-->

АҚШ-тық апайым «қазақша түс көреді»…

Тереза-2

2005 жыл. Мектебімізге АҚШ-тан мұғалім келетін болды. «Америкадан келеді» дегенді ести сала асыға күттік. Қып-қысқа көйлек киіп, бет-аузын бояп алған көк көз апайды елестетіп қоямыз өзімізше. Голливуд киноларынан көргеніміз ғой. Бір күні сабағымызға жиырма бестердегі жас қыз кіріп келді. Тобыққа түсетін ұзын белдемше, үстіне сарғыш бешпет киіп алыпты. Онысының жеңін қайта-қайта тартқыштай береді. «Салэмэтсиндэр мэ, балалар! Бугиннэн бастап сэндэргэ агылшын тилин мэн уйрэтемин» деп, күлімсірей қарады бізге. Біз Терезамен осылай таныстық.

Тереза Пармер АҚШ-тың Индиана штатынан келген екен. Алғашында қазақшаға тілі сынбай, сәл қиналып жүрді. «Мен сендерге ағылшын тілін үйретемін, сендер менің қазақшамды дұрыстаңдаршы» деп өтінетін. Бірнеше айдан соң-ақ Тереза қазақшаға тәп-тәуір төселіп қалды. Қашан көрсең, қолынан кітап түспейді. «Махаббат, қызық мол жылдарды» бір аптада тауысты. Одан соң «Абай жолын» бастады. Шынымды айтсам, ол романды сол кездері, тіпті, біздің өзіміз оқымаған едік.
«Тереза, руың кім?» дейміз ғой біз әзілдеп. «Шаштымын» деп жауап береді ол. Шашты – қыпшақтардан тарайтын кішігірім ру. Неге олай айтатынын түсіндірейін. Үш жыл бойы Тереза қазақ отбасымен бірге тұрды. Үй иелері шаштылар әулетінен болатын. «Енді сенің руыңды сұраса, шаштымын деп айт» деп үйретіп қойған екен. Онысын қызық көретіндер күнде сұрайды. Сұрағандардың бәріне күлімсіреп тұрып, «шаштымын» дейді. Жаңылыспайды.
Тереза біздің елде үш жыл тұрды. Қазақстаннан кетерінде көзіне жас алып тұрып: «Үш жылда әбден бауыр басып қалыппын. Сіздерді қимаймын. Мені қазақ қызы қылып тәрбиелегендеріңіз үшін шексіз ризамын. Америкада бір қыздарыңыз жүр деп білерсіздер» деген болатын. Ақкөңіл апайымызбен осылайша қоштасқанбыз.
Арада сегіз жыл өткен соң, Терезаны тағы да жолықтырдым. Мына кездейсоқтықты көрмейсіз бе?! Автобуста кетіп бара жатқам. Кенет аялдамада тұрған сары шашты келіншекке көзім түсті! Тереза! Еш өзгермеген, сол қалпы… Жұмысқа келе сала аты-жөнін теріп, әлеуметтік желіден тауып алдым да, хат жаздым. Екі күннен соң кездестік.
Тұрмысқа шығыпты. Жұбайы Майкл өз диссертациясын зерттеу үшін Фулбрайт-Хейз атындағы шәкіртақыны жеңіп алған екен. Диссертациясының тақырыбы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». «Жаңа жылға дейін отбасымызбен осында боламыз» дейді Тереза.
Терезаның екі қызы бар. Аттары кім деңіздерші?! Жансамал мен Құралай! «Туыстарың қазақша ат қоюларыңа қарсы болмады ма?» деймін таңғалып. «Сендерге сабақ беріп жүргенімде, Ақсамал деген шәкіртім болды. Есіміне қатты қызықтым. Тұңғышым өмірге келгенде, соған ұқсастырып, «Жансамал» деп атадым бірден. Мағынасы керемет қой! Туыстарыма да түсіндірдім, жан – «soul», самал – «breeze» деп. Маған ұнайтын есімдердің бірі Құралай еді. Екінші қызыма сол атты қойдым» дейді ағылшын апайым. Айтпақшы, Тереза тұрмысқа шыққанда біздің мектептегі ағылшын тілі пәнінің бір мұғалімін тойына шақырған екен. Мектеп ұжымының атынан Терезаның жасауына деп АҚШ-қа құрақ көрпе мен жастық ала барыпты.
Бүгінде жұбайы Майкл да қазақша үйреніп жүр. Тереза маған әңгімесін айтып отырып, «государственный» деп қалған еді, Майкл ағай «мемлекеттік демейсің бе» деп дереу түзетіп жатыр. Онысына ішім жылып қалды.
Өз таныстарымның ішінде осындай жандардың бары қуантады. Жаңалыққа құштар, жүрегі ақ, әркез биікке ұмтылатын достарымнан менің де үйренерім көп.

Ботагөз ИКРАМОВА

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*