-->

АҚМОЛА ҚАЛАЙ ЦЕЛИНОГРАД АТАНДЫ?

Өзі ірге қалағалы бері Ақмола атанып келген қала 1961 жылдың наурыз айында бір сәтте-ақ аяқ астынан «Целиноград» атанып шыға келді. Соның алдында, 1960 жылдың 26 желтоқсанында ғана бұған жанама себепті болса да, республикада тағы бір аса маңызды оқиға орын алды. Сол күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қазақстан құрамында орталығы Ақмола қаласы болып белгіленген Тың өлкесін құру жөніндегі жарлығы шықты.

Өлке, жарлыққа сай, басында республиканың Көкшетау, Қос­танай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын біріктірді. Оның құрылуына байланысты бұрынғы Ақмола облысы таратылды. Бірақ 1961 жылғы 24 сәуірде ол Целиноград облысы болып қайта ашылып, өлке құрамына кірді. Сөйтіп, Қазақстандағы ең ірі әкімшілік басқару құрылымы болып танылған бұл аймаққа 5 облыс, 51 аудан қарады.
Сол аралықта құрылғанына 40 жыл мерзім толып отырған Қазақстан екінші жетіжылдық жоспар кезеңін аяқтап жатты. Осыған орай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті еңбекшілерді өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығының барлық салаларында, ғылым мен мәдениет жүйелерінде үшінші жетіжылдықтың тапсырмаларын ойдағыдай орындау және асыра орындау жолында социалистік жарысты өрістетуге шақырған үндеу жариялады.
Ақмола облысының бірінші партиялық конференциясы Тың өлкесінің резервтері толық іске қосылмағанын, жерді игеру мәдениетінің әлі төмен екендігін атап көрсетті. Делегаттар тыңгерлердің игілігіне айналу үшін үздік шаруашылықтардың, бөлімшелердің, бақташылардың, шопандардың, сауыншылар мен құрылысшылардың озық тәжірибелерін тарату керектігі туралы сөз қозғады. Бір жылдың ішінде өлкеге қарасты облыстарда егінші-механизаторлар 1,5 есеге өскен. Бірақ училищелерде ауыл шаруашылығы машиналарын басқаратын кадрлар әлі де аз да­йындалады. Конференцияда техникаларды егіс-дала жұмыстарына тартуды жеделдету үшін аудан орталықтарында жөндеу цехтарын ашу жөнінде ұсыныс жасалды.
Тың өлкесі Кеңес Одағының шығыс қапталындағы қолайлы өңірлерде өркен жайды. Оның негізгі табиғи қазыналары қатарында егіске жарамды құнарлы жерлер, шөп дайындау бағытындағы және жайылымдық танаптар, темір және мыс, боксит, асбест, тас көмір және тұз секілді қазба байлықтары, минералды көлдер мен дала жағдайындағы таза ауа райы болды. Ол елдің Орал таулары, Кузбасс және Қарағанды деп аталатын үш ірі индустриялы ауданының ортасынан орын алды. Өлке батыс қиыры – Оңтүстік Орал мен шығысындағы Құлынды даласына дейінгі аумақты атырапта көсіліп жатты. Ол батыстан шығысқа дейінгі 1300 шақырымды жайлап, терістіктен түстікке дейінгі 900 шақырым алапқа созылды. Өлкенің темір жол бойларында орналасуы оның Орта Азиямен, Шығыс Еуропа аймағымен және Батыс Сібір өңірімен жақсы қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді.
1954 жылдан 1961 жылға де­йін Қазақстан аумағында 18 млн гектар егістік алқап игерілді. Осы жылдарда мұнда 500-ден астам жаңа кеңшарлар құрылды. Өлке, сол жылдары жазылғандай, республикада өндірілетін астықтың, негізінен, жаздық бидайдың 80 пайызын беріп тұрды. Алайда 1956 жылы бірінші рет Отан қамбасына 1 миллион пұт астық құюға қол жеткізген тың даласы, түптеп келгенде, өзінің әу басында алға қойылған міндеттерін толық ақтай алмады. Онда жыл санап өнім көлемінің түсе бастағанынан бөлек, Одақ бюджетінен алып, жаратқан ақшасының мөлшері бара-бара астрономиялық деңгейге дейін жетіп, тек көл-көсір шығын мен ысыраптың ордасына айналып кетті. Бұған Қазақстанда тың игерудің ешқандай жоспарсыз, алдын ала жасалған жоба-­есепсіз, науқаншылдықпен қауырт қолға алынғанының да себебі болмай қалған жоқ. Бұл туралы кейін арнайы сөз етеміз.
Тың өлкесі 600 мың шақырым шаршы ауданды жайлады. Ол рес­публика жерінің 21 пайыз бөлігін алып, халқының 31 па­йызын қамтыды. Тұрғындардың басым бөлігі славян нәсілінен құралды. 1959 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша өңірді 2 млн 753 мың адам мекендеді. Бұлардың 46,2 пайызы – орыстар, 14 па­йызы – украиндар, 12,1 пайызы немістер болса, қазақтардың үлес салмағы небәрі 29,1 пайыз­ды көрсетті. Мұндай демографиялық олқылық Қазақстанда 1926-1939 жылдары жүргізілген күштеп тәркілеу, ұжымдастыру және қуғын-сүргін, сол жылдары кең қанат жайған Ресейдің орталық облыстарынан орыстарды көптеп көшіріп әкелу саясаты салдарынан орын алды. Осы 13 жылдың көлемінде республикада қазақтардың саны 869 мың адамға, яғни 21,9 пайызға азайды. Мұның салқыны 1959 жылғы санаққа да қатты әсер етті. Бұл кезде Қазақстандағы орыстар – 4 млн 14 мыңға, украиндар 762 мыңға көбейіп, жалпы халықтың 51 пайызын толтырды. Қазақтар 30,2 пайыздық көрсеткішпен 2 млн 794 мың адамға шақталып, 1926 жылғы 3 млн 617 мыңдық межеге де, 58, 82 пайыздық деңгейге де жете алмады. Аталған кезеңде қандастарымыздың өлкедегі мөлшері 18,7 пайызға дейін түсіп кетті.
Тың өлкесі орталығының атауы өзгерер алдында, 1961 жылғы наурыз айында бұл атырапқа СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущев тағы келді. Бұл Никита Сергеевичтің Қазақстанға, соның ішінде оның астықты облыстарына екінші мәрте ат басын тіреуі еді. Ол бірінші рет республика аумағына 1956 жылдың жазында келіп кеткен.
Н.Хрущев 2 наурызда Свердловскіде, 8 наурызда Новосібірде ауыл шаруашылығы озаттарымен кездесу өткізіп алған соң, 11 наурыз күні Көкшетау облысының Қиялы деген бекетіне ұшағын қондырды. Бұдан әрі облыстағы «Қантемір» деген кеңшарға аялдап, 12-сінде Ақмола қаласына келіп кідірді.
Осы сапары барысында Никита Хрущев қасында тұрған қазақстандық атқосшыларынан «Ақмола» деген атаудың қандай мағына беретінін сұрайды. Сонда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Исағали Шәріпов жұрттың бәрінен бұрын «шалттық танытып», қаланың атын «Белая могила» деп аударып бере қояды. Мұны естіген Хрущевтің төбе шашы тік тұрады. Негізі, соның алдында үш ай ғана бұрын құрылған Тың өлкесінің орталығы болып тұрған шаһардың атауын онсыз да өзгертпек болып берік шешім ұстанып келген оған мына жауап «іздегенге – сұраған» болып шыққан сияқты. Содан тас-талқан болған бірінші хатшы қаланың атын шұғыл өзгертуге тапсырма береді. Жанындағы басқа естияр жергілікті басшылар «ақ мола» деген сөздің XIII–XIV ғасырларда Есілдің кешу беретін тұсы – Қараөткелдің маңында аққайрақ тастан тұрғызылған қорғаныс-қамалының күмбезіне қарай алынғанын қалай айтса да, қаперіне ілмейді. «Айттым – бітті, кестім – үзілді» дейтін біржақты пәрменге үйреніп қалған Одақ басшысы осымен әңгіменің тынып, шешімнің шығарылып қойылғанын білдіріп, қолын бір сілтеген күйі кете барады.
Осыдан кейін 13 наурызда Тың өлкесі ауыл шаруашылығы саласының озаттарымен үлкен жиын өткізгеннен кейін бірнеше күн осы аймақтағы шаруа­шылықтарды аралап болып, 19 наурызда Алматыда республика ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің үздік өкілдерімен кездес­ті. Ал 20 наурыз күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы И.Шәріповтің қол қоюы­мен Тың өлкесінің Ақмола қаласын Целиноград қаласы деп қайта атау туралы қаулы жарыққа шығады. Бұл атау содан 1992 жылғы 6 шілдеге де­йін жалғасып келді. Сол күні Елбасының Жарлығымен қалаға өзінің «Ақмола» деген ежелден бергі тарихи атауы қайтарылды. Сөйтіп, Н.Хрущевтің волюнтаризмі нәтижесінде шаһардың 31 жылдан астам уақыт жамылып келген жасанды жамылғысы сыпырылып алынды. 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Жоғарғы Кеңесі елдің орталығын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде қаулы қабылдады. 1997 жылғы 10 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жөнінде түпкілікті шешім шығарды. Ал 1998 жылғы 6 мамырда Елбасы Жарлығымен қалаға «Астана» деген жаңа атау берілді. Қазіргі таңда Астана республикада Алматыдан кейінгі халқы көп, миллионнан астам тұрғыны бар қала болып табылады.

Тың өлкесі 600 мың шақырым шаршы ауданды жайлады. Ол республика жерінің 21 пайыз бөлігін алып, халқының 31 пайызын қамтыды. Тұрғындардың басым бөлігі славян нәсілінен құралды. 1959 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша өңірді 2 млн 753 мың адам мекендеді. Бұлардың 46,2 пайызы – орыстар, 14 пайызы – украиндар, 12,1 пайызы немістер болса, қазақтардың үлес салмағы небәрі 29,1 пайызды көрсетті

Тың өлкесі бес жылға жуық уақыт қана дәурен сүрді. Ол 1964 жылы 14 қазанда өткен СОКП Орталық Комитетінің кезектен тыс пленумында орнынан алынған Н.Хрущевтен кейін көп ұзай алған жоқ. Ол әпербақан басшының пәрменімен өндірістік және ауыл шаруашылығы саласы бойынша екіге бөлініп қалған аудандық партия ұйымдарын қайта біріктіру жаппай қолға алынған кезде, 1965 жылғы 19 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен таратылды.

Серік ПІРНАЗАР

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*