«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақиқаттың ақ жолынан таймадым

0 135

Міне, қаңтардың алғашқы табалды­ры­ғын аттап, қызық-қуа­нышқа толы жаңа жылды қарсы алдық. Биыл да жаңалыққа толы оқиғалар көп. Жыл жақсылықпен басталды. Ертең Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы, Қазақстан Президенті сыйлығының және Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың алғашқы иегері Ержұман Смайыл жетпіс жасқа толады. Ардақты азаматтың бар ғұмыры баспасөзге арналды. Осы жолда қазақтың талай тұғыр­лы тұлғаларымен қатар еңбек етіп, өнеге алды, өзі солар көтеріл­ген биікке шықты. Ер-ағаңның өмір жолы – қалам ұстап жүрген кейінгі жас буынға үздік үлгі. Біз мереке тұсында мерейтой иесіне сәлем бере барып, әсерлі әңгіме өрбіткен едік.

Ержұман СМАЙЫЛ, көрнекті журналист, Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты

ӘКЕМ ТАЛАЙ АДАМДЫ АЖАЛДАН АРАШАЛАДЫ

Жаңа жылмен жарыса келген туған күніңіз құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын сесі мен мысы басым Ержұман ағаның балалық шағы қалай өтті, ата-анасы­нан қандай тәлім алды, қандай бала болды деген сауалдан бастасақ дейміз.
– Рақмет, айналайын! Бала күнімізде жетпіс деген алыс тау секілді көрінетін. Сөйтсек, оған да жүйрік уақыт деген арғымақпен желіп келіп қалдық. Өткен өмір, кешкен ғұмыр көзді ашып-жұмғандай секілді әсер қалдырды. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі күрделі кезеңге тап келді. Ел әлі қиындықтан еңсе көтере қойған жоқ. Ауылда өстік. Әкемнің аты – Смайыл. Анамның есімі – Күләш. Әкем соғыс уақытында еңбек армиясына алынып, Ресейдің Новосібір деген қаласында зауыт салуға қатысқан. Ол кісі ескіше сауаты болғанмен, орысша жөнді білмейтін. Содан ба, әйтеуір майданға алынбапты. Әкеммен бірге әлгі қалада біздің ауылдың адамдары да болған. Сол үшін әр апта сайын екі әйел керек-жарақ, сәлем-сауқат алып, Новосібірге жол тартады екен. Бірде анам мен Ақжан деген апам екеуі әкеме барып қайту үшін сапарға шығады. Содан пойыздан по­йыз мініп, кезектесіп қалаға жеткен ғой. Кейде апам: «бір ауыз орысша білмесем де, Новосібірге барғам» деп жағасы көтеріліп отыратын.
Жалпы, әкем емші болған адам. Онысы еңбек армиясында жүргенде де кәдеге асқан. Бастықтарынан сұранып, орман-тоғайдан дәрілік шөптер жинап, ауырғандарды емдеген. Ол кісі дәрілік шөптердің құпиясын керемет білген. Туған інісінің де сондай қасиеті болған. Бірақ ол көп шұғылданбаған, жастай қайтыс болды.
Әкем де, шешем де қарапайым адамдар еді. Шүкірлікпен, қанағатпен ғұмыр кешті. Колхозда қара жұмыс істеді. Әкем өмірінің соңғы жылдарында таза емшілікпен айналысты.
Сонда емшілік арғы аталарыңызда болды ма?
– Жоқ, ондай қасиет бабаларымызда болмаған. Әкемді білетін кісілердің айтуы бойынша, інісі екеуін Қытай жаққа жіберіп оқытып алған дейді. Енді оның сырын толық білмеймін. Анам да ашылып ештеңе айт­қан емес. Менің ойымша, сол Қытайдан оқып келген сияқты. Әкем 1953 жылы ерте көктемде дәл 53 жасында өмірден өтті. Онда үлкен ағам 12 жаста, мен 5 жастамын. Бала күнімде біреу­дің көзін шығарып, терезесін бұзатын бұзық болған жоқпын. Үйде қыз болмады. Алдымда екі ағам болды. Сондықтан мен анама көп қолғабысымды тигіздім. Кішкене жұмсақтау, үйкүшіктеу болып өстім. Оқуға да аса ықыласты бола қойған жоқпын. Үлкен ағам тәрбиеледі. Мұғалімнің үйге берген тапсырмасын орындауымды көкемнің тексеруі үздік оқуыма мәжбүрледі. Маған әліппені ежіктеп оқуға рұқсат жоқ. Бір жерден жаңылсам немесе есепті дұрыс шығармасам, кітап бетіме сарт ете қалатын. Сөйтіп, 8 сынып­қа дейін барлық пәнді беске оқыдым. Кейін Талғардан он жылдықты тәмамдадым. Ептеп сабаққа төрт араласты. Орыс тілінен үшке оқыдым. Шынымды айтсам, орысша онша білмедім. Содан әскер қатарына алынып, Солтүстік мұзды мұхит флотында Отан алдындағы борышымды өтедім. Ең алғашқы атомдық сүңгуір қайықта болдым. Орысша дұрыс білмесем де, орыстың арасында жүрдім. Бірақ осының оң әсері көп тиді.
Бала жасымнан темір-терсекке үйір болдым. Үйдің қасына түрлі темірді жинап алып, солардан бірдеңе құрастырып жүруші едім. Соны көрген ағайындар мені инженер болады деп ойлаған. Бірақ оны қумадым. Ауылдың баласы сезімтал, ептеп қиялилау келеді ғой. Журналистикаға келуіме сол әсер етті деп ойлаймын. Өнегелі ортада өстім. Ешкімнен «жетім» деген сөзді естіген емеспін. Екі ағам маған қиындық түсірмеді. Үлкен ағам он алты жасынан еңбекке араласты. Соның арқасында кем болған жоқпын, еркелеп жүрдім. Үйде салмақ ортаншы балаға түседі ғой. Себебі үлкен үлкендігін, кіші кішілігін жасайды. Ал ортаншысы бар салмақты көтереді. Бүгінде көкем арамызда жоқ, ортаншы ағам ауылда тұрады. Елге барғанда арқа-жарқа шұрқырасып, бір мауқымды басамын.

ЖЕТІ РЕДАКТОРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕДІМ

Еңбек жолыңызды «Социа­листік Қазақстан» газетінің қарапайым тілшісі болып бастапсыз. Бірақ «Лениншіл жас» газетінде ұзақ жыл Сейдахмет ағаның орынбасары болдыңыз. Сейдағаңның өмірден өткеніне де біраз жыл болды. Кейінгі буын қарымды қаламгер туралы біле бермейді. Ол кісінің қарамағындағы қызметкерлерімен қарым-қатынасы, жұмыс істеу тәсілі қандай еді?
– Сейдахмет аға туралы бұ­рынғы «Лениншіл жаста» жұмыс істеген жігіттердің бәрі айтып, жазып жүр ғой. Сол бір кезде басылымға талантты буын топтасты. Мәселен, Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанат Елшібек, Жақау Дәуренбек, Ырым Кененбаев, Әшірбек Көпішев, Мағира Қожахметова, Жұмагүл Солтиева, Орысбай Әбділдаев, Жанболат Аупбаев… Одан кейін қазіргі атақты жазушы Қуаныш Жиенбай, Несіп Жүнісбаевтар келді. Менің алдымда Нұрмахан Оразбек істеген екен. Университетті бітіргеннен кейін «Социалис­тік Қазақстан» («Егемен Қазақ­стан») газетінде қатардағы тілші болып жүргем. Сейдахмет аға мені орынбасарлыққа шақырды. Содан ол кісінің қол астында жеті жыл орынбасары болдым. Оның жақсы сөзі бар болатын: «Газеттің әр бетінде, кем дегенде жұрт қызыға оқитын бір хабар болсын» деген. Жан салып жұмыс істедім. Жаман болған жоқпын. Ағамды қатты сыйладым. Жұртпен қалай жұмыс істеуді, жігіттермен қалай сөйлесуді содан үйрендім.
Осылардың аражігін ашып айтасыз ба?
– Бас редактор алдымен ұжымдағы әріптестерімен қарапайым сөйлесетін. Ешқандай «мен бастықпын» дейтін менмендік мінезі болмайтын. Былай, тым қарапайым адам емес, бірақ жігіттермен жұмыс істеуді білетін. Себебі Жарылқап, Жақау деген кәдімгідей естияр азаматтар ғой. Соларға өзі барып, газеттегі мақалалары туралы айтатын. Сондай жігіттерге екінші бастық болу маған да оңай тиген жоқ. Олар менен биік болатын. Жарылқап – интеллекті қаламгер, ал Жанболат – нағыз энциклопедист. Ал кейін келген Қуаныштармен басқаша қатынаста болдым.
Сейдахмет ағамның бір тәсілі – ол журналистердің мүмкіндігіне қарай тапсырма беретін. Өзі де сәнді киінетін. Әдемі галстук таққанды жақсы көретін. Сосын редакциядағы жігіттерді сыйлай білді. Әсіресе, журналист қыздарды айрықша жақсы көрді. Мағира, Жұмагүл, Баянды қатты қадірледі. Фариза ақынды аса құрмет тұтты. «Мына орыс қыздарды қарашы, қалай жалаңдап жүр, біздің қыздар да солай болу керек» деп оларды көтермелеп отыратын. Мен ағамнан бір ғұмырыма жетерлік терең тағылым алдым. Себебі редактордың ойлағанын тауып тұрсаң, орынбасар жақсы. Айтқан тапсырманы асырып, одан әрі дамытып әкетсең, орынбасар жақсы. Орынбасардың негізгі міндеті де – сол. Онда бастық орнынан кетсе, соның орнын басам деген дәме болмау керек. Шындығына келгенде, орынбасар болу – үлкен өнер. Осы өмірімде жеті редактормен жұмыс істедім.
Иә, сіз жалғыз Сейдағаңа емес, Шерхан Мұртазаға, Әбіш Кекілбайұлына, Нұрлан Оразалинге, Уәлихан Қалижанға және Сауытбек Абдрахмановқа орынбасар болдыңыз. Олардан қандай өнеге алдыңыз, не ой түйдіңіз?
– Адамдардың бәрі бастық болады екен деп ойлау қажет емес. Орынбасардың бәрі ғажап редактор болады деп ойлау да керек емес. Шерағаңнан да біраз тәлім алдым. Егемендіктің елең-алаңында мені «Бутя» компаниясы жұмысқа шақырды. «Қазақша текст дайындап, орысшадан қазақшаға аударасыз, жалақыңыз мол болады» деп ұсыныс білдірді. Сол кезде басылымға Шерағаң редактор болып келіп жатқан. «Қой, Шерағаңнан қасынан алысқа бармайын» деп ұсыныстан бас тарттым. Ол кісімен үш-төрт жыл қоян-қолтық қызмет істедім. Газеттің жұмысы мазасыз ғой. Кейде бір өрт шалғандай сәттер болады. Сондай кезде апы-күпі болып жатамыз. Ал бас редактор болса, көзімен маған бір аларып «отыр» дейді. Өзі ешқашан саспайды. Қара тастай мызғымайды. Мен сол кісіден байыптылықты алдым. «Аспа, саспа, сен асықсаң, басқалар не болады, алдымен, жан-жақты ойланып барып жұмыс істе» деп ақылын айтатын. Адаммен тіл табысу қиын. Әр азаматтың өз мінезі бар. Соны білген де дұрыс. Өзім орынбасар болып жүріп, бас редакторлардың әр қырын білдім. Қай кезде нені айту керек екенін түсіндім. Айталық, Шерағаңа кіріп, сәлем берем, ол көңілді болса, қолыңды қысады. Ондай кезде бір әңгімені қозғауға болады. Ал кейбір жағдайда қолын сүлесоқ бере салса, ондайда артық сөз керек емес. Бір қызығы, ол маған бар билікті сеніп тапсыр­ды. Бірақ алдында есеп беріп, кеңесіп отырдым.
Жампоз жазушы Әбіш аға жұмысты ғылыми тұрғыда жүргізді. Ол кісі «Егемен Қазақстанды» төрт ай ғана басқарды. Сонда да басылымда оның өнегелі ізі қалды. Әбекең дәл газетке жазылу жүріп жатқан кезде келді. Сонда маған: «Қай облыста таралым аз, маған айт» деп ескертіп отырады. Кез келген мәселені телефонмен шешетін. Сосын редакциядағы жігіттерге керемет сенді. Қандай тапсырма болса, оның жауаптысы кім деп сұрайды, «Ендеше, соған бер, өзі шешеді ғой, үлкен мәселе болса аралас, майда-шүйдеге көп кірісе берме» деп айтып қоятын. Әбекең өте кең адам еді ғой. Әбіш аға келген кезде оның курстастары редакцияда жұмыс істеп жүрді. Солардың арасынан «Сен балаға көрсетеміз» дегендер болды. Сөйтіп жүргенде, бір әріптесіміздің елу жылдығы ма, әлде алпыс жылдығы ма, әйтеуір, мерейтой өтті. Әбекең сыпайы адам ғой, ондай жерден қалмайтын. Сосын ол кісі біраз отырды да: «Ержұман, мен кетейін, шығарып салшы» деді. Киім ілгіштен сыртқы киімін алып бердім. Әріптестерімнің бәрі «не істер екен» деп қарап отыр. Сол жерде Әбекең мені құшақтап, бетімнен сүйді. Әбекең сонысымен барлығына астарлап өз ойын жеткізді.
Одан кейін келген Нұрлан Оразалинмен де түсінісіп, жұмыс істедім. Уәлихан Қалижанмен де солай болды. «Егемен Қазақстан» газетінде ең көп жыл редактор болған – Сауытбек Абдрахманов. Ол он бес жыл басылымға жетекшілік жасады. Ал одан кейін Сапар Байжанов. Марқұм Сапекең он жыл редактор болды. Саукең менен үш-төрт жас кіші болса да, жарасымды жұмыс істедік. Ол маған сенетін. Менің ісіме араласпайтын. Орынбасардың бір жақсы жері өзіңнің рөліңді білу ғой. Сауытбек министр болып тағайындалғанда, орнына бас редактор болып қалдым.
Саукең ағысы білінбейтін тұнық өзен секілді болғанмен, бәрін ойлап жүреді. Жан дүниесі кең жігіт. Кейде бір оқылымды мақала жазсаң, он күн бойы қолға қалам ұстамай, суалып қалған бос құдық секілді жүресің. Сауытбек ондай емес. Ойдан ой туғызады. Бір нөмірді жақсы етіп шығарсаң, ол келесі нөмірді одан да сәтті етіп шығаруды ойластырып, нобайын жасап отырады. Бәрін іштей сараптайды. Орынбасардың жақсылығы – автор тартуда. «Егеменге» біраз парасатты азаматтарды тарттым. Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Жарасбай Сүлейменов, Алдан Смайыл, Жабал Ерғалиев – менің іздеп тапқан авторларым. Қаламы жүйрік жастарды жұмысқа алдым. Тәрбиеледім. Қазір біраз басылымды басқарып отырғандардың дені – менің шәкірттерім. Соларды көңіліме дем көремін.
Бас басылымда бас редактор болған аз ғана мерзімде газеттің мазмұны өзгеріп, түрленіп шыға бастады. Ұлттың сан алуан мәселесі өткір қозғалды. Сол кезде оқырмандар «Егеменді» іздеп жүріп оқитын. Бір қызығы, орынбасары болып жүргенде осы ерекшелік байқалмады. Неге бұлай?
– Бас редактор болып тағайындалғаннан кейін Президент қабылдады. Сонда Елбасы маған: «Ешкімнен қорықпа, жұмысыңды істей бер» деді. Сол сөзді арқаландым. Әрі өзің газетті қолға алып, жауапты болғаннан кейін ешкімнен тайсақтаған жоқпын. Алғаш елордаға көшіп келгенде «Астананы қайтсек қазақыландырамыз?» дегенді төтесінен қойып, біраз мәселені көтердік. Шынымды айтсам, қаламды қаттырақ сілтеген кезіміз болды. Үкімет пен министрліктің жиындарын «неге қазақша өтпейді?» деп сынадық. Ана тілімізде қате жазылған атауларға да біраз шүйліктік. Ұлттың есесі кетіп жатқан тұстарын батыл жаздық. Қолымнан келгенше, ақиқаттың ақ жолынан таймадым.

АСТАНАҒА ЖЕТКЕНШЕ АСЫҒАМЫН

Жаңа ғасырдың алдында Алматыдан «Егеменді» бұйдасынан ұстап, сол кездегі Ақмолаға жетектеп келдіңіз. Сізді әуелде бас қалаға қоныс аударуға қарсы болған дейді. Арқаны жатырқадыңыз ба?
– Рас, табиғаты көркем Алатаудың етегіндегі Алматыдан елорданы көшіруге қарсы болдым. Тек қарсы болған жоқпын, Президентке құлаққағыс ретінде «Егемен Қазақстанға» мақала жаздым. Оның себебі былай: Тәуелсіздік алып жатқан шағымыз, сол кезде Елбасыны жергілікті халық қолдады да, басқалар кішкене қытымырлау болды ғой. Түрлі ұйымдар бас көтеріп жатты. Соның бәрін мақаламда ашып жазып: «Оңтүстік – қазақтың ортасы, ертең солтүстікке барғанда қандай болады деген» мақсатта ой өрбіттім. Соны Нұрағаң оқыған ғой, кейін бір кездесуде маған қадалып тұрып: «Осының бәрі қазақтың жері, ана жағымыз­да орыстар көп, мына жақта қазақтар көп деп отырсақ, жеріміз жер болмайды. Қайта керісінше, ағайынды сол жаққа апаруымыз керек. Көресіңдер әлі, мына көшпен барғандардың елордаға сыймағандары арғы қарай өтеді» деген еді. Мемлекет басшысының осы сөзі шындыққа айналды.
Қазір Арқаға әбден үйрендік. Алматыға барсам, тынысым тарылып, Астанаға жеткенше асығамын. Суыққа да бойымыз үйренді, ширақ, көңілді жүресіз.
Жалпы, Алматыдан «Егеменмен» қоныс аударған біраз журналистерге жақсы жағдай жасалды. Алғаш келгендерге редакцияның есебінен 20 үй сатып алып бердік. Сөйтіп, Алматыда баспанаға қолдары жетпей жүрген әріптестер пәтерге ие болды. Кейін солардың балалары: «Ержұман атам алып берген үй» деп айтып жүреді екен.
Ұзақ жылдар журналистиканың қара жұмысына жегілдіңіз. Әріптестеріңіз секілді том-том кітап жазған жоқсыз. Осы салада потенциалымды толық аштым деп ойлайсыз ба, әлде жүрегіңізді қажайтын уайымыңыз бар ма?
– Алып-кетіп бара жатқан уайымым жоқ. Журналистің бәрі жазушы болу міндет емес. Ғұмырымда төрт кітап жазыппын. «Достар еске түскенде», «Ағалар естен кетпейді», «Өмір деген жол үсті» және «Әулет» деген. Соңғы жинақ әкемнің арманы болатын. Соны жүзеге асырдым. Қазір әулетіміздің құнды дүниесіне айналды. Бәріміз кітап жазып кетсек, оны кім оқиды? Сауатты оқырман да керек.
Жалпы, менің өз өмірімде ұстанатын қағидаларым бар. Алпыс үшке толғаннан кейін де жұмыс істей берсем болушы еді. Пайғамбар жасына келген күні демалысқа шығамын деп арыз жаздым. Ертеңіне Сауытбекке телефон шалып: «Сауке, мен енді редакцияға келмеймін, көп жыл бірге істедік, қатем кеткен жерім болса айт, газетке барымды бердім деп ойлаймын» деп ойымды айттым. Менің орнымды ол 3-4 ай ұстап отырды. Редакция алқасынан фамилиямды да өшірген жоқ. Қайта маған: «Әлі үш-төрт жыл бірге істесек деп едім, бірге кететін едік қой» деп ренішін білдірді. Алпыс үшке толғаннан кейін зейнеткерлікке шығуды өкімет босқа ойлап тапқан жоқ. Оның бәрі ғылыми дәлелденген. Өзім ешкімге енді масыл болғым келмеді.

ӨЗІММЕН БІРГЕ КЕТЕР ӨКІНІШІМ

Бір естелігіңізде «Біраз марапатқа қол жеткіздім. Бірақ осының бәрі ГКЧП кезіндегі бір осалдығым үшін текке берілген деп санаймын» депсіз. Ол қандай осалдық, тарқатып айтасыз ба?
– Сол алмағайып күні басылымының бас редакторы Шерағаң сырқаттанып, ауруханада жатты. Бірінші орынбасармын. Осы кезде осы оқиға туралы жөн сұрайтын тірі жан таппадым. Теледидардан КСРО Жоғарғы кеңесінің төрағасы Лукьяновтың мәлімдемесін, КСРО-вице президенті Г.Янаевтың жарлығын және КСРО-дағы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің үндеуін тыңдадым. Тікелей эфирден баспасөз мәслихатын жасағандардың қолдары дірілдеп, тұтығып сөйлеп отырды. Соның бәрін көріп, алдамшы дүние екенін сезіп, газетті шығармайын деп ойладым. ТАСС-тың ленталарымен Мәскеуден асты-үстіне толы ақпараттар келіп жатыр. Оны Әбдіәзиз Алдаберген оқиды. «Әз аға, біздің бір артық нөмір бар, бүгін верстка жасамай-ақ қояйық» дедім. Менің ақылшым – сол. Шерағаң ауырып жатыр, кімге ойымды айтарымды білмеймін. Содан Орталық Комитеттің баспасөз қызметінде істейтін Николай Ларин деген қызметкерді тауып, оған айтсам: «Ержұман, басыңа пәле іздеп қайтесің, ертең бәрі шығады, «Казправда» газеті тып-тыныш шығып жатыр ғой» деді. «Коля, мынау басқа нәрсе ғой десем, «онда өзің білесің» деп теріс аунап кетті. Сол күні Орталық Комитеттен сөйлесетін бір адам болмады. Содан кеш болды. Корректорлар келіп жатыр. Әзіз барлық ақпаратты жинап алды. Біздің артық шыққан нөмірімізге «ертең газет шықпайды» деген сөз жазылмаған. Әзіз айтты: «Ертең соны қазбаласа бәле болады, шығарайық» деді. Содан кешкі сағат 10.00-де газет шығаруды бастадық. Мәскеуден жеткен барлық ақпаратты суретімен салдық. Басқа амалым болмады. Қазір осы ісіме қатты өкінемін. Газетті шығармасақ, ештеңе болмайды екен. Өзіммен бірге кетер өкінішім. ГКЧП оқиғасы жайында, сол кезде Қарағанды облыстық газетін басқарған Нұрмахан Оразбек: «Иә, бұл – төңкеріс» деп мақала жазды.
Газетте жүргенде ойыңыздан кетпейтін оқиға болды ма?
– Әрине, кездесті. «Егемен Қазақстанда» бас редактормын. Таралым мәселесімен Семейге барғам. Ондағы ағайын: «Семей облысы қашан ашылады, ол қайтсе де ашылу керек» деген сауалды алдымнан кес-кестеп қойып отырды. Сөйтіп, іссапарда жүргенде «Елбасымен кездесу болады, тезірек жетіңіз» деген хабар келді. Семейдегі леппен келген мен, сол сұрақты Президентке қойып жібердім. Ол кісі аларып бір қарады да, басқа әңгімені айтып отырды да, жаңағы сұраққа көшті. «Мен Семейді Шығыс Қазақстанға, Торғайды Қостанайға, Жезқазғанды Қарағандыға бекер қосқан жоқпын, оның бәрінің себебі бар. Әй Ержұман, түсінесің бе, жалпы, қазақтар әр облыста көп болу керек» деп маған жауап қайтарды. Елбасының осы сөзін ертеңіне газетке шығардым. Негізі, ол сұрақ протоколда болмаған. Президенттің баспасөз хатшысы сол кездегі Қоғамдық келісім және ақпарат министріне менің атыма шағым түсіріпті. Министр шақырып алып, «Тәртіп болу керек, бұл қойылатын сұрақ емес еді, сөгіс жариялаймын» деді. Біздегі мақаланы «Жас Алаш» газеті көшіріп, басып жіберген ғой. Оған мен еш ренжіген жоқпын. Елбасының өзі соны басқаныма разы болды. Бұл мәселені газетте алғаш осылай ашық айттық.
Бауыржан Омарұлы: «Партияның бас газеті – «Социалистік Қазақстан» да, биліктің бас кеңсесі – Орталық Комитет те Ерекеңе галстук тақтыра алмады» деп жазыпты. Сол шүберекті шынымен ұнатпайсыз ба?
– Таза галстук таққан жоқ­пын дей алмаймын. Баяғы да «СҚ-да» істеп жүргенде Орталық Комитеттің жиналысына галстук тағып бармасаң, кіргізбейтін. Соны білетін Балғабек Қыдырбекұлы ағам: «Әй, анау галстугыңды тағып бар» дейтін. Өмірде бірнәрсенің қысып тұрғанын ұнатпаймын. Шалбарыма дейін белдік салғым келмейді. Ал галстук тақсам, алқымымды қысып, дем жетпегендей болады. Еркін киініп, еркін жүргенді жақсы көремін. Бауырым, біраз сөздің басын қайырдық. Мен бір кісіге алғысымды айтқым келеді. Ол – менің жұбайым Жақан. Газеттің жұмысымен түн қатып, күн қатып жүрген кезімде жаныма қамқоршы болды. Екеуміз бір сыныпта оқыдық. Содан отау көтердік. Биыл шаңырақ құрғанымызға 45 жыл толады. Жетпіс жылдығымды атап өткім келмейді. Енді бес жыл шыдап, жетпіс беске жетейік. Сонда біржола алтын тойымызды жасаймыз деп балаларыма айттым. Өйткені адам алға бір мақсат қойған дұрыс. Соған жетем деп үмітпен өмір сүреді. Бір ұл, бір қызым бар. Олардан өрбіген алты немерем бар. Немере деген ыстық. Солардың қызықтарына бөленіп, бақытты қарттық ғұмырды кешіп жатырмыз.
Жылы әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан  Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды