«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АҚТҚ туралы білесіз бе?

Елордалық студенттер арасында сауалнама жүргізілді

0 40

Соңғы жылдардағы деректерге сүйенсек, елімізде АҚТВ инфекция жағдайының жалпы саны 2800-ден асқан. Бұл туралы ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталығы мәлім етті.

Кейінгі жылдары Қазақстанда АҚТҚ-ның алдын алу күшейтілген. 2010 жылы Елбасы да өзінің Жолдауында аталған инфекцияның таралуын азайту керектігі туралы құзырлы органдарға тапсырма берген болатын.

Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының жетекші университеттерінің арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама мақсаты – жастардың АҚТҚ инфекциясы туралы ақпараттандыру деңгейін зерттеу. Зерттеудің негізгі әдісі – студенттердің сауалнама барысында анықталған мәліметтердің статистикалық талдануы. Бұл тұрғыда алғашқы білім деңгейін зерттеу үшін 14 сұрақтан тұратын сауалнама жасалды. Сауалдар АҚТҚ-ның берілу жолдары мен көздері, қауіп топтары, алдын алу әдістері, төтенше жағдайлар және ұйымдастыру мәселелері бойынша мағыналық блоктарға бөлінді.

Жалпы, аталған шараға 17-25 жас аралығындағы 871 студент қатысып, анонимді сауалнама жазбаша түрде жүргізілді. Нәтижесінде талдау жұмыстары студенттердің АҚТҚ-жұқпасы туралы білім деңгейінің қанағаттанарлықсыз екенін көрсетті.

505 респондент аурудың емі жоқ әрі қауіпті екенінен хабардар болып шықты. Бірақ олардың 328-і бұл аурудың сыртқы белгілерінен қауіп жоқ деп санайды екен. Ал 30 студент қауіптің себебі инфекцияның ауа арқылы берілуінде деп жауап берді. Қалған 8-і бұл дертпен тек нашақорлар ғана ауырады деген қате жауап қайтарған.

Жалпы, АҚТҚ инфекциясы туралы барлық сұраққа респонденттердің тек 13 пайызы ғана дұрыс жауап бере алды. Бұл тұрғындардың АҚТҚ инфекциясы және оның таралу жолдары жайлы ақпараттан хабарсыз екендіктерін көрсетеді.

Жұртшылықтың көпшілігі, яғни 88,4 пайызы сырттай дені сау адамның АҚТҚ инфекциясымен ауыруы мүмкін екенін біледі. Ал АҚТҚ-ның берілу қаупін азайту туралы ақпаратқа келер болсақ, басым көпшілігі (70,8%) аурудан қорғаудағы мүшеқаптың рөлі туралы түсінікке ие. Олардың жартысынан көбі тұрақты жыныстық серіктес инфекциядан қорғай алады деп санайды. Сонымен қатар адамдардың көбі зарарсыздандырылған, бір рет пайдаланылатын құралдар қауіпті азайтады деп ойлайды.

Алайда АҚТҚ жұқпасының таралуын болдырмауға және халықтың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған жүйелі шаралар болмаған жағдайда инфекцияның таралу динамикасы сақталуы мүмкін. Осыған байланысты АҚТҚ мәселесі бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстары, оның ішінде ауқымды коммуникациялық компаниялар, жедел тестілеу, бұқаралық науқандар, тестілеуге дейінгі және кейінгі кеңестер, конференциялар, ұйымдастырылған топтар арасында өткізілетін тәрбиелік жұмыстар ерекше маңызды болып табылады.

Сауалнамада белгілі болғандай, респонденттердің 25 пайызы АҚТҚ жұқтырған адамдардан қорқады және олардың оқу орындарына баруға қауіптенеді. Бұл осы топтың адамдарының дискриминациясын көрсетеді. Оның себебі қайтадан берілу жолдар туралы ақпараттың аздығы.

Д. Калиханова, Г.Кусаинова,
«Астана Медицина Университеті»
«Микробиология, вирусология
және иммунология»
кафедрасының студенттері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды