«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақылы автотұрақтар ашылады

0 86

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында ақылы көлік тұрақтары мәселесі қаралды.

– Жоба кезең-кезеңмен ен­­гізіледі. Бірінші кезеңде сол жағалауда көлік қоятын 910 орын қамтылады. Біздің мін­­детіміз жобаның жұмыс істеу қабілеттілігін және оны одан әрі жүзеге асыру үшін қа­жетті барлық техникалық көр­сет­кіштерді анықтау болып табы­лады. Ақылы тұрақ – ақша өндіріп алу құралы емес, бұл көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтудың бір жолы, – деді қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов.
Қазіргі кезде ақылы тұрақты пайдаланғаны үшін базалық тарифті бекіту туралы қаулы әзірленіп жатыр. Есептеулер бойынша ол 182 теңгені құрауы тиіс, бірақ әлеуметтік маңыздылығын ескере келе, сағатына 150 теңгеден белгілеу ұсынылып отыр. Мүгедектігі бар адамдар тұрақты тегін пайдаланады.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңес отырысы барысында елордаға кіруді ақылы ету мүм­кіндігі қаралды.
– Бүгінгі таңда қалада тәу­лігіне 400 мыңға жуық көлік тіркеледі, сондай-ақ, елордаға алты бағыттан тәулігіне 74 мыңға жуық көлік келеді, бұл көлік қою жағдайларын қиын­датып, көлік кептелістерін және т.б. жағдайларды туды­рады. Трафикті ең тиімді шек­теудің жолдарының бірі қа­лаға кіруді ақылы ету болып табылады. Біз қала аума­ғында көшелердің белгілі бір учас­келерін ақылы қылуды ұсына­мыз, – деді Е.Сүлейменов.
Нақты қай учаскелердің ақылы болатыны әзірге белгісіз. Қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселеге қатысты көп ескерту жасап, сөгіс айтты. Осыған байланысты ақылы тұрақтар жобасы бойынша Қосымша құжаттар, түсіндірмелер, сыз­балар сұратып, мәселені Қо­ғамдық кеңестің келесі отырысында қарау туралы шешім қабылданды. Қалаға кіруді ақылы ету бойынша ешқандай қо­рытынды шығарылған жоқ.
Е.Сүлейменов сондай-ақ, Астанадағы жолаушылар көлі­гінің жұмысы туралы ақпа­ратпен таныстырды.
– Қазіргі кезде 86 қалалық маршруттың 64-і шығынды болып келеді, 90 теңгелік тариф 2014 жылы енгізілген, сәйкесінше, екі жылда эконо­микалық жағдай өзгерді. Сон­дықтан тарифті көтермеу үшін субсидиялау керек, – деді ол.
Қоғамдық кеңес мүшелері субсидиялауды қолдады. Алдағы екі жылда қоғамдық көлік­пен жүру тарифін бұрынғы дең­гейде 90 теңге мөлшерінде қал­дыру жоспарланған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды