкте қойылғандай еді. Ал енді…

Әлеуметтік теңсіздік жойылатын болды деп қуандық. Сөйтіп өткен оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер бірыңғай мектеп формасына көшті.
Министрліктің бұл шешіміне ата-аналар тарапынан қарсылық болған жоқ. Бірі «Биыл киген киімді келесі жылы да киетін болсақ, сапалысын алайық» деп ұрынса, енді бірі «Бір балама сыймай қалса, екіншісі киер» деп дәмеленді. Сөйтіп, үлгісі классикалық, қоңыр көк түсті киімді әр ата-ана өз таңдауымен алды. Бірақ, биыл бұл форма тағы өзгерді. Тамыз басталысымен формаға бас қатырған ата-аналардың қарасы көбейді. Себебі, астаналық кейбір мектептер «өз формаларын» ойлап тауып үлгеріпті.
Редакциямызға хабарласқан ата-аналардың айтуынша, №74 мектеп-гимназиясының басшылығы жылдың соңында ата-аналар комитеттері төрағаларымен кездесу ұйымдастыр­ған. Алайда бұл жиыннан басқа ата-аналардың дені хабарсыз. Сол жиналыстарда мектептің өз форма үлгісі таңдалыныпты. Енді биылғы оқу жылында оқушылар осы формамен келулері керек. Баратын мекенжай да, тігетін тігінші де белгілі. «Әу баста мектеп формасының өзгеруі, оның қымбаттығы, бәрі әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға ғана әсерін тигізеді. Әрине, оған біраз ата-аналар қосылып, қуанып жатыр. Біздің формамыз басқалардан ерекше болады деп. Жағдайы барлар үшін бұл мәселе емес. Ал былтырғы алғандарымызды биыл кие алмасақ, ертең тағы бір жерге көшетін болсақ біз не істейміз?» дейді олар.

Бұл мәселе бойынша, қалалық Білім басқармасына да хабарластық. Олар мектеп басшылығы тарапынан мұндай олқылықтарға жол берілмеуі керектігін алға тартты. «Биылғы оқу жылында да Астанадағы барлық мектеп оқушылары бірыңғай мектеп формасын, яғни, қоңыр көк түсті форма кие­ді. Ешкім ата-анаға «Осындай форма ал» демейді. Әр ата-ана баласына киімді өзі таңдайды. Ең бастысы түсі мен стилі бірдей болуы керек. Ұлдарға арналған мектеп киімінің жиынтығында пиджак, жилет, шалбар, мерекелік ақ көйлек, күнделікті көйлек, тоқыма кеудеше, водолазка бар. Ережеге сай, ең кем дегенде көйлек, жилет пен шалбар болуы тиіс. Қыздарға арналған толық жиынтықта пиджак, жилет, белдемше, классикалық блузка, тоқыма кеудеше, сарафан, водолазка бар. Мектеп формаларын бір-бірінен ажырататын әр білім ошағының өз белгілері болады. Олар пиджакқа және жилетке тігіледі. Мектептер бұл киімдерді құжатта көрсетілген талаптарға сай етіп тігіп беретін мекемені өздері таңдайды» дейді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова.
Ескеретін жағдай, бұл киімдерді балалар киетіндіктен матаның сапасына да мән беру керек. Мектеп формасының матасы ретінде жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Киімнің 75-85 пайызы табиғи маталардан тұруы керек. Оның қыртысын болдырмау мақсатында синтетикалық қоспалардың 15-25 пайызы бар маталар ұсыналады.

             P.S:    Әр мектеп, түсін өзгертпегенімен, түрін өзгертіп, өз дегендерін осылай жасай берсе не болады? Әу баста, қалтаны қақпаудың, әлеуметтік теңсіздікті жоюдың амалымен жасалынған бірыңғай форманың артықшылығы қайда? Әлде мұны да мектеп директорлары өз пайдаларына шешуді көздеп отыр ма? Олай болмаса, неге кез-келген мектепке жарайтын, кез-келген жерден сатып ала алатын форманы кигізе бермейді?
Енді ата-аналар былтырғы киімдерін жинап қойып, биылғы үлгіге амалсыз тапсырыс беруге көшті…
Білім басқармасы қала бойынша өз формаларын ұсынып, бір тауар өндірушіден ғана сатып алуға шақырған білім ошақтары болса, 55-68-53, 55-68-83, 55-68-73 нөмірлеріне хабарласу қажеттігін айтады.

Гүлжан РАХМАН

Гүлмира Шаяхметова, ата-ана:

– Былтыр ғана осы қою көк түсті форманы қуана алдық. Енді биыл бұл формамыз көйлек болып өзгеріп жатыр. Жағасы бар екен. Бір қаланың ішінде бірнеше рет көшіп жүре беретін қазақпыз ғой. Енді баламыз басқа мектепке ауысса бұл киіміміз сөзсіз жарамайды. Ата-аналар комитетінің жиналысы өтіп, сонда мақұлданған жоба дейді. Ол жиналысқа қатысқан бір ата-ана қалайша басқа 30 ата-ананың атынан сөйлей алады? Бірыңғай мектеп формасы дегеніміз осы ма сонда? Министрліктің шешіміне сәйкес, бәрінің сол формада қала бергені дұрыс еді. Мен биыл бұл форманы ала алмаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды