«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақырын жүріп, анық басқан азамат

0 28

Жиырма жылдан бері Астана тұрғыны болып келе жатқан Айдарбек Ғазизұлы – аса кішіпейіл, үнемі бойын жасырып, сыпайылықпен ғана жүретін қазақтың қарапайым азаматы. Ұзақ жылдар қатар қызмет істегенде оның менменсіген бір қылығы түгіл көтере шыққан дауысын естіген емеспіз. Бірақ кеудесін кере сөйлеу керек болса, біздің замандастарымыздың арасында нақ соның ғана қақы бар. Өйткені ол – өзінің есімін де, елінің атағын да өз саласы бойынша әлемге танытып жүрген үздік суретші. Осы заманғы карикатура өнері бойынша ол – Қазақ аспанындағы ең жарық жұлдыз.

 

Қазіргі карикатура әзіл-қал­жыңды сурет, терең ой тудыратын уытты сатира болса, Айдекең – осы өнердің хас шебері. Оның соңғы жылдардағы жетістіктерін ғана атап өтетін болсақ, 2012 жылы ол Қытайда өткізілген «Алтын панда» конкурсында алтын медаль, 2013 жылы Израильдің Хайфа қаласында болған 20-сыншы халықаралық конкурста арнаулы сыйлық, 2014 жылы Румыния конкурсында бірінші сыйлық, сол жылы Ливан конкурсынан қола медаль, 2015 жылы Қытайда болған анимация мен комикстердің азиялық конкурсында бас жүлде (гран-при), 2016 жылы Италияда болған «Факс әлемге – факс төзімділікке» атты халықаралық конкурста бірінші орын, 2017 жылы тағы да Қытайда болған конкурста халықаралық сыйлық алған. Осылардың әр­қай­сысына кемінде мың адам қатысып, 2-3 мың жұмысын бәй­геге қосқанын ескерсек, қазақ баласының еңбегі солардың арасында адасып қалмай, үнемі алдыңғы орындардан көрініп, жүлделі орындар алуымен қатар үздіктердің каталогтарына еніп отырған. Ол қатысқан барлық конкурстарды атап шығудың өзін газет көлемі көтере алмас еді, сондықтан біз оның тек соңғы жылдардағы жетістіктерін ғана жазып отырмыз. Ал жалпы, ол – 50-ден астам ұлттық, аймақтық және халықаралық конкурстардан жүлде алған адам.

***
Айдарбек Ғазизұлы 1958 жылдың сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Теректібұлақ ауылында дүниеге келген. Жеті жүздей шаңырағы бар бұл ауылда тек қазақтар тұратын.
1965 жылы мектеп табал­ды­рығын аттағанда қалам ұстатып, әріп танытқан алғашқы мұғалімі Бижамал Секенова апайын суретші әлі күнге ұмытпай, еске алып жүреді. Ал бесінші сы­нып­тан бастап жетекшісі бол­ған Уәш Ақаева деген ұстазы­­ның су­­ретшілік өміріне дұрыс жол сілтегенін ешқашан ұмытпайды.
Суретке деген құмарлық оған ерте қонады. Кіндік шешесі Майра деген апайы ауыл белсендісі екен, соның үйіне жаздырып алатын партиялық газет-журналдарының арасында «Ара» журналы да болады. Ондағы теріс қылықтарды әжуалаған суреттер жас баланың жүрегіне жата кетіп, өзі де сондайларды салуға талпынады. Үйіне келген қонақтар дастарқан үстінде әбес қылықтар көрсетсе немесе қылжиып құлап қалса, бала дереу оларды әжуа суретке сала қояды екен. Әсіресе, өзі еркелейтін жезделерін сөйтіп қатырған. Оның бұл қылығынан «сескенген» Айдарбектің үйіне келетін қонақтар басы-бойларын түзу ұстауға тырысыпты… Сондықтан ол ерте бастан «суретші бала» атанады.

Мектепте баланың суретшілік қырларын алғаш танып, үлгі көрсеткен ағасы – сурет пәнінің мұғалімі Байдағұлов Көкен. Алыстағы ауылға сурет өнерінің ұшқындарын жеткізген бұл кісінің көптеген қылықтары жас баланың жадына мәңгі жазылып қалады. Соның ішінде оның «24 түсті бояу қарындаштары бар» деген даңқы қатты әсер етсе, екіншіден, оның аузынан шыққан Алматыдағы Көркемсурет училищесі суретші­лер үшін ең үздік оқу орны деген сөзі де ұмытылмайды.
Сол ағасы сурет салудың алғаш­қы техникаларын үйретіп, пропорция, жарық, форма мен оның көлеңкесі, бояуды қалыңдату сияқты әдістерден хабар береді. Бұрын көзіне көрінген нәрсені ұқсатып сала беруді ғана білетін Айдарбек енді оның түрлі әдіс-тәсілдері барын алғаш рет естіп, өзі де соларды қолдануға тырысады. Баланың ынтасы зор екенін байқаған Көкен ағасы сурет салу жұмыстарында оны өзіне серік етіп алады. Бір өкініштісі, Алматыдағы Гоголь атындағы Көркемсурет училищесінің түлегі болған ол Айдарбекке бір-ақ жыл сабақ беріп, басқа ауылға ауысып кетеді.
Айдарбектің алғашқы суретінің жолы 18 жасында ашылып, сол кездегі «Қазақстан пионері» газетіне 1976 жылғы көктемде жарық көреді. Бірақ Айдарбек бұл суретін балалар газетіне өз атынан жіберуге ұялып, інісінің аты-жөнін көрсетіп жіберген екен. Сөйтіп, Айдарбек Ғазизұлының баспа бетін көрген алғашқы суреті інісі – Мантаев Мүбәрактың атынан шығады.
***
Әскерден кейін Айдарбек Алма­ты­дағы, ол кезде Гоголь, қазір­гі О.Таңсықбаев атындағы Көр­кемсурет училищесіне оқуға түс­пек болады. Біршама қарайып қал­ған басы бір орынға он адамнан бол­ған конкурстан құлап, ауылға қайтады.
Мұндайда оқуға құштарлығы зор болатын балалар осында бір жерге жұмысқа тұрып, ақылы дайындық курсында оқып, келесі жылы тағы тапсыратын. Бірақ Айдарбекке ондай ақыл беретін адам табылмай, Өскеменнен бір-ақ шығады. Осы қаладағы қорғасын-мырыш комбинатында жұмыс істейтін ауылдас жігіттер оны өздерімен бірге қалуға үгіттейді.
Мамандығы жоқ адамға мұнда ең ауыр, бірақ еңбекақысы ең төмен жұмыстар ғана берілетін, Айдарбек те сол жұмыстың бірінің құлағын ұстап, жүкші болып орналасады. Бағына қарай, осы кәсіпорынның Мәдениет үйінде Николай Аштема деген азамат суретшілер үйірмесін жүргізеді екен, Айдарбектің көктен іздегені жерден табылып, соған жазылады. Күнделікті ауыр жұмыстан шаршаса да, алған бетінен қайтпай, аптасына үш рет болатын суретшілер үйірмесіне асыға басып келе жатқан жұқалтаң жігітті сол кездегі өскемендіктер жиі көретін.
Сурет салудан ләззат алатын ол қаламын бір мезгіл де суытпай, түрлі тақырыптағы бейнелерді кескіндей береді. Соның ішінде «Айлы түн» деген бір суреті об­лыстық «Коммунизм туы» газетіне жарияланады. Осыдан әрі бұл газет Айдарбек Ғазизұлының жиі соғатын сүйікті мекеніне айналады. Алғашқы әзіл суреттері де осында басылады. Осы газеттің қызметкері, сол кездегі жас журналист Уәлихан Тоқпатаев алғаш рет сұхбат алып, «Нәзіктік» атты очерк жазып, есімін елге жаяды.

***
Жігіттің аңсаған арманына балаған Алматы көркемсурет училищесінің күндізгі бөліміне тек 30-ға дейінгі жастарды қа­былдайтын. Ал бұл кезде оның жасы – 29-да.
Бұл уақытта республикалық талай басылымдардың бетінде еңбектері жарық көрген Айдарбек бұл жолы қоржыны толық болған соң, оқуға түсуден үміті зор еді. Алайда бұл 1987 жылдың қара күзі болатын. Осыдан жарты жыл бұрын қазақтың аймаңдай аза­маттары орталықтың озбырлы­ғына қарсы шығып, Желтоқсан көте­рілісін жасаған. Бұл оқиға шови­нистік көзқарастары шектен шығып жүргендердің шамына тиіп, қазаққа өшігушілер көп еді. Сондықтан жігіттің көңілі күпті.
Бірақ Айдарбек Ғазизовтың жолын адам емес, Алланың өзі ашқан десек, артық айтқандық емес. Құдай сәтін салып, қара уа­йым болған орыс тілінің диктантынан жігіт сүрінбей өтіп, оқуға қабылданады.
Оқуға түсіп Өскеменге келсе, мұн­да да бір қуанышты жаңалық күтіп тұр екен. Бұрын үй кезегінде үшінші тұрған А.Ғазизовтың ал­дын­дағы екі адам кетіп, осы күзде үй алатын болып, бірінші кезекке шы­ғып қалыпты. Бұл уақытта бір ұл, бір қызы бар оған үш бөлмелі үй берілмек… Ал күндізгі оқуға ке­тіп қалса, үйден қағылары сөзсіз. Алайда көп адамның көп ақылын тыңдамай, Айдарбек оқуға аттанады. Демек, халықтың қолы жылдар бойы жете бермейтін үш бөлмелі үйді ол оқудың жолына құрбан етеді.
Міне, осындай оқиғаларды бас­тан кеше отырып, ол – карикатура Олимпінің биігіне шыққан аз қазақтың бірі. Ал қол жеткізген табыстарын айтсақ, әлі оның алдына түскен ешкім жоқ. 1994 жылы «Дарын» жастар сыйлығын алған. Қазір ол түлеген бүркіттей зар шағына жеткен. Ата жасына шығып отырғанда алар асулары әлі де көп екеніне сенімдіміз.

Жақсыбай САМРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды