«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақпараттық қауіпсіздік алаңдатады

0 75

Бас қала тұрғындары бір миллионнан асты деп қуанып жүрміз. Ал осы астаналықтардың 80 пайызы өзіміздің қазақ ұлты екен. Ресми халық санына қарасақ, қазақиланып келеміз, бірақ күнделікті тұрмыста, көшеде, оқу орындарындағы жағдайға қарасақ, көрші елдің тілі басымдау болып барады. Бұған себеп жастар мен балалар тегіс орыс тілінде сөйлеседі. Заман ағымы осылай өте берсе, енді бір он жылда ана тілімізден айырылып қалар ма екенбіз?Қазақстанда, әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей, Павлодар, Көкшетау, т. б. қалаларда орыс тілді БАҚ-тар көбейіп, қазақ тілділер жабылып, саны азая түсуде. Себебі орыс тілді басылымдар, телеарналар жарнама арқылы едәуір қаржы тауып отырса, қазақ тілділер бұл бизнес түріне келгенде «қолдары қысқа», «тілдері шорқақ», істің жүйесін нашар біледі. Қазақ тілді БАҚ-тардан мемлекет қаржыландыратын газеттер мен телеарналар ғана қалыпты тіршілік жасап отыр. Ал «КТК», «Евразия-1», «31-арна», «7-арна», «НТК» сияқты телеарналар, «Время», «Караван», «Мегаполис» сияқты ірі газеттер табысының 70 пайызына дейін жарнамадан табады екен. Оның үстіне мүмкіндігінше әртүрлі деңгейдегі тендерлер арқылы да жарнама бизнесін ойнатып отыр.
Жарнама мәселесін қазақ тілділер жетік меңгермегендіктен, жарнамашылар да орыс тілді басылымдар мен жарнамаларға «мойындарын» бұрып, түпнұсқа материалдарды орысша тілде ұсынып, қазақшасын аударма арқылы жариялап жатады. Ол, әрине, жарнамаға байланысты қабылданған заң талаптарын орындаудан туындайды.
Сондықтан жарнамалық материалдар орысша тілде нақтылы көңілдің пернесін дөп басқанымен, қазақшаға аударылғанда кей сәттерде күлкілі, тіпті қазақ ұлтын мазақ етіп жататыны да өтірік емес. Мәселен, алтыннан жасайтын тұрмыстық заттарды сынайтын «Алтынай» есімді жарнама «КТК», «Евразия-1», т. б. арналарда жүріп жатқанына бірер жылдың жүзі болса да, қазақты масқаралауды тоқтатсаңдаршы деген ешкім көрінбейді. Арзан күлкі, мазақтау орыс тілді экрандарды тегіс кезіп жүр. «Евразия-1» мен «КТК» Қазақстанда болып жатқан оқыс оқиғалар мен криминалды қоюлатып беруге тырысатыны өтірік емес.
Келешекте мәңгілік ел боламыз деп талпынып отырмыз. Ендеше ең алдымен ақпараттық жүйеміздегі қауіпсіздігімізді қатаң бақы­лау­да ұстасақ. Ол үшін екі тілді жетік меңгерген маман журналис­терден ай сайын БАҚ-тарға мониторинг жасатып, сол бойынша телеарналар мен газет-журналдарға жиі-жиі шолулар жазғызу, анықталған кемшіліктерді түзету үшін шаралар белгілеу өте қажет. Олай етпесек, ақпараттық тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Осы орайда айтар бір ой, бізде неге орыс тілді телеарналар көбейіп барады? «Алма-ТВ» кімдердің диірменіне «су» құйып отыр? Мұнда көрсетілетін хабарлар 80 пайыз орыс тілді. Мәселен, біздегі «Евразия-1» мен Ресейдің «Россия-РТР», «Россия-24» каналдары насихаттары, жаңалықтары бірін-бірі қайталап жатады. Сондықтан «Евразия-1» телеарнасы қазақ тіліне басымдық берсе дұрыс болар еді. Өйткені соңғы уақытта мұндағы «Бір сұрақ», «Заң сөйлесін», «Қалаулым» жобалары жоғары рейтинг көрсетіп келеді. Бірақ қазақшаға бетбұрыс кейбір каналдарда байқалмауы көрермендерді қынжылтып отырғанын айтуға тиістіміз. Сондай-ақ осындай пікірді «31-арна», «ОН-ТВ», «НТК» телеарналарына да қаратып айтуға болады. Бұл арналардың көпшілігі бағдарламаларын Ресей телеарналарынан көшіріп, қайталап беріп жатады. Қазақстанның ірі аймақтарындағы телеканалдар неге бас қалада «Алма-ТВ» бас кнопкалары «Қазспорт» каналы (үш жүз мың халқы бар Сарыағашта) неге көрсетілмейді? «Евразия-1» арнасында қазақ тілінде халықаралық тақырыптарға неге дөңгелек үстел, сұхбаттар, Ресей каналдарындағы «60 минут», т. б. сияқты қазақ тілді жобалар жүзеге асырылмайды?
Нұр-Сұлтан қаласындағы ­«Москва», «Керуен», «Санкт-Петербург» ірі қонақүйлердің газеттер сататын бұрыштарына бара қалсаңыз, Ресейдің газет-журналдары толып тұрады. Ал Қазақстанның ана тіліміздегі басылымдарын табу қиын. Сондай күйге түскенімізге кімді кінәлаймыз? «Алма-ТВ» ақпарат жүйесінің 80 пайызы орыс тілді, күні-түні көршілеріміздің бағдарламаларын тықпалауда. «НТК», «ОН-ТВ», «7-арна», «СТВ», «КТК», «Евразия-1» каналдары еліміздің өмірінде кездесіп жататын кемшіліктерді жарыса көрсетіп, көзге шұқып жатады. Шетелдегі отандастарға арналған «ҚазТВ» бағдарламаларының ғана сапасы көтеріліп келеді. Арнада журналис­тердің ізденістері байқалады.
Теледидарларда, БАҚ-тарда халықаралық жағдайлар туралы дөңгелек үстел, пікірталас өткізілмейді десе де болады. Теле­көрер­мен мен оқырмандар көбінесе Ресейдің «НТВ», «РТР», «1-каналдарының» Соловьев, ­Жириновский, т. б. пәлсапаларын тыңдап, Украинадағы, т. б. елдердегі жағдайларды сол ресейлік билік көзімен бағалаймыз. «Экспресс» деген ресейлік басылымда Самохин, Лимонов, т. б. тарихты бұрмалап, елімізге, оның кейбір тұлғаларына ашықтан-ашық тиісіп жатса, қазақстандық басылымдар үндемей құтылады. Ал Сыртқы істер министрлігі, құқық қорғау органдары көрмегенсіп, естімегенсіп отырады. Мұндай жалпақшешейліктің түбі жақсылыққа апармайды.

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті
журналисі, мәдениет
қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды