«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақжелең күйдің иесі

0 28

«Астана» концерт залында елордалық филармонияға қарасты «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының V концерттік маусымы әйгілі күйші – композитор Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына арналған «Ақжелең» күй кешімен ашылды.

Осы кешке арнайы қатысқан Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, қазанғаптанушы Еділ Басығараевтың айтуынша, Қазанғап күйшілік пен әншілікті қатар ұстап, терме, жырлар да айтқан. Мұндай деректі күйшінің баласы Боранбай қалдырып кеткен. Жалпы, бірнеше өнерді алып жүру сол заман өнерпаздарына тән болған екен. Жақында жарық көрген «Серпер Ақжелең» кітабында да Қазанғаптың күйлері ән сияқты сөздерімен берілген.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Қазанғаптың мұрасы қазақтың өткені мен бүгінінен сыр тартып, болашағын болжайды. Күйші көне дәуірдегі, өз заманындағы саяси оқиғаларды күйлеріне арқау етті. Мәселен, халық тарихының алмағайып кезеңін «Ноғайлы босқыны» күйімен көрсетіп, өткен ғасырдың он алтыншы жылғы патша жарлығына қарсы «Жұртта қалған», «Окоп» деген күйлерді шығарып, күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп, «Қызыл керуен» деп бебеулейді. Ал «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Көкіл» сияқты күйлерінде өмірдің мәні мен сәнін айтып, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады. Өнер зерттеушілері Қазанғап кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп анықтама береді. Қазанғаптың күйлері халыққа Жәлеке Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Матай Қуантайұлы, Құрманғали Өмірзақов, Нұрқат Қосуақұлы, Медеубай Бақтыбергенұлы сынды шәкірттері арқылы жетті. Академик Ахмет Жұбанов, «тірі Қазанғап» атанған Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Әбділхамит Райымбергенов Қазанғаптың күйлерінің зерттелуі мен насихатталуына үлкен үлес қосты. Ал бұл кеште Қазанғаптың «Шыны аяқ», «Ақжелең», «Жұртта қалған» сынды бірнеше күйімен қатар М.Бердіғұлов­тың, Ш.Қорғанбектің, Е.Құсайыновтың шығармалары шалқыды.

Берік
ШӘМШІКЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды