-->

ӘНУАР ЖАНҒОЗИН:ТАЯУ АРАЛЫҚТА 30 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Сәрсенбі күні «Елорда ақпарат» медиа ресурсы мен «Астана» радиосының бірлес­кен «Қала тынысы» жобасының кезекті бағдарламасына қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин келді. Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған тікелей тілдесу барысында қала мектептеріндегі орын жетіспеу­шілігі, жекеменшік балабақшаларға жолдама алудағы жеңілдіктер, 5 күндік оқу аптасы, 12 жылдық білім беруге мектепалды даярлық, үштілділік, оған мұғалімдердің дайындығы, ұстаздардың біліктілігін арттыру, оқытушының мәртебесін көтеру сынды бірнеше маңызы бар мәселелер талқыланып, оқырмандар көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды. Дәл қазір қаламыз бойынша қордаланып отыр­ған, газетіміздің бетінде жиі көтеріліп жүрген маңызы бар мәселелердің нақты жауаптарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Алдағы үш жылда Астанада балабақша кезегі болмайды дедіңіздер. Бұған негіз бар ма? Бұл мәселені жекеменшік балабақшаларды көбейту арқылы шешеміз делік, бірінен соң бірі ашылып, мемлекеттен қаржы бөлініп отырған мұндай мектепке дейінгі мекемелерге қандай талаптар қойылып отыр?
– Көптеген ата-аналар Білім басқармасына балабақшалардағы ұзын-сонар кезек мәселесімен жиі хабарласады. Олардың басым бөлігі білім саласы бойынша мемлекеттік тапсырысты жеке балабақшаларда іске асыру механизмі барын біле бермейді. Өткен жылы біз тапсырыс бағасын 15900-ден 23000-ға дейін көтердік. Соның есебінен ата-аналардың жеке балабақшаларға төлейтін ақысы 20800 теңге болды. Салыстырмалы түрде алсақ, мемлекеттік балабақшаларға ата-аналар 16800 теңге төлейді. Өткен жылы осы механизм бойынша жеке балабақшаларда шамамен
4 мың орын қамтамасыз етілді. Биыл қосымша 6500 орынды қамтысақ, келер жылы одан да көбейтуді жоспарлап отыр­мыз. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке балабақшалардан орынды кез келген бала ала алады. Тек, олардың электронды кезекте тіркеуде болуы шарт. Бюджеттік мектепке дейінгі мекемелерде бәріне бірдей орын жете бермейді. Сондықтан біразы мемлекеттік тапсырыс механизмі бо­йынша жеке балабақшаларға барғаны дұрыс. Ол балабақшалардың көбі материалдық жағынан жақсы жарақтанған және коммуналдық жағынан еш кем түспейді. Кадрлық жағы да сондай деңгейде.
– Өзіңізге мәлім, бүгінде қала мектептерінде
145 000-нан аса бала білім алады. Бұл былтырғымен салыстыр­ғанда 20 мыңға жуық балаға көп. Жапсарлас қосалқы ғимараттар бой көтергені болмаса, жаңа мектептер ашылған жоқ. Оқушыны орналастыру мәселесі қалай жүруде?
– Астанада да Алматыдағыдай, Шымкенттегідей мектеп құрылысына қатысты жер бөлу мәселелері бар. Мектептің құрылысын бастау үшін ең алдымен, жерді сатып алу процесі жүреді, одан кейін оны босатып, кең ауқымды бұзу қажет. Ал бұл – біршама уақытты қажет ететін шара.
Биыл бес мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға берілді. Тағы 10 мектептің құрылысын бастадық. Оларды 2018-2019 оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 30 жаңа мектеп пен 10 мектепке қосымша құрылыс салуды да жоспарлап отырмыз. Бұл – Білім басқармасының ғана емес, сондай-ақ, Құрылыс басқармасымен бірігіп отырып атқарылып жатқан жұмыстар. Бұл қай жерде тұрғындар көп шоғыр­ланған, қай ауданға мектеп қажет деген сынды көптеген маңызы бар талдау жұмыстарының негізінде жүзеге асады. Алдағы 3-5 жылда
30 мектептің ашылуы елордадағы білім беру инфрақұрылымын толығымен шешуге мүмкіндік береді.
– № 8 мектеп апатты жағдайда жабылды. Неге оны мектеп оқушылары мен мұғалімдері кеш естіді? Бұл туралы үлкен дау туындады. Енді бұл мектептің орнына жаңа мектеп салына ма, әлде күрделі жөндеуден өтетін болды ма?
– № 8 мектептің жабылуы туралы ақпарат мектеп ұжымына, оқушыларға, олардың ата-­аналарына дер кезінде берілді. «Мұны тек қыркүйекке бес күн қалғанда ғана естідік» деген – жалған ақпарат. Жазғы демалыс кезінде жақын маңдағы мектептерге балаларды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл мектептің барлық оқушылары үш мектепте, №4, 16, 56 мектептерде бөлініп, білім алуда. Ал енді бұл мектеп бұзылатындығы немесе күрделі жөндеуден өтетіндігі әлі белгісіз. Арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеу­де. Сараптама нәтижелеріне қарай көреміз.
– Жақында ғана редакциямызға бір топ ата-ана келді. Олар №7 мектепке де оқушының сыймай жатқанына наразылықтарын білдіріп, бұл мектепке алдағы жылы қосымша құрылыс салына ма, жоқ па, соны сұрады. Бұл мектеп қосымша құрылыс салынатын білім ошақтарының қатарына жата ма? Жалпы алдағы оқу жылында қанша мектеп, қанша қосымша құрылыс бой көтереді деп жоспарлануда?
– Рас, қаламыз бойынша бала саны артып, мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесі пайда болды. Бұл – сырттан көшіп келушілер мен демография­лық өсіп-өнімнің артуынан. Биыл жаңа оқу жылында қала мектептеріне қосымша бес құрылыс нысаны салынды. Жаңа 10 мектептің құрылысы басталып, тағы 30 мектеп пен 10 жанама құрылыс үшін жер телімдері даярланып отыр. Ал аталған №7 мектеп-гимназия­сында балалар тым көп емес. Бұл мектеп бүгінде екі ауысыммен оқуда. Базар маңы, халық көп шоғырланған аудан болғандықтан, жаңадан салынғалы отырған мектептердің екеуін осы ауданға орналастыруды жоспарлап отырмыз.
– Сарайшық ауданында орналасқан «Шұғыла» балабақшасында мектеп оқушыларын ақылы ұзартылған оқуға қабылдап жатыр. Бұл қаншалықты заңды? Егер оларда мектеп жасындағы (1-4 сыныптар) балаларды қабылдап, қосымша оқыта алатындай мүмкіндік болса, оның орнына бүлдіршіндер үшін қосымша екі топ ашып тастауға болады ғой. Ал біз балабақшаларда орын жоқ деп даурығып жүрміз.
– Әрине, сұрағыңыз орынды. Бұл – заңсыз. Ондай жағдайда бізге хабарласу қажет. Біз жұмыс тобымен бірге тексеріс жүргіземіз.
– Бұл жағдай мектептерге де қатысты. Мектептерде орын жоқ деп, оқушыларды сыйдыра алмай жатырмыз. Дегенмен әлі күнге дейін сабақтан кейінгі уақытта ұзартылған мерзімде ақылы оқытатын білім ошақтары қаламызда жоқ емес. Жалпы мұндай қосымша ақылы қызмет көрсете алатын білім ошақтары қала бойынша қайсы мектептерде жүргізіліп отыр?
– Осы күнге дейін ата-аналармен бірге мектеп немесе балабақша негізінде ақылы
қосымша қызметтердің өтуі жайлы көп талқылаулар жүргізілді. Қазір ұсыныстардың барлығы ескеріліп, бірыңғай қосымша ақылы қызметтер бойынша қау­лы шығару жоспарланып отыр. Сол жерде барлық қосымша үйір­мелер мен басқа қызметтердің тізімі енгізілген. Сонда қала бойынша барлық қосымша ақылы қызметтер бір бағамен жүргізілетін болады. Әрине, ол баға аса жоғары болмайды. Өйткені әрбір ата-ананың мүмкіндігі әртүрлі болып келеді.
– Қаламыз бойынша 11 жекеменшік мектеп қана бар. Бұл бас қалаға аз емес пе? Мұндай мектептер ашуға басқарма тарапынан қандай мүмкіндіктер берілген?
– Жекеменшік мектептерді ашу қажет, өйткені сұраныс бар. Басқарма тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге да­йынбыз. Біз өз тарапымыздан ол мектеп орналасатын орынға жер бөліп, әдістемелік тұрғыдан да көмек көрсетуге дайынбыз.
– Колледждердегі тегін кә­сіптік білім беру жобасы қалай жүзеге асуда? Бірінші жылды қалай еңсердіңіздер? Оқуға бұл бағдарлама бойынша қанша студент қабылданды?
– Бүгінгі таңда бұл жоба бо­йынша қаламыздағы 12 мемлекеттік колледждерге 4257 студент қабылданып, білім алуда. Олардың тамақтануына, жол жүру ақысына және студенттік стипендиясына мемлекет тарапынан қаржы бөлінді.
– Білім саласында, жалпы ұстаздық етіп жүрген ер мұғалімдердің азайып кетуі баланың тәрбиесіне де әсер етіп келе жатқанын жиі байқаймыз. Қалай ойлайсыз, мұғалімдікке ер адамдар неге келмейді? Жалақының аздығынан ба? Әлде баланың тәрбиесін, оқытуды әйелге жүктеп қоятын қатып қалған қасаң психологияның әсері ме?
– Бұл мәселе – тек елордамызда ғана емес, Қазақстанда, жалпы әлемде орын алып отыр­ған жайт. Біздің қаламыздағы барлық ұстаздарды алғанда ер азаматтардың саны 30 пайызды ғана құрап отыр. Оның басым бөлігі колледждер мен мектептерде жұмыс жасайды. Дұрыс айтасыз, бұған жалақының аздығы да әсер етеді. Отбасының тірегі, ер-азаматтарымыз өзінің отбасын асырауы қажет. Дегенмен, соңғы жылдары бұл көрсеткіш ептеп артып келеді.
– Мерейлі мереке қарсаңында ұстаздарға, әріптестеріңізге тілегіңізді айтсаңыз.
– Әрбір бала өз мұғалімінен өмірдегі алғаш басар қадамын таба алады. Менің ұстаздарға тілерім, өскелең ұрпақтың алғашқы қадамдарын қолдап, өмір баспалдақтарынан сүрінбей өтуге көмектесетін күш болу. Әріптестеріме зор денсаулық, еңбекте табыс, істеріне сәттілік тілеймін. Шәкірттеріміз биіктен көріне берсін!

Гүлжан РАХМАН

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*