«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақ олимпиададағы алғашқы жүлде

0 21

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында басталған Олимпиада ойындарында жеңімпаздар мен жүлдегерлердің құрметіне мемлекет тулары көтеріліп, әнұрандар шырқалып жатыр. Осындай жүрек тебірентерлік қуанышқа Қазақстан жанкүйерлері де кенеліп үлгерді.
Биыл үшінші рет Олимпиада ойындарына сапар шеккен фристайлшы қызымыз Юлия Галышева қола жүлдегер атанды. Сайыпқыран спортшымыздың осы жеңісі Қазақстан туын Олимп төрінде желбіретті.

  Галышева алғашқы сыннан 75,10 ұпаймен сүрінбей өтті. Екінші финалда көрсеткішін сәл жақсартып, 76,81 ұпай жинады. Сөйтіп жүлделі орындарға таласатын үздік алтылықтың соңы болып, шешуші финалға шықты.
Үшінші финалда ол жарыс жолын бірінші болып бастады. Ақтық сайыста 77,40 ұпай алып, өзінің үздік нәтижесін тіркеді. Одан кейін шыққан бес могулшының екеуі ғана мұның алдын орады. Соның бірі франциялық Перрин Лаффон (78,65) алтын алса, канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант (78,56) күмісті иеленді.
Осылайша үздік үштікті түйіндеген Юлия Галышева ұлттық құраманың еншісіне алғаш болып жүлде салды. Және бұл – тарихта осы спорт түрінен Қазақстанның Олимпиададағы бірінші медалі.


Сайыстан кейін журналистерге берген сұқбатында спортшы жарысты бірінші болып бастаған оңай емес екенін, өзінен кейінгілер зор шығып, төмен сырғып кетем бе деген толқудың болғанын жасырмады. Ол «төртінші орынға түсіп қалғаннан гөрі бесінші бола салған әлдеқайда жақсы» деді.
Сол күні күн райы айтарлықтай суық болды. Оның үстіне Галышева үш апта бұрын АҚШ-тағы жарыста қолын сындырып алған. Бұл туралы шетелдік басылымдар ол қолын «гипспен» орап шыққан деп жазды.
25 жастағы могулшы бұған дейін екі Олимпиадаға қатысып, бірінде 11-інші, екіншісінде 7-орыннан көрінген.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды