«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақтоғайда алғаш рет Алаш көсемінің музейі ашылады

0 282

Сүйінші халайық! 15 маусым күні Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының орталығы – Ақтоғай кентіндегі орта мектепте Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның музейі ашылады.

Бұл игілікті шараның екі ерекшелігі бар. Біріншісі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» қозғалысының жетекшісі, «Алашорда» үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірі мен қызметіне арналған музей кіндік қаны тамған туған жерінде алғаш рет ашылғалы отыр.
Екіншісі – бұл ізгі шара азаматтық бастамадан туындаған. Алғашқы музей Ә. Бөкейхан атындағы мектепті 1984 жылы (ол кезде М. Горкий атында болатын) бітірген түлектердің қаржылай көмегімен жасақталып отыр. Музей Алаш көсемінің өмірін кезең-кезеңмен қамтитын тарихи фотосуреттердің көшірмелерімен безендіріледі және Әлихан Бөкейханның көптомдық еңбектері мен оған қатысты жызалған кітаптар, т.б заттар қойылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты – ұлт көсемі Әлекеңнің есімін ұлықтау, өмірі мен қызметін, шығармашылығын өскелең ұрпаққа үлгі ету, патриотизмді, отансүйгіштік сезімді насихаттау, жастар мен балалардың рухани қасиеттерін, мінез-құлқын, елсүйермендік және азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға оң әсер ету.
Музейдің ашылуы салтанаты 15 маусым күні, сағат 10.00-де өтеді. Салтанатты рәсімге 1984 жылы мектеп бітірген түлектер, Ақтоғай ауданы әкімшілігінің, БАҚ-тың, зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы, алыс-жақыннан келген қонақтар, жастар мен оқушылар қатысады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды