Четверг, 17 Август 2017
-->

АҚМОЛА-АСТАНАНЫҢ АБЫЗЫНДАЙ ЕДІ

nurgozha-oraz-asli

Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» дегендейін, «Обағанның бойынан оза шауып, Қызылжардың құшағына кірген, қос қанаты – Ғабең мен Сәбең дем беріп, Ақмола-Астанада қырандай самғаған» (Серік Тұрғынбекұлы) қаламы жүйрік қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың соңында қалған көп жазбаларынан: «Өз ішіме өзім үңілсем, бір кең дүниеге енгендей әсерде боламын. Оның шырқау биік аспаны бар, мұхит тереңдігіндей түбі толған ғажайып маржандар тәрізді баға жетпес байлығы бар. Әрине, ең қиыны – шырқау биікке көтерілгенде табысқа бас айналмаса екен. Ал тереңдегі асылдарды рет-ретімен ала білу, сол алғаныңды халық қызығарлық көркемдікпен көмкеріп бере білу сияқты жауапкершілігі мол міндет тұрады. Творчество адамына ең қиыны да сол» деген жолдарды ұшыраттық.

АЛАШ ҮНІн ЖАҢҒЫРТҚАН ҚАЛАМГЕР

Нұрғожа Нарынбайұлы әдебиет айдынына құлаш ұрған уақыттан «дертпен тең өнердің» қаламгер атаулыға артар жүгі­нің ауырлығын сезіне біліп, өзі айтқандай, қазынаға толы кеудесінен сөз маржанын теріп, шашауын шығармай, халқына ұсына алды. Алпыс жылға жуық шығармашылық ғұмырында елуден астам кітап жазып, артына мол мұра қалдырды.
Соның ішінде поэзия мен проза және публицистика жанрларында жемісті еңбек етті. Қаламдастары оның талантын қапысыз мойындады. Мәселен, қылшылдап тұрған қырық жасында «Тың ырғақтары» атты таңдамалы өлеңдер мен поэмалар жинағын шығарғанда, кітаптың алғысөзін жазған ақын ағасы, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбеков: «Нұрғожа творчествосынан ең алдымен көретінім – оның творчестволық бағытының адастырмайтын ақындығы, сандаған тақырыптың біртұтастығы, саралылығы. Олардан бұл ақынның нені жырлап келгендігі, айналасы, ортасы, географиялық мекені, олардағы адамдар көз алдыңа келеді…» деген баға берді.
Тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, қазақ жерін отарлау саясатының ащы шындығын әшкерелеген «Қаракүйік» романы жайлы академик Тұрсынбек Кәкішев: «Романдағы негізгі оқиға – туған жер үшін күрес. Сондықтан кіндік қаны тамған жер, ұрпақ өсіріп, өмірдің алға басуына арқау болған жер, тіршілігінің тынысы саналған жер үшін тайталас қазақ қана емес, өзге халық оқырмандарын да бейжай қалдырмаса керек» деген тұжырымын айта келе, шығарма жайлы ойын: «Автор тілі жатық, бейнелі сөздерге бай. Адамдардың портретін бергенде де, мінез-құлқын даралағанда да, тіл ерекшелігінің аражігін анықтауда да шеберлік танытады… Романның композициялық құрылысы шымыр, оқырманын бір сәтке де босатпай жинақы ұстайды. Көркем әдебиеттің ең басты міндеті оқырманын сендіріп, өмір шындығына күдіктің көлеңкесін түсірмеу ғой. Бұл тұрғыдан келгенде Н.Ораз бұрын да талай повестердің авторы болып, жұртшылықтың ризалығына кенеліп келе жат­қанын осы жолы мықтап танытты» деп түйіндейді.
Жалпы, егемен ел атанға­нымыздан кейін өз-өзімізді тану­ға, бұған дейін жабық күйінде жатқан тарихымыздың беттерін парақтауға жол ашылды. Бұл іске Нұрғожа Ораз да құлшына кірісті. ХХ ғасырдың басында Алаштың үніндей болған «Сарыарқа» журналын жаңғыртқандай бо­лып, кейіннен «Жаңа Сарыарқа» атауын алған бұл басылым арқылы халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Нәтижесінде «Талқан­далған тарихат» атты кітап жазып, тарихта бұрмаланған бірқатар деректерді қалпына келтіріп, жете зерттелмеген мәселелерге жіті үңілді. Бұл еңбек жөнінде кезінде академик Кеңес Нұрпейіс жылы пікірін білдірді.
«Жігітке жеті өнер де аз» деп жатамыз. Нұрғожа Нарынбайұлы сөз өнерімен қатар әсем саз әлеміне жақын болды. «Шын мәнісінде өнердің алуан түрі адамға балалық бал дәуренінде туған жерінің, өскен ортасының әсерінен дариды. Жігіт шағында сол өнер одан әрі дамиды. Оқумен білім жинауға болар. Ал өнер адамға туа бітеді де, сол туған жерінің табиғатымен бойы­на бекиді…» деп өзі жазғандай, Арқаның бай әншілік дәстүріне бала кезінен бойлады. Жан жүрегіңе сіңіре келе, Ақанның, Біржанның, олардан өзге де Сарыарқаның сары белін думанға бөлеген сал-серілердің әндерін тамылжыта салатын.

ТҰЛПАРДЫ ТҰЯҒЫНАН ТАНИТЫН

Студент күнінде универ­ситеттегі Серке Қожамқұлов, Асқар Тоқпанов сынды сахна саңлақтары жетекшілік еткен драма үйірмесіне қатыса жүріп, Ыбырай мен Шоқанның, ұлы Абайдың бейнелерін сомдады. Содан қалған дағды болуы керек, кейіннен Абайдың ариясын шырқағанда, анау-мынау әншінің өзі жолда қалатын. Ұйымдастырушылық қабілетін де сол кезде байқатты. Студенттік жылдардың қызығын бірге кешкен досы, қазақтың аймаңдай ақыны Тұманбай Молда­ға­лиевтің алғашқы өлең­дерін университеттің әдебиет үйірмесінің талқысына шығаруға жәрдемдесті. Қазақстан Жазушылар одағының бес облысты қамтитын облысаралық бөлім­шесін отыз жылдай басқар­ғанда да талай тұлпарды тұяғынан танып, әдебиет айдынынан көрінуі­не жол ашты.
Еңбек жолын жаңа бастап, Жаңажол орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып келгенде, адамды бір керек іске жұмылдыра білетін қасиетінің үлкен пайдасы тиді. Мектепте вокал, драма үйірмелерін ұйым­дастырып, жоғары сынып оқушыларын үйіріп әкетті. Сол кезде 10-сынып оқушысы Айман Қожахметова кезекті қойылымда Әсел деген кейіпкердің рөлін сомдайды. Күләштің талантын Қаныбек танығандай, ұстаз да бұл қыздың бойында булығып жатқан өнерді байқайды. Кейіннен сүйген жарына айналған бұл аруға: «Ең алғаш менің көзіме әдемілігің мен бойыңның сұңғақтығы емес, ойың мен сезіміңнің тереңдігі түсті. Әсел бейнесі мені тәнті етіп еді» деген ішкі сырын жеткізді.

МӘҢГІЛІК МАХАББАТЫ

Нұрғожа Ораз Айман апайды сол кезден бастап өмір бойы жырлап өтті. Екеуі 58 жыл тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ өрбіт­ті. Қаламгер жарына арнап үш кітап шығарды. Шаңырақ құрған­дарына қырық жыл тол­ғанда «Мәңгілік махаббатым», елу жылдық мерейтойларына «Алтын той», ал өмірлік қосағы жет­­піс жасқа келгенде «Аққуым бар көлімде» атты кітаптарын арнады.
Айман апайдың қолынан талай жақсы мен жайсаңдар дәм татты. Көрнекті ақын Есләм Зікібаев қаламгер ағасының мерейтойына арнаған өлеңін:
Қалған бір асыл ұлсың атадан да, Жетпіс жас желіп өтсін, ас одан да. Бірге кел сексенге де Айман қызбен, Ешқашан қайта үйленбе, тоқал алма, – деп әзіл-шынын араластырып түйіндеуінде де үлкен мән бар деп ойлаймыз.
Інісінің сол тілегі қабыл болып, Нұрғожа Нарымбайұлы сексеннің сеңгірін де көрді. Әбділда Тәжібаев Арқаға келгенде, белгілі ақынға Иманжүсіп бүркітін ұшырған тауды көрсеткен еді. Сөзіміздің басында біз келтірген Қасым Аманжоловтың жылы кезінде Әбділда ақын «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деген сағынышқа толы мақала жазған. Нұрғожа Ораз туралы да қазір біз осы сөзді айтуға мәжбүрміз.
Қаламгер Астана жұртына ғана емес, алты Алашқа қадірлі тұлға болатын. Кеңестік кезеңде Ақмола жерінде қазақтың иісінің шығып тұруына, дәстүр-салттың бұзылмауына қаламымен де, атқарған ісімен де зор еңбек сіңірді. Арқа төсіне астана орна­ғанын алғаш естігенде, Керекудің «Мойылды» шипажайында демалып жатса да, қой сойып, барша жұртты жинауы ұлтын жан-тәнімен сүйетін, еліне, жеріне шын тілектес азаматтың ісі деп білеміз. Ал Астананың кілтін қасындағы ақсақалдармен бірге Елбасына тапсыруы Тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріп­термен жазылды. Қаламдас інісі Жылқыбай Жағыпарұлының «Ақмоланың абызындай болған Нұрекеңнің үлгі тұтар өнегелері өрісті еді» дейтіні содан. Бұған біз де қосыламыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ      

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*