«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Апаттың алдын алуда қандай сақтық шаралары ұйымдастырылуда?

0 96

Жуырда ғана Қарағанды мен Шымкент қалаларында болған қайғылы оқиға кезінде қаза тапқандар болды. Тұрғын үйден шыққан төтенше жағдайға қазандықтың және газ-ауа қосындысының жарылысы себеп болған. Астана қаласында да осындай ескі үйлер көп болғандықтан, апатты үйлердің қауіпсіздігіне назар аудару керек. Осы ретте тиісті мекемелер сақтық шараларын қалай ұйымдастыруда?

newsbel-by-6-11-2016-am0zcqi8dwkgdk47s2vpsciq6ztgls9w

– Астана қаласында сұйытылған газды тұрмыстық қолдануға қатысты заңды және жеке тұлғалармен түсіндіру жұмыстары жиі өткізіледі, – дейді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясының маманы Мақсат Абылов. Оның айтуынша, бүгінгі таңда пәтер иелерімен, басқарушы мекемелермен (ПИК, ТҚК), заңды тұлғалармен кездесу кезінде қауіпті деп танылған 34 жағдай анықталып, тез арада тоқтатылған. «Сонымен қатар, тұрғын үй аулаларында және кіреберістерде қауіпсіздіктің алдын алу үшін қаланың апаттық және «109» қызметімен бірлесіп тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 234 шұғыл сапар ұйымдастырылып, оның шығу себептері нақтыланды» дейді ол. Сол сияқты Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Орал Абдрахмановпен тілдесіп, қаладағы ахуалды білген едік.
«Өткен жылы Астана қаласы аумағында 811 өрт тіркелді. 19 адам қаза болған еді. Оның алтауы – балалар. Тілсіз жаудан келген материалдық шығын көлемі 17 млн теңгеден асады. Өрт көбіне жылыту маусымында тіркеледі. Әсіресе, жеке үйлерде. Мәселен, 2016 жылдың қорытындысына сүйенсек, тіркелген 411 оқиға тұрғын үй секторына тиесілі. Сондай-ақ, 164 автокөлік өртенсе, құрылыс алаңдарында 64 оқиға тіркелген. Әрине, мұның бәрі қауіпсіздік ережесін сақтамағандықтан туындаған. Электроқұралдарын дұрыс қолданбау, монтаждау жобаларын сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру, тағы басқа себептері бар» дейді Орал Абдрахманов.
Шындығында, Астана қаласында саяжайда тұратындар көп. Ол үйлер қыс мезгіліне арналмағандықтан, көбіне жылыту пештерінің дұрыс орнатылмауы қайғылы оқиғаға ұласады. Осыған байланысты департаменттің инженерлік-инспекторлық құрамы мен баспасөз қызметі түрлі брифингтер, баспасөз конференцияларынан бөлек, ауқымды алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
«Өрт қауіпсіздігін насихаттау мақсатында, қала оқушыларына интерактивті сабақтар жиі ұйымдастырылады. Мамандар жеткіншектерге қауіпсіздіктің негізгі шарттары жайында айтып, тақырып шеңберінде бейнероликтер көрсетеді. Айта кетсем, өткен жылы осындай сабақтарға 15 мыңнан астам оқушы қатысты. Ал қала тұрғындарын күнделікті қауіпсіздік жайында құлағдар ету мақсатында Астана қаласының көшелерінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыратын билбордтар ілінген, автобустарда арнайы аудио роликтер іске қосылады. Бұдан бөлек, инженерлік-инспекторлық құраммен әрдайым рейд өткізіледі» дейді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Орал Абдрахманов.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды