«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақсақалдар жастар тәрбиесіне қалай араласады?

0 22

1 – қазан Халықаралық қарттар күні. Осы айтулы мереке қарсаңында Байқоңыр аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаевпен сұхбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

АҚСАҚАЛДАР ИНСТИТУТЫН ЖЕТІЛДІРУ ҚАЖЕТ

– Сәрсенбай Бердалыұлы, Ұлы дала кеңістігінде қазақ елін басқаруда ақсақалдар институтының орны қандай болды?
– Біздің халқымыздың ықылым заманнан бері қалыптасқан қасиеттерінің бірі – жасы үлкенді құрметтеу, оның ақылын тыңдап, сөзіне құлақ асу. Ақсақалдарды ешкім сайламаған. Ел мүддесін өз жеке ісінен жоғары қоятын, өзінен кейінгі ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауым жұртқа бас-көз бола білген адамды ақсақал тұтып, қоғамдағы орнын ерекше белгілеген. Бұл – жан дүниенің жомарттығы мен адамдық даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет.
Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Осы қанатты сөзде философиялық терең ой жатыр. Ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі мол, көрген-білгендерін санасына түйген, ұлағатты жасына лайық аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келген.
Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-асыр жерді иеленген халықты басқару жүйесінде ақсақалдардың орны ерекше болып, олардың сөздерінің қадірі болған. Айтылған әділетті, ұлағатты да парасатты сөзге қабағынан қар жауған хан да, қарапайым халық та тоқтаған.
Жастарды тәрбиелеуді ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер халқымыздың 3 мыңға жуық салт-дәстүрлерінің, ырым-тыйымдарының негізінде жүргізіп, ұлағатты істі ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған.
– Бүгінгі күні ақсақалдар институты қоғамда өз орнын таба білді ме?
– Еліміздің тарихи өсіп-өркендеуіне, көпұлттық мемлекет болуына байланысты және көптеген қоғамдық мекемелер мен мемлекеттік емес ұйымдардың ашылуына байланысты ақсақалдар институты өзінің қоғамдағы орнын жоғалтуда. Шолақ идеология мен батыстың ықпалы «ақсақал» деген сөздің қадір-қасиетін кетіріп, оны «ескіліктің жұрнағы» деген көзқараспен қалыптастырды.
Әрбір адам жасы егде тарт­қанда өзінің атқарған іс-қимылымен, өмірден түйген ақыл-парасатымен қоғамдағы өзінің орнын алатыны сөзсіз. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы қарттарды төмендегідей төрт топқа бөлген екен: шал – еш нәрсемен ісі жоқ, күйбің тіршілік жасап, өсек-­аяңға жақын жүруші; қария – өз туған-туыстарының ғана жағдайымен айналысушы; ақсақал – бір қауым елге ақылшы әрі қамқоршы; абыз – ел ішіндегі түйінді мәселелерді шешіп, әділеттікті қолдап, халықтың атынан ұлағатты сөздер айтып, өмірде өзі түйген ақыл-кеңесін беруші.
Бауыржан атамыз атаған қағиданың ішінде ақсақалдың қоғамдағы рөлі ерекше. Бүгінгі таңда әрбір егде адам ақсақал болып, қоғамға пайдасын тигізіп, жастар тәрбие­сіне белсенділікпен қатысуына мүмкіндігі бар.
Ертеңін ойлаған тәуелсіз елімізде, ұлттың біртұтас­тығын нығайтуда, келешек ұрпақты тәрбиелеуде, сырттан келетін теріс бағыттағы идеологияны тежеуде ақса­қалдар институтын жетілдіру қажеттілігі туындап-ақ тұр.

ӘКЕНІҢ ҚАДІРІ КЕТІП БАРАДЫ

– Сіз халқымызда сөздің қадір-қасиеті болған дедіңіз, бүгінде осы қасиетіміз сақ­талды ма?
– Иә, сөздің қадірі тарихтың қай кезеңінде де болған. Билер мен ақсақалдардың салиқалы сөздерінің арқасында ұлтаралық қақтығыс­тар тоқтатылып, руаралық алауыздықтарға шектеу қойылып, отбасының берекесі сақталып, жастардың тәрбие­сі нығайып, тентекті тезге салғанды тарихтан, әдебиеттен, әңгімелерден жақсы білеміз. Мысалы, ХV ғасырда қазақ хандығын құру мәселесі қаралғанда ақсақалдардың пікірлері шешуші рөл атқарғаны көпшілікке аян. Соның арқасында қазақ халқының тағдыры түбегейлі шешілді, өзінше бөлек хандық болды, қазір басқа елдермен терезесі тең егеменді мемлекет болып отыр.
Халқымыздың тарихына тереңірек үңілсек, ақсақалдар еш уақытта билікке таласпағанын, халықтың арасына ірткі салмағанын, келеңсіз істермен айналыспағанын көреміз. Олар тек қана халықтың бірлігін нығайтумен, жастарды тәрбиелеумен, отбасыларды нығайтумен, салт-дәстүрлерді дәріптеумен айналысқан. Осындай қыруар тәрбиелік мәні бар жұмысты ешқандай құжатсыз, тек салиқалы сөзбен атқарып отырған.
Бірақ, қазіргі жүйелі сөз айтып, ақылға салушылар да, сөзге көңіл бөліп, тоқтауға келушілер де азайып барады. Көпшілік 70 жылдық кеңес дәуірін кінәлауға дайын тұрады. Ол да бар шығар, бірақ, халықтың қанына сіңген, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді сақтау, әркімнің өзінің отбасындағы тәрбие жұмысымен айналысуға ешкім кедергі болмаса керек.
– Ертеңгі ақсақал, бүгінгі әкенің өзінің отбасына қамқоршылық жасап, балаларын тәрбиелеудегі рөлі қандай?
– Ықылым заманнан бері еркек отбасына, бала тәрбиесіне жауапты болған. Мысалы, ертеректе аналары баланы «әке» деген сөздің өзімен-ақ тәрбиелейтін. «Әкең келе жатыр, күтіп ал, орын бер», «әкең дастарқанға отыр­май ас ішуді бастамаңдар», «бұл бұзықтығың туралы әкең естімесін», «әкеңнің айт­қанын бұлжытпай орында» деп айтып отырады. Қазір де көптеген аналар да, әкелер де осы сара жолмен келеді. Бірақ, жалпы алғанда болашақтың ақсақалы – бүгінгі әкенің қадірі кетіп барады.
Оған себеп өте көп. Мәселен, әкенің отбасындағы, айта берсе қоғамдағы орны мен рөлін көптеген әзіл-ысқақ театрлары арзан күлкі мен пәтуәсіз әзілмен төмендетіп жүр. Балаларға тәрбие беру жолында отбасында әкенің өзінің нақты орны болуы керек. Оған сол отбасылардағы аналар да жауапты, жанұядағы бала тәрбиесіндегі түйін­ді мәселелерді ақылдасып, келісіп шешу керек.

АРДАГЕРЛЕР ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНСА ДЕЙМІН

– Осы мәселеге тереңірек тоқталсаңыз екен.
– Жас ұрпаққа тәрбие отбасынан, дастарқан басынан басталатыны белгілі. Баланың рухани өсуіне ата мен әженің ықпалы зор. Олар ең алдымен балаға көшеде үйренген қолайсыз сөздерге тыйым салады, отбасы мүшелерін сыйлауға, содан соң өзі жүрген ортаны құрметтеуге, ең бастысы, ел-жұртына қызмет жасап, Отанын сүйетін азамат болуға сара жол көрсетеді. Бұның бәрі – тәрбие.
Бүгінгі кейбір жастар балаларымызға ата-әжесі ескіше тәрбие береді деп ойлайды. Бұндай тұжырым жаңсақ деп ойлаймын. Себебі ықылым заманнан Ұлы далада бала тәрбиесімен көбінде әжелер айналысқанын білеміз. Заңғар Абайды әжесі Зере тәрбиелеген жоқ па? Сол әже тәрбиелеген бала дүние жүзіне белгілі адам болды. Осындай мысалдар біздің халқымыздың тарихында көп қой.
Бірақ бүгінгі таңда осы дәстүріміз сақталып отыр ма? Көп жағдайда ата-әже тәрбие­сі жөніне қалды. Бала тәрбие­сі «жаңаша» болып барады. Кейбір адамдар қонақ күткен үлкен дастарқан басында бесіктен белі шықпаған балалары мен немерелерін егде адамдардан жоғары отырғызып, ерекше құрмет көрсетіп, бәйек болып жатады. Оны көрген бала менмен, тәкәппар, үлкенге ізет жасаудан жұрдай, жасық азамат болып өспей ме? Ертеңгі күні әке-шешесіне өз отбасынан жылу таптырмай, қарттар үйіне өткізіп, олардың зейнетақыларын немерелерін жіберіп қағып алатындар осылардың ішінен шықпай ма? Ұрпаққа тәрбие жүргізуде әрбір адам өзінен бастау керек.
– Көңіліңізді мазалап жүрген қандай ұсынысыңыз бар?
– Қазақстан бойынша әрбір оныншы адам – зейнеткер. Олар – еліміздің әлеуметтік-­экономикалық өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан еңбек адамдары. Мемлекетімізде әрбір әлеуметтік топтар туралы заңдар бар, ал ардагерлер туралы заң жоқ. Сондықтан «Ардагерлер туралы» заң қабылданса егде адамдарға деген көзқарас өзгеріп, олардың қоғамдағы орны мен рөлі де нығаятыны сөзсіз.
Сонымен қатар бүгінгі таңда зейнеткерлер бастарын қосып, өздерінің демалыстары мен бос уақыттарын тиімді пайдаланатын орын жоқтың қасы. Олар үшін әрбір қала мен елді мекендерде «Ардагерлер үйі» ашылса деген ұсыныс бар. Осындай ғимараттарда ардагерлер өздері мәдени, спорттық-көпшілік іс-шаралар өткізіп, жастарды тәрбиелеу жұмысымен де айналысуына мүмкіндік алар еді.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында «Қарттар – асыл қазына», «Ақсақалдың ақ батасы», «Ақ әженің бесік жыры» деген айдарлар ашылса деп ойлаймын.

Әңгімелескен
Фарида КАРИМОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды