«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақылы автотұрақтың артықшылығы неде?

0 52

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 10 мың ақылы автотұрақ іске қосылады. Дені сол жағалаудағы Қонаев, Достық көшелері мен оң жағалаудағы Кенесары, Бейбітшілік, Сейфуллин, Желтоқсан, Жеңіс көшелерінде болатын бұл ақылы автотұрақтар көліктердің жол бойында бей-берекет қойылуының алдын алып, «Нұржол» желекжолын жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз етуге септігін тигізеді.

Елордада 2018 жылы 15 қаңтардан бас­тап ақылы авто­тұрақтар іске қосылды. Содан бері жарты миллионнан астам жүргізуші пайдаланып, қала бюджетіне 20 млн теңге мөлшерінде кіріс кірген. Тұрақ ережесін бұзғаны үшін төленген айыппұлдан түскен қаржы да аз емес.
Алайда бас қалада ақылы автотұрақтар пайда болғанына бір жылдан асса да, тұрғындардың оны пайдалану мөлшері әлі де төмен. Атап айтқанда, қазіргі уақытқа дейін ақылы тұрақты пайдаланатындардың көрсеткіші барлық жүргізушілердің 15 пайызына жеткен. Көрсеткіштің мұндай төмен болуындағы бас­ты себеп қала тұрғындары мен қонақтарында ақылы тұрақтарды пайдалану мәдениеті мен ақылы автотұраққа болған танымының төмендігі деп айтуға болады. Сонымен қатар, паркомат арқылы ақша төлеуді әуре көретін тұрғындар да жоқ емес.
Шетелмен және бүгінгі нарық бағасымен салыстырғанда елордадағы ақылы автотұрақтардың бағасы тым қымбат та емес. Сағатына – 100 теңге. Дей тұрғанмен бұл баға көлікті бір орынға қойса, бір күн қозғамайтын әдет қалыптастырған жүргіншілер үшін тиімсіз екені шындық. Осы мәселелерге байланысты бас қалада көлік жүргізушілеріне тиімділік жасау мақсатында абонементтер ұсыну жобасы да ойластырылып жатыр. Болашақта шетелдің озық тәжірибелерін пайдаланып, ақылы автотұрақтардың төлемін төлеудің ең оңай, ең қолайлы жолдары да ұсынылуы мүмкін.

Тиімділігі қандай?

Әлемде ақылы автотұрақтың қолданысқа енгеніне 80 жылдай болған екен. Ең алдымен АҚШ-тан басталған бұл үрдіс әлем елдерінде өте тез қалыптасты. Себебі бұл көлік жүргізушілерінің көлік қоятын орын таппай, уақытын ысырап қылуының алдын алса, екінші жағынан, көлікті бей-берекет қоятын жүргізушілерді барынша тәртіпке шақырады.
Ал ірі қалалар үшін төмендегідей 3 үлкен тиімділігін атауға болады:

Жол кептелісін азайтады

Қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жоғарылауына сай, отбасы сайын жеңіл машина жалпыласты. Кейбір отбасыларда 2-3 көліктен бар. Көліктің күрт көбеюі қаладағы көлік қозғалысы ағынын арт­тыр­ды да, кептеліс мәселесі келелі тақырыпқа айналды. Сонымен, дамыған елдер жолдарды кеңейту, қосқабат көпірлі жолдар жасау, біржақты қозғалыс орнату сияқты түзімдермен қатар, қала орталықтарында, сауда орталықтарының төңірегіндегі автотұрақтарда ақы алу түзімін атқарды. Бұл әдіс те машина ағынын азайтып, қала орталығының қысымын сейілтуге үлкен септігін тигізді.

Әлеуметтік тәртіпті күшейтеді

Дәстүрлі көлік тұрағы тұрғындар үшін пайдалы болғанымен, тұрақтың тазалығын, тәртібін сақтау тұрғысынан кемшілігі көп. Ал автотұрақ үшін алынған төлемдер қаладағы автотұрақтарды көбейту, қуатын арттыру сияқты инфрақұрылымдарды кемелдендіруге жұмсалады.

Қала кірісін көбейтеді

Пайдалану жиілігі тұрғысынан алғанда, тегін тұрақтардың айналысы өте ақырын. Яғни көлік иелері өз қалтасынан шығын шықпағаннан кейін тегін тұраққа қойған көлігін қозғауға асықпайды да, тұрақтың пайдалану жиілігін төмендетеді. Ал ақылы тұрақтар жүргіншілердің ақылы автотұрақтан пайдалану айналымын арттырып қана қоймай, қала бюджетіне де үлкен сүйеу.

Шетелде қалай?

Жапонияда:
Ақылы автотұрақтар 15 минут бойынша ақы алатын Токиода алдын ала төленген карталар мен айлық билеттерді пайдаланса, машина қою ақысын төлегенде жеңілдік жасалады. Оның үстіне, күндізгі және түнгі ақыда айырмашылық бар. Күндіз (таңғы 8-ден 22-ге де­йін) ақылы автотұрақтарда 100 жапон иеніне 15 минут машина қоюға болса, түнде бұл ақшаға бір сағат тоқтауға болады. Жапонияда уақытқа қатты құрмет етеді. Сосын да көп орындарда 15 минут бойынша ақы алады. Бұл көлік иесінің жұмысты тез бітіруіне түрткі болып қана қоймай, автотұрақ айналысын тездетіп, бір орынды көп адамның пайдалануына мүмкіндік тудырады. Жапонияда жол шетіне беталды көлік қоюдың алдын алу үшін көпірлердің астына автотұрақтар салған. Бұл арада көлікпен жарты сағат тегін тоқтауға болады.

АҚШ-та:
Нью-Йоркте машина қою орнына интернет арқылы алдын ала тапсырыс беруге болады. Қаладағы әрқандай автотұрақтың мекенжайы, бағасы және қанша орын – барлығын интернет арқылы білуге болады. Жүргіншілер жолға шығудан бұрын бағасы лайықты, жұмыс бітіретін орнына жақын маңдағы автотұрақты таңдағаннан кейін уақытын белгілеп қоя­ды да, барған кезде еш ойланбастан көлігін қалдырып кетеді. Бұл қалада автотұрақ ақысын төлеп болған соң, бес минут ішінде орынды босатып, кетіп болуы шарт, егер уақытты созып, жүріп алса, онда айыппұл төлейді. Нью-Йоркте мүмкін бар қала орталығына көлік айдап бармауға тырысады, себебі қала орталығында автотұрақ ақысы өте қымбат. Сосын да қала тұрғындары қала орталығына әлеуметтік көлікпен баруға әдеттенген.

Ұлыбританияда:
Лондонда автотұрақ ақысы SMS арқылы төленеді. Лондонда көлік тұрақ ақысы жоғары, әсіресе қала орталығында зәрден қымбат. Бірақ Лондонда гүлденген аумақтар мен тұрғындар тұрағы маңындағы автотұрақтардың бағасы қымбат. Сосын да көлік иелері өзі тұратын маңнан автокөлік орнын ұзақ уақытқа жалға алады, оның жылдық ақысы – 100 фунт стерлинг. 2008 жылдан бастап Ұлыбритания автотұрақ қызметі телефон желісін іске қос­ты. Көлік иелері телефонмен және SMS арқылы тұрақ ақысын төлейді.

Қытайда:
Бейжіңде жеке көлікпен жүру де, оны қою да қиын. Жолдағы кептелістің көптігінен күн бұрын жолға шықпасаңыз, көзеулі жерге уақытында жете алмайсыз. Кептелісті азайту үшін Бейжің қала орталығындағы автотұрақтардың ақы алу өлшемін жоғарылатты. Қытайда әуежай, қала орталығы сияқты көлік шоғыры көп орындарда автотұрақ ақысы өте қымбат. Сағаты 6 юаннан (330 теңге) басталатын бұл орындарда бірер тәулік машина қойып, 150 мың теңге ақша төлегендер де бар. Қытайда автокөлік қою­ға болатын орындардың бәрі ақылы. Қала бюджетін молайту үшін ақылы автотұрақтарды молайтып, оны жеке секторға да береді. Олар түскен пайданың бір бөлігін үкіметке тапсырып, бір бөлігін өздері алады. Қытай соңғы кездері ірі қалаларда көлік кептелісін азайту және қала тазалығын қорғау үшін автокөліктерді тақ, жұп нөмірлер бойынша жүргізу түзімін атқара бастады. Мәселен, көлік нөмірінің соңы жұп болса – аптаның жұп күндері, тақ болса – тек тақ күндері ғана жүреді. Бұл түзімнің өзіндік рөлі көрнекті болғанымен, кептеліс мәселесін түбегейлі шеше алған жоқ. Сосын да Қытайдың ірі қалаларында жеңіл машина сатып алу оңай, көлік нөмірін алу күн сайын қиындап барады.

P.S.  Ақылы автотұрақтарды көбейту тұрғындардың қалтасына салмақ салғанымен, қаланың дамуына, көлік қозғалысының реттелуіне оң серпін береді. Ең маңыздысы, қала қазынасына сүйеу болып қана қоймай, ақылы автотұрақтардың қызмет өтеу сапасын жоғарылатады. Сондықтан бұған «Үкіметтің халықтан ебін тауып ақша алатын тәсілі» деп кері толғамай, ірі қалалардың үрдісі ретінде қараған дұрыс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды