«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТТЕР АУҚЫМЫ АРТСЫН

0 4

Осы жылдың алғашқы күнінен бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бірыңғай жәрдемақыға біріктірілді. Осыған байланысты қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген Астанадағы жекелеген санаттарға жататын азаматтарды қалада қатынайтын жолаушылар көлігінде жолақыдан босатуды реттейтін әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.

Бұған қоса, осы іске тікелей жауапты Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының атауы Жұмыс­пен қамту және әлеуметтік қор­ғау басқармасы болып өзгерді. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Артем Әбілдинов қалалық Қоғамдық кеңес отырысында тиісті өзгерістермен таныстырды.
«Астана қалалық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның қаулысына сәйкес біздің басқармаға мүмкіндігі шектеулі балаларды алып жүретін адамдарға қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге мүмкіндік жасау мәселесін зерттеу ұсынылды. Осыған орай, соның ішінде мүгедек
баланың әкесіне немесе анасына (қамқоршысына) тегін жүру құқығын беру ұсынылады» деді баяндамашы.
Оның айтуынша, қалалық бағ­дарларда көп балалы аналардың тегін жүру құқығы сақталады. Ол үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлудің қажеті жоқ. Өтем­­ақы ретінде бөлініп отырған 1 млрд 300 млн теңге толығымен жетеді. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жан­ғозиннің сөзінше, аталмыш бас­қармаға ата-аналардан балабақшаға баратын балаларға ақылы негізде қосымша қызметтер ұсыну туралы тілек түскен. Отырыста қаралған екінші мәселе осы жөнінде болды.
«Біз ата-аналармен бірнеше рет кездесу өткіздік. Нақты қандай қызметтер қажет, бағасы қандай болуы керек, соның бәрін есептеп шығардық. Қорытындысында тиісті жобаны әзірледік. Бұл жобаға тегін көрсетілетін қызметтердің стан­дартына кірмейтін қосымша ақылы қызметтер енгізілді. Қазір көп бала жекеменшік орталықтарға баруға мәжбүр. Ата-аналарға бұл тиімді бола бермейді. Біз мектепалды мекемелердің базасында қосымша ақылы қызметтерді ұсынуды бастамақпыз. Олардың бағасы да қолжетімді болады. Бұл жоба балабақшаларға да пайда әкеледі. Сол арқылы қосымша қаржы түсіп, балабақша қызметкерлеріне, тәрбиешілерге жалақыны өсіруге мүмкіндік туады» деді басқарма басшысы.
Жақында «Арман» лагері және балалар-жасөспірімдер туризмі мен өлкетану орталығы біріктірілді. Осыны жеткізген Ә.Жанғозин аталмыш орталық­тың көрсететін қызметтері көбейгенін, яғни балалар енді жыл бойы жұмыс істейтін «Арман» лагеріне баруға мүмкіндік алғанын айтты. Онда да қосымша ақылы қызметтер көрсетіледі. «Бұл заңға қайшы келмейді, тағы ата-аналардың тілегінен туындап отыр» деді ол.
Бәсекелестікті реттейтін заң бойынша қазыналық кәсіпорын­дардың қызмет көрсету аясы шектеулі. Осыны баяндамашының қаперіне салған Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин тиісті жобаны монополияға қарсы орган мақұлдағанын-мақұлдамағанын сұрады. Басқарма басшысы өз тарапынан аталмыш органмен келісілгенін жеткізді. Отырыста осы жоба да бірауыздан мақұлданды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + 7 =