«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аппенин түбегінде «Абай» шырқалды

0 43

«Астана Опера» театрының Италияға жасаған гастрольдік сапары аяқталды. Астаналық өнер ұжымы Генуя қаласындағы «Карло Феличе» театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын (либреттосын жазған М.Әуезов) және әлемдік классика саналатын Л.В.Бетховеннің №9 симфониясын талғампаз жұрттың назарына ұсынды

«Астана Операның» Аппенин түбегіне бұл алғашқы сапары емес. Осыдан үш жыл бұрын бас қала өнерпаздары италиялықтарды өнерімен тәнті еткен еді. Осы жолы арнайы шақыртумен опера солистері, симфониялық оркестр музыканттары, хор, балет және миманс әртістері, гримдеушілер, жарықтандырушылар, реквизиторлар мен сахна машинистері барды.
Бұдан бұрын «Абай» операсы Германияда неміс тілінде орындалды. Ал Италияда бұл опера қазақ тілінде тұңғыш рет шырқалды. Абай партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Астана Опера» театрының жетекші солистері Сүндет Байғожин мен Жанат Шыбықбай орындады. Ажар партиясы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Майра Мұхамедқызы және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтайға бұйырды. Симфония­лық оркестрге осы спектакльдің қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев жетекшілік етті.
«Астана Опера» театры баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Абайды» тамашалауға халық өте көп жиналып, залда ине шаншар орын қалмады. Операны көруге Ахмет Жұбановтың немересі Тұрар арнайы ұшып келді. Қойылым аяқталған соң, көрермендер әртістерден қолтаңба алуға асықты.
Төрт бөлімнен тұратын, Шиллердің «Шаттық» одасының мәтініне жазылған Л.В.Бетховеннің №9 симфониясына да жұрттың ықыласы тамаша болды. Олар алған әсерлерімен концерт аяқталған соң бөлісіп жатты. Аталмыш шығарма дәл осы залда үш жыл бұрын да орындалған. Көрермендер астаналық өнерпаздармен сағыныса қауышты. Өнерде шекара болмайтынын осы гастрольдік сапар қайта дәлелдеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды