«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Ақылды қалалар» алға ұмтылады

0 87

 Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында  биылғы жылу беру маусымының барысы, «ЭКСПО-2017» көрсетілген технологияларды енгізу, «Ақылды қалалар» жобаларын іске асыру, валютаны реттеу мен валютаны бақылау туралы заңнаманы жетілдіру, Үкіметтің 2017 жылғы заң жобаларының орындалуы мен 2018 жылғы жоспары мәселелері қаралды.

Отырыста Қазақстанда «Ақылды қалалар» жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев хабарлама жасады. Ол өз сөзінде Smart City тұжырымдамасы қалалық қызметтің барлық түрлерінің тиімділігін арттыруға бағытталатынын атап көрсетті.

– Smart City миссиясының негізі – адам және оның қажеттіліктері. «Ақылды қаланың» негізгі сипаттамасы – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және қоршаған ортаға зиянды төмендету, – деді министр. – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі еліміздің бес ірі қаласында – Smart Astana, Smart Karagandy, Smart Ontystuk, Smart Almaty, Smart Aktobe секілді Smart City-ді дамыту болатын.

Дәурен Абаевтың атап көрсеткеніндей, аталған жобаларды орындаудың негізгі тұлғалары өңірлер әкімдіктері болмақ. Осы орайда «ақылды қаланы» дамыту тұрғысынан олардың жұмысының негізгі басымдықтары өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, электронды түрдегі мемлекеттік қызметтердің үлесін ұлғайту, Қазақстан аймақтарының Smart сity халықаралық рейтингтеріне кіруі, Smart city тұжырымдамасына сәйкес бастамалық жобаларды іске асыру, G2G, B2B және G2B сегменттерінде қағазсыз өзара әрекеттестікті ынталандыру екені айқындалды.

Министр мемлекеттік бағдарлама аясында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті. Онда интернет заттар, жасанды зерде секілді алдыңғы қатарлы технологияларды қолданатын жобалардың тізімі келтірілген. Сондай-ақ, құжат Smart City технологияларын енгізудің негізгі қағидаларын, тәсілдерін, мақсаттарын, басымдықтары мен міндеттерін анықтайды.

– Жобалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік, ақпараттандырудың сервистік моделі, бюджеттік қаржыландыру және жеке инвестициялар шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, жобаларды бенчмаркингті пайдалану, яғни үздік әлемдік және отандық тәжірибеге бағдарлау жасау арқылы жүзеге асыру жоспарланған, – деді Дәурен Абаев.

Қазақстанда Smart City саласындағы ұлттық стандарттар халықаралық стандарттарға сүйене отырып әзірленген. Олар энергия үнемдеу, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық шешімдер арқылы қаланы бір орталықтан басқару процестерінің түбегейлі жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Ол қауіпсіздік пен қызмет көрсетудің жоғары деңгейін де қамтамасыз етеді.

Хабарламашы Smart City-ді енгізу деңгейіне байланысты қалаларды бағалау жұмыстарын жүргізуді ұсынатынын атап өтті. Соның нəтижесінде бағалаудың тиісті шкаласы бар кесте түріндегі дәрежесінің картасы жасалды. Әр салаға стандарттардың индикаторлары мен көрсеткіштеріне сәйкес негізделген баға белгіленеді.

Отырыста Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Smart City жобасын енгізудің аймақтық тәжірибесі және оны іске асыру жағдайы туралы қысқаша хабарлама жасады.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды