«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аңсаған МҰСТАФА, суретші-аниматор: КЕЙДЕ ӨЗ СУРЕТТЕРІМДІ ӨЗІМЕ ҚИМАЙ ЖАТАДЫ

0 87

Әр қоғамда көпшілік ортаға серпін беріп жүретін ойы озық, өнерлі, сергек жандар болады. Бүгінгі қазақтың өнерлі жастарының ішінен суретші Аңсаған Мұстафаны осы қатарға қосуға болады.

Әрбір шығармасымен жұртты елең еткізетін суретші қыздың есімі әлеуметтік желілер арқылы жастарға жақсы таныс. «Астана ақшамы» газетінің оқырмандары үшін біз де сұхбат алып, әңгімеге тарттық.

– Аңсаған, сіз бір сұхбатыңызда «суретті тек көңіл қалауыммен саламын» депсіз. Алайда, әрбір шығармаңыздан азаматтық ұстаным менмұндалап тұрады. Әркез қоғамдағы елеулі уақиғаларға сіз лезде иллюстрациялық сурет салып, оны әлеуметтік желілер арқылы жариялап, үн қатып отырасыз. Азаматтық позиция әркімде болуы керек деп есептейсіз бе?

– Иә, осы елдің азаматы болғаннан кейін, елде болып жатқан уақиғалар, қоғамдағы өзгерістер маған да тікелей қатысы бар деп есептеймін. Біз қоғамдық жұмыстарға араласпасақ, шет елден біреулер келіп жағдайымызды дұрыстап бермейді ғой. Сырттан келгендердің бір ғана мүддесі болуы мүмкін. Ол – ақша жасап кету, қалталарын толтыру. Ал біз осы жерде қаламыз. Осы жерде тудық, осында өмір сүреміз. Ұрпақтарымыз да осында тұратын болады, бұйыртса. Мұндағы жағдайдың дұрыс болғаны, бізге, яғни, қазаққа керек. Сондықтан, журналистер қоғамдағы проблеманы жазып, эфирге шығарып көрсетсе, мен суретші болған соң айтарымды бейнелеу өнері арқылы жеткіземін. Сіздердікі секілді менің де міндетім – мәселеге көпшіліктің назарын аудару, қоғамдағы келеңсіздіктің жойылуына, дамуға үлес қосу.

– Сіздің бір суретіңізде анасы, әкесі, балалары – бәрі бір-бір телефон  ұс­тап, компьютерге шұқшия қарайды. Бір бөлмеде отырса да, бірімен бірінің жұмысы жоқ. Сол суретке сіз «Ауру» деп ат қойыпсыз. Неге?

– Бұл, расында, заманымыздың ауруы сияқты ғой. Байқасаңыз, елдің бәрі ұялы телефонына, «айпадына», ноутбугіне үңіледі де отырады. Шынымен ауру сияқты.  Суретте де сол бейнеленген: кешкісін үйге жиналғанда, яғни, ұйықтар алдында әке-шешесі, екі баласы басы қосылған соң өтіп бара жатқан сол күнгі жаңалықпен бөлісіп, әңгімелесудің орнына әрқайсысы өз гаджетімен әуес болып отыр. Менің ойымша, мұндай үрдіс туыстықты алыстататын сияқты. Адамдар арасындағы рухани байланысты үзетін тәрізді. Мұндай жағдай ушыға берсе, кейбір шет елдердегі тұрмыс салты бізге де біртіндеп сіңісіп кете ме деп қорқамын.  Шет елдерде азаматтардың отбасын құру жасы ұлғайып бара жатыр ғой. Оның өзінің әкелетін зардабы көп. Осының бәрі, менің ойымша, адамдардың бір-бірімен араласпағандығынан туындайды…

– Абайдың сөзін ұлықтап салған футболканың суреті, «Түсікке қарсылық», «Ана, темекі тартпа», «Құдай, неге мені теледидар қылып жаратпадың», «Қарттар үйінде қазақ көп», тағы басқа айтары анық суреттеріңіз бар. Мәтінді өзіңіз жазасыз ба? Тақырыпты өзіңіз табасыз ба?

– Абайдың суретін салған себебім abai.kz сайты конкурс жариялаған болатын. Мен Абай атамыздың суретін қатырып сала алмайтын болған соң, ойымды жеткізудің басқа жолын таптым. Қалай болса, солай Абай бейнесін жасағым келген жоқ. Содан соң ғұлама ақынымыздың аталы сөз болып елге тарап кеткен қанатты сөздерін насихаттайтын футболканың үлгісін жасадым. Солай 2-3 данадан футболка шығарып, жақындарым киіп жүрді. Ол ойым нәтижесіз болған жоқ. Көргендер қызықты. «Ою-өрнектің жанында Абай атамыздың сөзі жазылған әдемі футболкадан бізге де жасап беріңдерші» деп, сұрағандар көп болды.

Жалпы, сурет салған соң көбіне мен мәтін жазамын. Ондағы сөзді, тақырыпты, әрине, өзім табамын.

– Сіздің негізгі тақырыбыңыз әлеуметтік проблемалар ғой?

– Иә, басты тақырыбым – әлеуметтік мәселелер. Негізі, шетелдерде мұндай жобалар жақсы қаржыландырылады. Әлеуметтік тақырыптарда салынған суреттерден көшеге билбордтар жасап, буклеттер таратып жатады. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді Құдай. Мұның бәрі жастарды, қоғамда жаман іс-әрекеттерден сақтау мақсатында жасалады.

– Ал бізде қалай? Бұл өнерге қызығушылық, қолдау бар ма?

– Бізде бұл сала дамымаған. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде менің 7000 оқырман досым бар, салған суреттерім солардың көмегімен ғана таралып кетіп жатыр.

– Өнеріңізді жарнама жасап, қаржы табуға пайдаланасыз ба?

– Жоқ. Суреттерімде ешқандай жарнама жоқ. Менің шығармашылығымдағы негізгі мақсат – жастарға қазақы тәрбиені насихаттау. Замандастарымды, кейінгі жастарды өте жақсы көремін. Сол үлбіреген сарыауыз балапан алданып, шалыс баспаса екен,  жамандықтан аулақ жүріп, бақытты болса екен деймін.

– «Ана» деген суреттегі әйел адамның бет-бейнесі өзіңізге ұқсайды. Мұның сыры неде?

– Балапанымды құшақтап жатып айнаға көзім түсіп кетті, сол бейне ұнаған соң сурет салдым. Жалпы, суреттерімдегі кейіпкерлер өз балаларым, жақындарым ғой. Қызымды шақырып алып: «Күнтай, осылай отыра тұршы, салып алайын. Күнтай, күліп отыра тұршы. Күнтай, енді жыла» деп, мазасын алам. Шынайы бет-бейне өзімнің жанымда…

– Неше балаңыз бар?

– Қызым Күнікей он бірде. Биыл мектепте сурет үйірмесі ашылып, соған бара бастады. Кішкентай кезінен көргені – сурет, әкесі – журналист, үйдегі тыңдайтын әңгімесі газет-журнал, телерадио бағдарламалары төңірегінде. Соның бәрі әсер еткен болар, «өскенде аниматор болам, қазақша мықты мультфильмдер шығарамын» деп жүр. Өзі сурет салады. Әзірге суреттерінің кейіпкерлері – ылғи түлкі. Оның сырын білмедім. Одан кейінгі ұлым Сұлтансейіт жетіде, екінші сыныпта оқиды. Ол – тентек бала. Математикасы жақсы бірақ. Әкесі «Колесо Астаны» газетінде істейтіндіктен бе, көліктердің маркаларын өте жақсы біледі. Олар туралы сағаттап әңгімелесуге бар. Ал кішкентайымыз Байжігіт – атасының баласы, бір жарым жаста. Тентек, іздегені төбелес, ойын. Атасымен өлең айтады қосылып. Сабақ басталғалы бері ағасы мен апатайын сағынып, күтіп жүреді.

– Аналық сезім, ана болу шығармашылығыңызға қандай серпін берді?

– Мен бұл салаға мектеп жасымнан әуестенгенмін. Негізі былай болған еді. Үшінші сыныпты бітіріп, демалысқа шыққан кезде әкем велосипед әперемін деп көндіріп, шашымды алып тастады. Кейін біраз күн өткен соң, мұғаліміміз телефон соғып, бізді мектепке шақырды. Тақыр басыма үйреніп алған мен мектепке сол күйі бара салдым. Бірақ, сыныпқа кіріп келгенім сол, балалар ду күлді. Қолдарын шошайтып мазақтап, мені ұялтты. Содан кейін бұл мектепке енді бармаймын деп, жылаумен болдым. Әке-шешеме басқа мектеп іздеуге тура келді. Үйімізге ең жақыны көркемсурет колледжі жанындағы мектеп болатын. Сөйтіп, шашымды тақырлауы себеп болып, бейнелеу өнеріне бет бұрып кеттік. Кездейсоқ ештеңе болмайды дейді, өнерге солай аяқ басуым керек болған шығар, кім біледі.

Суретті осылай бала кезімнен салып жүрдім. Бертінде тақырыптарымның түрленгені рас. Өйткені, мен көрген, сезінген нәрселерімді саламын. Ол – заңды. Сол секілді, қазір мен суреттерімді тез саламын. Өйткені, уақыт  аз. Өзіңіз де білесіз, әйел адамның шаруасы бітпейді ғой. Сондықтан, күнде ыдыс жуып немесе шәй құйып отырғанда ойыма келген нәрсені жоғалтпауға тырысып, жанталасамын, қалай да жарты сағат тауып, әлгі ойымды қылқаламмен қағазға түсіріп тастаймын. Үнемі ізденіс үстінде жүрем.

– Айтпақшы, «Ана жылытады» деген суретіңізде анасының айналасында шашылған ойыншықтар сияқты ұйықтап  жатқан төрт бала бейнеленіпті. Қазақтың әр отбасында неше бала болуы керек деп есептейсіз?

– Қазақтың санын көбейту керек. Әрине, әркімнің жағдайы әртүрлі, бірақ сол жағдайға байланысты бала саны да көп болуы керек деп ойлаймын. Жеріміз өте үлкен, адам  саны өте аз. Әлемдік нарық үшін біздің ел қызықты нысана емес. Адам саны аз болғандықтан, кейбір тауарлар бізге келмей жатады, өкінішті-ақ. Келсе, бағасы удай қымбат болады. Ал, халық саны артса, мұндай болмас еді. Өз басым, әрбір қазақ отбасында кем дегенде төрт бала болса деп ойлаймын.

– Музыка секілді, бейнелеу өнері де аударманы қажет етпейді. Бұл саланың музыкадан да артықшылығы тілсіз, үнсіз-ақ айтарыңды айта аласың. Түсінікті бола береді.  Осы орайда, өзіңіздің хабарыңыз бар ма, суреттеріңізді қанша елде көшіріп басып жатыр?

– Бәрін, әрине, білмеймін. Бірақ, «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретімнің 8 тілде шыққанын өзім көрдім. Ең алғаш түрікшесін көргенде, әлеуметтік желідегі кейбір адамдар күмәндана бастады, «түріктердің сайтынан алып, аударып алған боларсың» деген сыңай танытқандар болды. Бірақ, менің жариялаған мерзімім түрік сайттарынан бұрын болған соң ол сұрақтар жайына қалды… Кейде өз суреттерімді өзіме қимай жататындар бар.

– Тушьпен, қылқаламмен саласыз. Аз шығын жұмсап, көп нәрсе айтасыз. Және көп жағдайда айтарыңызды дер кезінде, жұрттан бұрын жеткізіп үлгересіз. Шамамен бір суретті салу үшін қанша уақыт жұмсайсыз?

– Бала кезімізден әкеміз «жарты сағат сайын айналысқан ісіңді ауыстырып отыр» деп үйреткен. Сол сөз дағдыма айналып кетіпті. Сурет салуға да көп уақыт шығындамаймын. Көбіне суретті жарты сағат ішінде салып бітіремін.

– Қызықты әңгімеңіз, өнеріңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды