«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақбұлақ өзенін аялайық!

0 46

Астана – көрген жанды сұлулығымен таңғалдырар әлемдегі жас қалалардың бірі. Жас та болса әлемдік маңызды іс-шараларды қабылдайтын мегаполиске айналып келеді. Тиісінше, туристер саны да жыл санап артып барады. Мәселен, өткен жылдың жартыжылдығында елордаға өзге елден 415,3 мың қонақ келіпті. Еңселі елордамыздың жүздеген мың шетелдікті тамсандырар сұлу орындары аз емес. Демалысқа қолайлы, көрікті орындардың бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы Ақбұлақ өзені.

Бастапқыда аталған оқу орнының маңайы ғана абаттандырылып, қалған тұсында қамыс өсіп тұратын. Бірақ бертін келе, 2007-2008 жылдары қалалық басшылықтың игі бастамасымен Абылай хан даңғылында орналасқан көпірдің арғы тұсы да көркейтілді. Тек қана әдеміленіп қоймай, бұл тұсқа жағажай салынып, қала тұрғындарының шетел аспай, шомылу мау­сымын Астанада өткізуіне мүмкіндік жасады. Қарапайым халық күн арқан бойы көтерілгеннен өзенге шығып, күн ұясына батқанша сауық құратын. Маңынан өтіп бара жатқан жұрт өзенге бір малтып шығып, шаруасына ары қарай кететін сәттер де кездесетін. Сол жылдары тіпті Астанадан Бурабай демалыс аумағына баратындардың қатары сирей бастады. Елорда мен аталған мекеннің ауа райы көбіне ұқсас келгендіктен, жұрт 200 шақырым жол жүрмей-ақ, Ақбұлақ өзеніне шомылуды жөн көретін. Бұл бас қаламыздың 10 жылдығына орай ұйымдастырылған керемет іс еді. Осындай игілігі мол іс кейіннен тұралап қалды. Өзен уақытында тазартылмағаннан кейін ластана бастады. Түбі шыны бөтелкелерге, түрлі заттарға толғаннан кейін суға түскен адам жарақаттанып қалатын. Су жағасы бірте-бірте қоқысқа тола бастады. Құм үстіне арам шөп қаптап, оны жұлған ешкім болмады. Осыған ұқсас кемшін тұстары арта бастағаннан кейін ақырында тастанды жағажайлардың біріне айналды.

Балықшы­ларымен ерекшеленген өзен

Қазақ жерінде ірілі-­ұсақты 85 мың өзен бар екен. Әрқайсысы өзіндік қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады. Ал Ақ­бұ­лақ өзенінің сәнін балық­шылар келтіріп тұр. Мұнда Каспий теңізіндегідей бекіренің, қызыл балықтың түр-түрі жоқ. Бірақ таң сәріден шабақ аулауға шығатындардың қатары қалың. Бірі ермек үшін ауласа, енді бірі күнделікті ас-суын айырып отыр. Соның құрметіне осыдан бірнеше жыл бұрын елорда өзендеріне ондаған мың шабақ жіберіліп, балықшылар марқайып қалған еді.
– Өз басым балық аулауға ылғи таңғы 4-5 ша­­масынан, ермек үшін шы­ғамын. Қармағыма тым ұсақтары түсіп жатса, босатып жіберіп, келесісін аулаймын. Содан кемінде үш-төрт сағат тапжылмай отырып, сүйікті ісіммен айналысқанды жөн көремін. Күн аздап көтеріліп, айнала ыси бастағанда үйіме қайтамын. Аулаған балықтарымды немерелерім ұйқысынан тұрғанша қуырып, дайындап қоятыным бар. Міне, осылайша таңғы асымызға көбіне жаңа ауланған балықты пайдаланамыз. Айта кетер бір мәселе, биыл балықтардың қатары сиреп қалған ба, білмедім, қармағымды бұрынғыдай қаппайтын болды. Өткен жылдары төрт-бес келіге дейін аулайтын едім. Қазір екі есе азайды, – дейді Ілияс есімді балықшы.
Ақбұлақ жағасында балықшылардың нақты бір маусымы жоқ, мұнда жазда келсеңіз де, қыста келсеңіз де қолына қармағын ұстап, суға үңіліп отыратын жандар аз емес. Тіпті қаңтардың шықырлаған аязында да мұзды дөңгелете ойып алып, шағын күркесінің ішінде балық аулағанына куә боласыз.
2013 жылдың қыркүйегінде ТМД елдеріндегі экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаны қорғау жылын өткізу аясында Есіл өзеніне 20 мың тұқы балығының шабағы жіберілгені, оған қосымша өзендегі балық санын көбейту үшін Майбалық тәлімбағында өсірілген тұқы балығының уылдырығын жіберу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған. Сол игі іс уақыт оздырмай, алдағы уақытта қайта жанданса, елорданың көркіне көрік қосар еді.

Балалар бағы

Ақбұлақ маңы – Астанадағы сұлу орындардың бірі. Мұнда демалысқа керектінің бәрі бар. Өзенді жағалап, Тәуелсіздік көшесіне қарай беттесеңіз, балаларға арналған саябаққа кез боласыз. Оның іші бүлдіршіндердің у-шуына, шат күлкісіне толы. Көктемде қар еріп, күн жылынған кезден балаларын ертіп ата-аналары ағыла бастайды. Мұнда аяғы жаңадан шыққан сәбиден жасөспірім жастағы балаларға арналған ойынның түр-түрі жасалған. Тек көңіл көтеріп қана қоймай, спортпен шұғылдануға да мүмкіндік бар. Балаңыз альпинист болуға қызықса, өрмелеп шығуға арналған дуал да, одан бөлек епті жүруді дамытатын аттракцион да бар. Ал балалар жығылып, жараланып қалмас үшін арнайы жұмсақ төсемелер қойылған. Тегін аттракциондар жалықтырып жіберсе, ақылы түрінің сан алуаны тұр. Қысқасы, мұнда жас жеткіншектердің көңіл көтеруі үшін бәрі бар.
Дегенмен жаңаның да ескіре­тін шағы келеді. Өткенге көз жіберіп көрсек, бұл ойын алаңының салынғанына он бес жылға жуық уақыт болып қалыпты. Соңғы жылдары ойын-сауық орнының ескіргені байқалатын болды. Жұмсақ төсемелері жырық, кей сырғанақтары құлап, әткеншектері үзіліп тұрғанына куә болып жатамыз. Балалар мінсе сықырлап, сынып қалатындай әсер қалдырып жатады. Осыны байқаған кей ата-ана баласының қасынан екі елі алыстамайды. Мұндай ойын алаңында жарақат алып қалу қаупі өте жоғары. Ара-тұра жөндеу жұмыстары жүргізілгенмен, аттракциондардың көбінің механизмі ескіріп қалған. Жөндеуді емес, кейбірі толық ауыстыруды қажет етеді. «Балалардың көз қуанышы» болып жүрген бұл орын тезірек жаңартылса деген тілек бар.

Қалың масаға «жем» болдық

Бұл маңай демалыс орындардың бірі болғанмен, биыл мұнда аса көңіл бөлінбей жүргені жасырын емес. Өзеннің екі жағы да саябақ, шағын орман іспеттес. Сулы әрі «орманды» жер болғаннан кейін масасы да аз емес. Дер кезінде оған қарсы дәрісі себіліп тұрмаса, демалысыңның берекесі кетеді. Елордамызда туризм саласы ілгері қадам басып жатқандықтан, мұнда келетін қонақтар аз емес. Қала тұрғындары мен қонақтары масаның көптігіне шағымданып жатады. Ал биылғы себілген дәрі-дәрмектің нәтижесі былтырғымен салыстыруға келмес. Серуендеуге барсаң масаға «жем» болып келесің. Одан қала берді өзен жағасындағы газон шөбінің уақытында қысқартылып тұрмайтыны тағы бар.
– Биыл не болғанын білмеймін, былтыр маса мұндай көп емес еді. Бәлкім, өткен жылы ЭКСПО өткен­діктен көбірек көңіл бөлінген шығар. Қазір өзен жағасында емін-еркін серуендеу кейде оңай емес. Масаға таланбас үшін ұзын киінуді жөн көреміз немесе күн салқындау кезде шығамыз, – дейді Рақымжан есімді қала тұрғыны.

Маңайы ластанып барады

Мәселенің тағы бір шеті өзен суының уақытында тазаланбауында болып тұр. Бұл проблема соңғы жылдары өзекті болып бара жатқаны жасырын емес. Былтыр мұнда шағын катамаран қайық­тары жалға берілетін, биыл, өзен суының ластығынан болар, алынып тасталды. Су астындағы балдыр шөптер өсіп, кей тұстары бақаның көлшігіне ұқсас беті жап-жасыл болып тұрады. Одан қала берді су бетінде қоқыстың да жиналып қалатынына куә боламыз. Ал дер кезінде балдыр шөбі жұлынып, қоқысы тазаланбаса, су асты лайланып, бірте-бірте таяздана береді. Мұның да экологияға өзіндік зия­нын тигізері анық. Міне, осындай олқылықтардың түзелмеуінен Ақбұлақтың қазіргі күйі бір кездері жағасы қамыс, іші масаға толған, қолаңса иісі мұрын жаратын «Соленая балканы» еріксіз еске түсіреді.
Салыстырмалы түрде алайық, өткен айда ғана футболдан дүбірлі додада Франция құрамасының чемпион болғаны белгілі. Дәл осы чемпиондық атақты тойлау үшін Париж қаласында алаңға шыққан жұртта есеп бол­мады. Нәтижесінде аз­даған уақыт ішінде бұл орын қоқыс алаңына ай­налып шыға келді. Ал қа­ла басшылығы тазалық жұмыстары үшін бірнеше сағат уақыт қана жұмсапты.
Жоғарыда аталған тілектер мен ұсыныстар уақыт оздырмай жауапты мекемелер тарапынан қолға алынып, шара қолданы­лып жатса, еңселі елордамыздың көркі мұнан да асқақтай түсері сөзсіз.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды