«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Аңыздың ақырына» арналды

0 30

Астанадағы №3 балалар кітапханасында «Бір ел – бір кітап» шарасы аясында аса көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романына арналған әдеби кеш өтті. Бұл шараға белгілі балалар қаламгері Толымбек Әбдірайым қатысты.

Биыл Әбіш ағамыздың туғанына сексен жыл толып отыр. Соған орай алдымен жиналғандарға жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен деректі фильм көрсетілді. Одан кейін №15 мектеп-лицейінің 9-10 сынып оқушылары суреткердің терең тарихты шынайы зерделеген «Аңыздың ақыры» романынан үзінді оқып, көрініс қойды. Кеш қонағы Толымбек Әбдірайым аталған шығарманың құрылымы мен кейіпкерлері туралы ой толғады.
Жазушының бұл романы аңыз ізімен жазылған. Ондағы баяндалған оқиғалар философиялық-психологиялық астармен өрбиді. Бұл шығарма алғаш «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланды. Кезінде осы кесек дүние жайында Шыңғыс Айтматов жоғары пікір білдірген.
Кеш соңында оқушылар Әбіш Кекілбайұлының жазған көркем дүниелері мен аудармаларынан ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды