«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақ бұлақ арнасы ластанып тұр…

0 30

Еңселі елордамыздың көз сүйсінер тұстары аз емес. Солардың ерекшесі, Нұр-Сұлтанның көркіне көрік қосып тұрған орындардың бірі – Ақбұлақ арнасы. Бұл өзен бастапқыда ілбіп аққан кішкене ғана арық су болатын. Өткенге көз жіберсек, жергілікті тұрғындар оны «Гребной канал», «Соленая балка» деп те атайтын. Жағасы қалың қамыс, маңайы толған маса болатын. Бас қаламыз Ақмолаға ауысқаннан кейін жағдайы жақсарып, атауы да әдемі болды.

Жаздыгүні шілде болғанда…

Бастапқыда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғана айналасы жөнделіп, қалың қамыстың орнын гүлбақтар мен саябақтар басты. Бірақ уақыт өте келе Абылай хан көшесіндегі көпірдің арғы тұсы абаттандырылып, тіпті шағын жағажай да салынды. Сол тұстағы астаналықтар үшін бұл үлкен қуа­ныш еді.
Күн жылынып, шомылу маусымы басталған уақытта маңайын­дағы жұрт екі жаз қатарынан қызығын көрді. Дәл осы орын сол тұстағы Астана қаласы – тек қызметтік қала деген ұғымды көмескілегендей болған. Алайда үшінші жылға қараған шақта Ақбұлақ маңайына шомылуға тыйым салынғаны туралы белгілер орнатылып, жағажай жабылып қалды. Оған тұрақты тазалық жұмыстары жүргізілмегендіктен жағасы қоқысқа, ал су асты балдыр шөпке толып кетуі себеп болды. Жағажай жабылғанмен, біраз уақытқа дейін қоршау орнатылмай ашық тұрды. Күн жылынған шақта ара-тұра шомылуға жиналатындары да кез­десіп жатты. Бірақ жағдайы бұрынғыдай болмады.
Еліміз Орталық Азияда орналасқандықтан алып теңіз-мұхиттардан алшақ жатыр. Дегенмен өзіміздегі барды өзгеден іздемей кішкене ғана өзенімізді тиімді пайдалануға болады-ақ. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қала ішінде жағажайлары орналасқан біраз мекен бар. Солардың ішінде Испанияның Барселона, Ресейдің Саратов, Новосибирск қалаларын ерекше мысалға алуға болады. Апта бойы жұмыста жүрген жұрт демалыс күндері қала ішіндегі жағажайларда бас қосады. Оған барамын деушілер үшін кіру тегін. Біразы сол орындарда саудасын жүргізіп, нәпақасын тауып жатыр. Қала бюджетіне де қомақты қаржы түседі. Демаламын деушілер үшін бәрі қарас­тырылған. Ал қауіпсіздік үшін су астына арнайы торлар орнатылып, өлім қаупінің алдын алады екен. Міне, бұл қалалардың тәжірибесін Ақбұлаққа да қолдануға жағдай бар. Осы арқылы жұмыссыз жүргендерді маусымдық жұмыспен қамтамасыз етуге болады.

Суретті түсірген Сұлтан Сейіт

Демалысы үскірік, аяз бен қар

Нұр-Сұлтан аязды қысымен, қалың қарымен, ақ боранымен ерекше. Ал Ақбұлақтың қыстыгүнгі жағдай тіптен бөлек. Бірі аяғына конькиін, шаңғысын киіп шықса, енді бірі қолына шаңғысын ұстап, уақытын тиімді өткізеді. Мұзайдын ашылған жылдары сырғанақ аумағы ЕҰУ алдынан басталып, Тәуелсіздік даңғылындағы көпірге жетеғабыл жалғасатын. Ал демалыс күндері құжынаған жұртта есеп жоқ. Мұндай айдын елорданың өзге тұстарында ашылғанмен, көпшілік Ақбұлаққа барғанды тәуір көретін. Бұл конькиді жалға беретін саудагерлердің саудасы қызып тұрған шақ. Оған кезек ұзын-сонар. Сол себепті көпшілік ерте барып әрі таңғы таза ауамен демалғанды жөн көретін. Мұз үстімен сырғанаған адам Арқаның алты айғы қысын естен шығарып, уақытын көңілді өткізеді. Астаналықтардың әсіресе, коньки спортына дендеп көңіл бөле бастауы Ақбұлақ айдынының ашылуымен тікелей сабақтасып жатыр. Бұл бас қаламыздың көркін одан сайын арттыра түсті. Алматы тұрғындары үшін Медеу­дің орны қандай болса, астаналықтар үшін Ақбұлақтың рөлі одан кем емес.
Бірақ соңғы жылдары Ақбұлақ айдынынан сән кетіп, оған баратын тұрғындардың қатары азайып барады. ЕҰУ мен Тәуел­сіздік арасындағы сырғанақ алаңы едәуір кішірейіп, жұрттың бұрынғыдай еркін сырғанауына ыңғайсыздық туып отыр. Кейде бір-біріне қатты соқтығып, жарақаттанып қалатындары да кездеседі. Қала берді айдын беті уақытылы тазаланбай ойқы-
шойқы болып, еркін сырғанауына кедергі келтіреді. Ал жарықшақтарына аяғың кіріп кетсе, жазым болмау екіталай.
Бас қаламызға саяхаттап келетін туристер қатары жыл санап артып барады. Бұл ақпарат беттерінде де жиі-жиі хабарланып жатыр. Егер жазғы-қысқы маусымдағы осы бастамаларды қайта жандандырса туристердің көбірек келуіне де септігін тигізер ме еді?!

Бақаның көлшігіндей жап-жасыл

Бас қаламызда күн жылынып, тіршілік қайта ояна бастағанына көп бола қойған жоқ. Енді жазғы маусымға дайындық қызары сөзсіз. Осы орайда айтарлық үлкен мәселе, өзен суы лайланып, балдырға тола бастағанда таязданатынын осыған дейін де жазғанбыз. Жақында Абылай хан көшесіндегі көпірдің арғы жағы таяздана бастағанына куә болдық. Судың тереңдігі 1,5 метрден кем болмауы керек. Ал Ақбұлақта тіпті 20-30 см болып жататын тұстарды байқауға болады.
Су астына балдыр шөп қаптап, кей жері тіптен жап-жасыл болғандығы сондай бақаның көлшігін еріксіз еске түсіреді. Ал жақында қар еріп, мұз үсті қыс бойғы жұрттың қоқысына толып кетті. Жалпы, Ақбұлақтың қоқысқа толуы жаздыгүндері де жиі кездесіп жатады. Бұл да экологияға өзіндік зиянын тигізері анық. ЭКСПО өткен 2017 жылы бұл орын ерекше күтімде болғанымен, кейінгі жылы қараусыз қалды. Мұнда шағын катамаран қайықтары жалға берілетін, өзен суының ластығынан болар, былтыр алынып тасталды. Міне, осындай олқылықтардың түзелмеуінен Ақбұлақтың қазіргі күйі бір кездері жағасы қамыс, іші масаға толған, қолаңса иісі мұрын жаратын «Соленая балка» немесе «Гребной канал» шағын еріксіз еске түсіреді.
Өзеннің жағасы мен су астының тазалығына қандай мекемелер жауапты? Осы мәселенің анық-қанығына жауап алмақ болып, бірер ай бұрын ұйымдас­тырылған ашық есік күнінде Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мамандарына жолықтық.
– Жағалауды, өзен бетін қоқыс­тан тазалау – аудан әкімдіктерінің құзыретінде, ал судың тазалығына – біз жауаптымыз. Жалпы су бетінің жап-жасыл болып жатуы күн ыстық уақытта кездеседі. Ол Ақбұлақтың таязданып, асты балдыр мен топыраққа толып кеткенінен болады. Су астындағы бактериялар бетіне шығып, бақаның көлшігіне ұқсап қалады. Бұл мәселе қазір пысықталып, сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Тиісті қаржы бөлінсе, биылдан бастап тұрақты тазалау жұмыс­тары қолға алынады. Яғни, су астындағы қалдықтарды дер кезінде сорып алып тұрамыз, – деді басқарманың қызметкері Әбдіманап Жұмаділдаев.
Айта кетерлік тағы бір мәселе, ЕҰУ алдындағы жиектастардың көбі тозып, айналасына былтыр­дан қалған қурайлар қаптап кеткен. Елорданың ең көрікті тұстарының бірін сұрықсыз етіп отырған да – осы. Алматы ауданының әкімдігі бұған да ерекше назар аударғаны жөн.
Жақында Ақбұлақтың бойы­мен жаяу жүріп отырып, пойыз жолына дейін аралап шықтық. Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіндегі көпірден асып түскенімізде көз алдымызға Нұр-Сұлтанның өткен ғасырдағы Целиноград шағы еріксіз елестей жөнелді. Жағасы қамыс пен қурайға толы. Соңғы екі-үш жылда орылмағаны айдан анық. Одан қала берді адам жүретін жолдың айналасы да, маңайындағы саябақта дәл осы кейіпте. Бейне бір тастанды қала секілді әсер қалдырды.
Ақбұлақ арнасы аялауды қажет етеді. Тек аудан әкімдіктері мен жауапты басқармалар ғана емес, қарапайым халық та назар аударуы қажет. Қыс бойы қар астында жатқан қоқыстардың көптігі мұз ерігенде астаналық­тардың шынайы бет-келбетін көрсетті. Бір сәт осыны ойлап, дана халқымыздың тәрбиесімен сусындап, судың да сұрауы барын білгеніміз жөн.
Жақында елорда әкімдігінің ұйытқы болуымен «Нұр-Сұлтан – таза әрі қауіпсіз қала» атты экологиялық екі айлық сенбілік басталды. Бәлкім, осы сенбіліктің бірін Ақбұлақтың бойына ұйымдастырған жөн болар ма еді?! Қала қазынасын үнемдеу өз алдына тазалықты сүйетін халқымыз бұлақ көзін ашуды ежелден сауапты іс деп білген.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды