«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақылдысың, бірақ неге бай емессің?

0 528

Бір жолы жазушы ағамыз «кедейлік – байлық екен. Адам кедей болған сайын көңілі тыныштық таппай, бірдеңеге ұмтылады екен-дағы, солай тыраштанып, жол тауып шығам деп жүріп, өсіп-жетіледі екен. Көп ойланып, сұрағына жауап іздейді екен. Сөйтіп жүріп, адамдық биігіне көтеріліп, рухани байып шыға келеді» дегені бар еді…
Алайда, көп жағдайда бай адам­дар қоғамда тез көзге түседі. Ал рухани дүниесі бай адамдар құлыптаулы тұрған сандық тәрізді. Кілтін тауып ашқанға ғана ішіндегі жауһарын шашады.
Өкініштісі, қазіргі кезде құлыптаулы сандықтан гөрі, жастар көз алдында дайын, жарқырап тұрған, тез қол жететін нәрселерге қол созатын тәрізді…
Ал байлық қайдан келеді? Қандай адамдар бай болады?
Білімді, ақылды адамдардың бәрі неге бай емес?
Өз саласы бойынша аты озып, жетістікке жетіп жүрген замандастарымыздың біразын сөзге тартып көрдік.

Тимур БЕКТҰР, сарапшы

– «Ақылдысың, бірақ неге бай емессің?» дейсіз бе?
Білесіз бе, дәл осы сөзді алғаш естігенде менің сана-сезімім төңкеріліп түскен болатын. Бала кезден, бірінші сыныптан университет бітіргенше, одан қазірге дейін үй тұрғызуға болатын алғыс хат, диплом, толассыз мақтау естіп келген адам ретінде, ең алғаш рет демде жа­уап бере алмай тосылып қалған сұрағым еді. Ол ол ма, ешқандай зілсіз, ешқандай мінсіз, ешқандай сынсыз, жәй тек сөз арасында сыныптасым екеуміз бір мәселелерге қатысты сөйлесіп отырғанда айтылып қалған осы тәмсіл біраз уақыт ойымнан кетпей жүрді. Тіпті, менің корпоративтік сектордан бас тартып, өзімнің жеке кәсіп ашып кетуіме мұрындық болған бірнеше факторлардың бірі де осы сөз болатын. «Ақылдысың, бірақ неге бай емессің?» Сұмдық сөз, ә?
Арада 4-5 жыл өткесін барып, былтыр ғана осы сұрақтың төркініне жеткендей болдым. Ең бастысы, өзім үшін жауап тапқандаймын. Сөйтсем, бұл деген барып тұрған нақұрыс сөз екен. Орысша «установка» дейміз ғой. Кәдімгі адамның миына шабуыл жасауға арналған сөз екен. Шындығында, бұл ақылды мен қалталыны теңестіру үшін бәлкім, тебістіру үшін ойлап табылған көрінеді. Бұл деген анау адамзат баласының уайым-қайғысыз өмірі үшін қызық өмір көрместен, таңның атысы, күннің батысы зертханада жұмыс жасап жатқан ғалымдарды, жас ұрпақты тәрбиелеумен белі бүгілген ұстаздарды, тәніне шипа іздегендердің көз жасын сүрткен дәрігерлерді, елдің ішінде хаос боп кетпеуін мақсат еткен заңгерді, ешкімнің ақылына кіріп-шықпайтын әдемі шешімді ұсынып жүрген инженерді, сол секілді тағысын тағы ақылмен жұмыс жасайтын, мидың жемісін пайдаланатын маман иелерін ренжітетін сұрақ екен. Неліктен?
Өзіңіз ойлап қараңызшы, «Сананы тұрмыс билей ме?» Егер «Иә» десек, онда адамның, қоғамның игілігі үшін, біртұтас­тығы үшін, мемлекет үшін ақ адал еңбек етіп жүргеннің барлығы бір күнде жұмыс­тарын тастап, қарақан басы, тойған қарны үшін жұмыс іздеп кетуін ақтап аламыз. «Жоқ» десек ше? Сананы ақыл билеген боп шықпай ма? Ендеше, саналы түрде қалтаның қамын емес, өзі тұратын елдің, қоғамының, мемлекетінің өсіп-өркендеуіне, дамуына титтей де болса септігін тигізіп, қалтасының тесіктігіне қарамай еңбек етіп жатқан адамдарға келіп осындай сөз айту – дұрыс болар ма еді?
Адамзат баласының тарихында Сүлеймен (ғ.с.) Пайғамбардың ғана байлығы мен ақылы сай болған. Ал пайғамбарлардың соңы – Мұхаммед (с.ғ.с.) байлықтан саналы түрде бас тартқан. Демек, қалған байлардың ақылы тиісті деңгейде емес және ақылдылар да соншалықты бай емес. Әркімнің деңгей-дәрежесі әртүрлі.
Бәрібір бұл сұрақты маған қоюшылар толастамады. Сондықтан, мен мұны одан әрі де індете түстім. Сөйт­сем, адамның ойлау жүйесіне тікелей қатысты екен. Яғни, әлеуметтік мәселеге, қоғамның дамуына қатты мән беріп, байлыққа «өлмесем болды, бүгін ішетін асым табылса болды» деп қарайтындар болады. Сондай-ақ, бар ойлағаны мен уайымы – ақшаға кенелуді көздейтін адамдар болады. Исламда «Амалдар ниетке байланысты» деген хадис бар. Мағынасы, кім алдына қандай мақсат қойса, соған жетеді. Байқасаңыз, көп ақылдылар ақша табуды, байлыққа жетуді ешқашан мұрат етпеген. Тіпті кейбір ғалымдар шешкен есебі мен тапқан жаңалығына берілетін сыйақыларды қайырымдылыққа таратып беретін кездер де көптеп кездеседі. Ал соны өзінде қалдырса, әп-сәтте бай болар еді, миллионер болар еді.
Өзіме бұл сұрақтың жауабын осылай тапсам да «Ақылдысың, бірақ неге бай емессің?» дегенді тағы да қойдым жақында. Сөйттім де «ақыл деген не, байлық деген не?» дегенге жауап беруге тырыстым. Ақыл деген – IQ, байлық деген – шотыңыздағы сома. Ал шотында миллиондар жатқан адамдардың барлығы асып-тасып бара жатқан IQ-мен ерекшеленбейді. Сондай-ақ, IQ-і өте жоғары адамдардың басым көпшілігі кедей. Демек, ақылды адам бай болуы, бай адамның ақылды болуы ешқандай да шарт емес. Барлығы адамның өзіне, қалауына, ойлау деңгейіне, өмірлік ұстанымына, әу бастағы тіршілігіне байланысты.
«Ақылдысың, бірақ неге бай емессің?». Ешқашан ақша табуды бірінші орынға қойған емеспін. Менің жауабым – осы.

Қанат Әуесбайұлы, журналист

Бұл сұраққа менен бұрын да талай адам жауап бергенін білемін. Ол пікірлермен келісемін. Ақша мен білімді болу үнемі сабақтас жүретін ұғымдар емес. Яғни, бай болу білімді болуды қажет қылса да, білімді болу бай болуды қажет қылмауы мүмкін. Өйткені бай болу көп жағдайда білімді болудан бөлек, арсыздау болумен қатар жүреді. Яғни, олар «пайдакүнемдік мақсатқа жету үшін барлық айла-
шарғы өзін ақтайды» дейтін қағидаға сүйенеді. Әлгі орысша айтатын «цель оправдывает средства» дейтіннің нақ өзі. Ал менің ұғымымда білімділік – ол зиялылық, парасаттылық. Зиялы адам үшін материалдық құндылық өзіндік мақсат емес. Олар үшін рухани құндылық маңызды. Білімділік осы тұрғыдан алғанда – зиялылық. Олар үшін арсыздыққа бару өзін өлтірумен бірдей. Мен бір таптаурын пікір білдірген шығармын. Шыным осы. Ешқашан күреп ақша табу өзіндік мақсатым болған емес. Маслоу пирамидасы бойынша, адамға қажетті құндылықтың дені менің бойымда бар деп ойлаймын. Соны ынсап етемін.

Өркен КЕНЖЕБЕК, блогер

– Бұл сұраққа түрлі ракурстан жауап беруге болады. Ислам тұрғысынан алсақ, әркімнің бұл өмірдегі ырзығы өлшенген дер едім. Ақыл тұрғысынан алсам, өзі мал іздеу мен білім іздеу бір бағыт емес. Білім деген академиялық ақпарат. Байлық деген мал жинауға арналған ақпарат. Егер білімдінің барлығы бай болу керек болса, онда мектептердегі, университеттердегі, ғылыми зерттеу институттарындағы ғалымдар бай болар еді. Бірақ олар малдың ізіне түсу мен білімнің соңына түсудің айырмашылығын біледі.
Айтпақшы, «білімді болсаң, неге бай емессің» дегенге «байсың, неге білімсізсің?» деп жауап беруге де болады. Сосын бізде бай болу дегенді міндетті түрде кәсіпкер болу деп түсінеді. Кәсіпке ебі жоқ болса да, жандарын қинап жатады. Жоқ. Сен жақсы маман болып, сол біліктілігіне сай ақысын алып та, бизнесменнен артық өмір сүре аласың. Былайша айтқанда, бай бола аласың, сондықтан, мен үшін байлық деген бұл өзіңнің қазіргі білім және біліктілік деңгейіне сәйкес лайықты ақы алу, істің көзін табу дер едім. Ал ол үшін өзіңді еңбек нарығында жақсылап сата алуың керек.

дайындаған Нәзира Сайлауқызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды