«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аптап ыстықтағы авто аламан

0 49

Әлемнің ең экстремалды автокөлік жарысы – «Дакар-2018» Перу астанасы Лима қаласынан бастау алды. Қазақстандық «Астана» командасы қатысатын ралли-марафон бұл жолы Оңтүстік Америкадағы үш мемлекеттің – Перу, Боливия және Аргентина аумағында өтеді.

 Аптап ыстықта да аптығы басылмайтын, тас шайнап құм түкіретін автошабандоздар жиналған осынау қауіп-қатері қатар жүретін жарыс қырқыншы рет ұйымдастырылып отыр.

«Дакар» 342 экипажбен Перу астанасынан жолға түсіп, Писко қаласына қарай бағыт алды. Бүгінде Писко қаласын айнала «шапқан» көліктер аламаны 267 километрді бағындырып, екінші кезеңді тәмамдады.

Артур Ардавичус бастаған «Астана» командасының жүк көлігі экипажы мәреге 15-інші болып жетті. Оларға кедір-бұдыры шыққан жол айтарлықтай кедергі болып, техникалары сыр беріп, біраз уақыт жоғалтыпты. Бірақ Ардавичус алда тұрған қиын кезеңдерді аяғына дейін басып өтетінін, қай жерде қарқынын бәсеңдетіп, қай тұста екпінін үдететінін бес саусақтай білетінін айтып, жанкүйерлерін жерге қаратпайтынын жеткізді.

Бұған қоса, квадроцикл тізгіндегендердің тартысында да елордалық команда алғашқы 15-тің қатарында болды. «Астана» сапынан Дмитрий Шилов он үшінші болып келсе, Максим Антимиров он бесінші орынға тұрақтады. Антимировке бұл – «Дакардағы» дебютті жарысы.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды