«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақылды иттер көмегі

0 25

Тәртіпке үйретілген ақылды иттер кеден бекеттерінде, сол сияқты әскерилермен және полицейлермен бірге қоғамдық тәртіпті күзетіп, арнайы қызмет атқарады.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің кинология­лық орталығындағы осындай «жасақтың» дайындығын көріп қайттық. Полиция подполковнигі Ерік Сәдуақасов басқаратын бұл орталықтағы төрт аяқтылардың ең жасы 2-де болса, ең үлкені – 8-де. Жалпы, иттер 9-10 жасқа дейін қыз­мет етуге қауқарлы көрінеді. Өйткені кәрі иттер көбірек демалғысы келіп, міндетін дұрыс атқармайды. Сондықтан олар 10 жастан соң қызметтен босатылады. Кинологиялық орталықтағы иттердің көбі – неміс және бельгиялық овчаркалардың тұқымдары.
– Неміс овчаркалары көбіне тапсырманы ғана орындап, артық жүріс жасағысы келмейді. Бос уақытында қасыңда тұра береді. Ал бельгия­лық овчаркалар, керісінше, көп жүруге бейімделген. Олар неміс овчаркалары бір рет айналып өткен аумақты екі рет жүгіріп шығады. Осы жағы жарылыс заттарын немесе есірткі сияқты зиянды заттарды іздегенде тиімді. Сол сияқты ұзақ уақыт болатын шараға шыққанда да бельгия­лық овчаркаларды алып шығамыз. Өйткені олар көпке дейін шаршамайды, – дейді инспектор-кинолог, полиция аға лейтенанты Дамир Жұмажанов.
Мұнда Дамирге тиесілі бельгиялық екі овчарка бар. Оның бірі – Барон, екіншісі – Скай-­Ади. Скай-Адидің жасы 3-те. Дамир оны 7 айынан тәрбиелепті. 3 айдан соң қызметтік тапсырмаларға алып шыға бас­таған. Инспектор-кинолог­тың Скай-Адимен жүргізген дайындық барысын тамашаладық. Полицейлердің төрт аяқты се­рігі алаңды жүгіріп, түрлі өткелдерден секіріп, тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты.
– Әрбір иттің сүйікті ойыншығы болады. Мысалы, кейбірі кішкентай допты жақсы көреді, енді бірі шұжық түріндегі ойыншықты ұнатады. Сондай ойыншықтарға жарылыс заттардың немесе есірткінің иісін мүңкітіп қоямыз да, сол иіске барынша үйретеміз. Содан соң жасырып қойсақ, иттер сол иіс бойын­ша сүйік­ті ойыншықтарын іздеп тауып алады. Қыз­мет барысында да олар өздерін ойнап жүргендей сезінеді. Яғни ойыншығын іздегендей зиян­ды заттардың бар-­жоғын тінтіп шы­ғады, – дейді инспектор-кинолог.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды