-->

Анатолий КО, «Патологоанатомиялық бюро» МҚК директоры: ӨЛІЛЕР МЕКЕНІНЕ ДЕ ЖАЙЛЫЛЫҚ КЕРЕК

«Өзекті жанға бір өлім» екені белгілі. Ертеден келе жатқан дәстүрдің бірі де сол, қайтыс болған адамды ақтық сапарға арулап шығарып салады. Соңғы кездері медицинада кеңінен қолданылатын қаза болған адамның тәнін тексеруге қарсылық танытатындар көп. Орын алған өлімнің себебін анықтау үшін жүргізілетін зерттеу кімге тиімді? Астанада қанша мәйітхана бар және олар немен айналысады? Осы және өзге де сұрақтарға «Патологоанатомия­лық бюро» МҚК директоры Анатолий Ко жауап берген еді. 

Cadaver on autopsy table, label tied to toe

– Анатолий Яковлевич, өзіңіз білесіз патологоанатомиялық бюро мен сот сараптамасын жиі шатастыратындар көп. Олардың айырмашылығы қандай?
– Бұған дейін патологоанатомиялық бюро мен сот сараптамасының қызметі бір еді. Кейіннен Әділет министрлігі сот сараптамасын өз құзыретіне алды да, патологоанатомиялық бюро Денсаулық сақтау министрлігіне қарады. Қазір қызмет те, жұмыс ерекшеліктері де әртүрлі. Сондықтан сауал көп. Мысалға, үйде немесе медициналық мекемелерден тыс басқа жерлердегі барлық қазалы оқиғалар сот сараптамасынан өтуі керек. Бізге стационарлардан, яғни ауруханалардан келеді. Операциядан, ауыр сырқаттан, реанимация­лық жағдайдан кейін әкелінеді. Қайтыс болған жанның денесін ашқаннан кейін қазаның қорытындысын жасаймыз. Одан кейін мамандарға ақпарат беру үшін медициналық мекемелерге барып, патологоанатомиялық және клиникалық конференция ұйымдастырамыз. Сол себепті патологоанатомиялық қызметтің маңызы өте зор.

Денені ашу – зерттеудің ең шынайы әдісі

– Қазіргі уақытта өз жақындарының өлі денесін ашуға тұрғындар қалай қарайды?
– Адамдардың басым бөлігі аса қажет болып табылатын осы тәртіпке түсіністікпен қарайды. Себебі адам қысқа мерзімді емдеу кезінде немесе созылмалы сырқаттан қайтыс болды делік. Әрине, қайтыс болған адамның туыс-тамырлары шындықты білгісі келеді. Егер бүгін қазаның себебін анықтай алмасақ, ертең басқа адам мұндай жағдайға тап болуы мүмкін деп, денені ашудың қажет екендігіне сендіреміз. Жанашырлықпен айтамыз. Бұған қоса, біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Сондықтан адам қазасымен көптеген заңды мәселелер байланысты. Бізге адам өлімінің шынайы себептерін білуге мүдделі сақтандыру қоғамдарының өкілдері де жиі келеді. Адамдардың көбі ісіміздің керектігін түсінбегендіктен, оларға көп мәселенің басын ашып түсіндіруге тура келеді. Мысалы, ақиқат анықталмаса, мұрадан да айы­рылып қалуыңыз мүмкін деп түсіндіреміз. Бұдан бөлек, бізде архив бар. Мәселен, шетелге кеткен, яғни басқа мемлекетте тұратын адамдар біраз жыл өткен соң да бізден мәлімет ала алады. Жалпы, денені ашуға рұқсатты пациенті қайтыс болған емхана береді. Содан кейін ғана бізге алып келеді. Біз – тек орындаушылармыз. Бізбен келісу мүмкін емес.

3,5 мың адам ағза ауыстыруға зәру

– Жалпы, мәйітханада өлген адамның ішкі ағзасы ұрлануы мүмкін деген үрейдің бары жасырын емес. Қазақстанда өліктің ағзасы қолданыла ма? Себебі АҚШ пен Еуропада бұл кең таралған құбылыс деп айтылады.
– Мұндай оқиғалар бізде сирек болады. Біздің бюроға келетін болсақ, өкінішке қарай, бізге әртүрлі себептерге байланысты донор болуға мүмкіншілігі жоқ денелерді әкеледі. Бұған қоса, біздің елдің азаматтары осы мәселенің өзектілігін жіті түсінбейді. Мысалы, ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір 3,5 мыңнан астам қазақстандық ағза мүшелерін ауыстыруға зәру. Біздің қоғамға әлі де болса біраз түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Дамыған елдердің барлығы осы ауыр кезеңді бастан кешті.
– Дүниежүзінде адамдардың көбі діни, мәдени және әлеуметтік сенімдеріне қарамастан өлген денені өртеп жіберуді қалайды екен. Осы қаншалықты рас?
– Жақын болашақта астанамыз­да крематорий салынуы әбден мүмкін. Оны салудың қажеттілігін біз бұрыннан бері айтып келеміз. Себебі крематорий болса, қайтыс болған шетелдік азаматтарды үйлеріне табытқа салмай жеткізудің мәселесі шешілер еді. Барлығы крематорийдың қызметіне сүйенетін болады. Себебі кремация – таза, эстетикалық, үнемді және қолайлы. Қаласа, күлді содан кейін теңізге апаруға немесе үйде сақтауға, болмаса желмен ұшырып жіберуге болады. Айтарым, көптеген мемлекеттерде кремация күннен күнге жақтаушыларын арттырып келеді. Мысалы, қазір шкафқа ұқсаған үлкен құрылыстар тұрғызылған. Сол құрылыстарға күл салынған кішкене құмыралары қойылған тұтас зираттар бар. Жақында Меккеге қажылық сапармен барып қайтқан мұсылман әріптесім мұсылмандардың бас қаласының жер астында тұтас әлемнің бар екенін айтты. Онда патологоанатомиялық орталық крематориямен бірге орналасқан екен. Қажылық кезінде көп адам қайтыс болатыны белгілі. Қарт адамдар оразаның ауырлығы мен күннің ыстығына шыдай алмай көз жұмып жатады. Сондықтан арабтар қайтыс болған адамды сол күні ішін жарып, өртеп жібереді екен. Содан кейін туыстарына қайтыс болғаны туралы қорытындыны күлімен қосып ұстатады. Жылдам, ыңғайлы әрі мәдениетті.

Патологоанатомиялық орталық – медицина ғылымының бүтін саласы

– Анатолий Яковлевич, біраз уақыттан бері патологоанатомиялық бюроның жаңа ғимаратын салуға қолқа салып жүргеніңізді білеміз. Қандай да бір нәтиже бар ма?
– Өткен жылы әкімдікке барып, бірыңғай, тәуелсіз және орталықтандырылған патологоанатомиялық бюроның тұжырымдамасы мен бизнес-жоспарын ұсындық. Әлеуметтік жоба енгізіп қойды. Бұл, әрине, бізді қатты қуантып отыр. Қайталап айтамын, медициналық кластердегі патологоанатомиялық орталық сияқты тәуелсіз құрылым кез келген қалада болуы керек. Үлгілі мемлекеттерде патологоанатомиялық орталық – медицина ғылымының бүтін саласы. Күн сайын дамитын ғылымнан қалыс қалмау үшін үнемі құрал-жабдықтарды, зертханаларды, зерттеу базасын жаңартып отыру керек. Сондықтан жаңа ортақ жүйе болмайынша бұған қол жеткізу мүмкін емес. Яғни біздің мақсат – 26 жыл бұрын құлап қалғанды қайта жаңғырту. Жаңа патологоанатомиялық орталықта 197 маман жұмыс істейтін болады. Ол астаналық медициналық клас­тердің аумағынан – ұлттық кардиохирургиялық орталықтың жанынан орын табады. Әзірге біздің бюро бұрынғы облыстық емхананың патологоанатомия­лық бөлімшесінде жұмыс істеп тұр. 5-6 дәрігер, жылдан жылға өсе беретін жұмыс көлеміне қарамастан, кішкентай, тар бөлмелерде отырады. Мысалы, 2015 жылы гистологиялық зерттеулердің саны 236 000 болса, 2016 жылы 286 000-ға жетті. 3 жыл бұрын 613 дене ашу оқиғалары тіркелсе, 1 жылдан кейін олардың саны 900-ден асты.

Жерлеу қызметі – біреулер үшін майлы жер

– Қала тұрғындары жерлеу қызметіне көңілдері толмайтынын айтады…
– Бізде монополияға қарсы мекеменің рұқсат берген баға көрсеткіші бар. Олар: бальзамдау, жуу. Өлген адамның денесін әкелген кезде біз қолайлы бағаларды, сапасы жоғары қызметті ұсынамыз. Бюроның жанында салт-жора өткізетін бөлме бар, онда өлген адамды мұсылмен және христиан дәстүрімен ақтық сапарға шығарып салуға болады. Бұл, мысалы, марқұммен қоштасу үшін 20-шы қабатқа көтерілуден гөрі әлдеқайда ыңғайлы. Сонымен бірге, қазір заңсыз фирмалар да көбейіп кетті. Олардың қызмет сапасы сенімсіз. Көбірек табыс алуды көксеген бұл заңсыз ұйымдар ауыр қайғыдан қиналған отбасы мүшелерінен көп ақша талап етеді. Сосын «кірдің» бәрі біздің басымызға келіп төгіледі. Бірақ бізді ылғи тексереді, біздің қызметіміз алақандағыдай айқын.
Жасырын ұйымдардың нақты санын ешкім білмейді. Қазіргі жерлеу рәсімінің нарқын бейберекет жайлап кетті. Мұнда ақшаға ерген талай адам кезіп жүр. Біреулер өлік таситын көлік сатып алады, екеуін жалдайды да өтірік-шынды араластырып клиент жинай бастайды. Бірақ бұлар істің мамандары емес. Жалпы, мұнда жемқорлық жайлап кеткен. Жерлеу қызметінің аясы – құқық қорғау органдары үшін майлы жер. Сол себепті де Астана әкімі Әсет Исекешев патологоанатомиялық бюроны, жерлеу рәсімінің бюросын және жаңа зиратты ортақ қызметке біріктіруді ұсынды. Бұл халыққа да, мемлекетке де оңай болатын еді. Ал бастысы, жерлеуге мемлекеттік тендер ұтып, кейін бізге келіп байбалам салатын әртүрлі заңсыз фирмалар жойылар еді.
Келешекте осы салада тәртіп орнайды деп үміттенеміз.

Гүлмира
АЙМАҒАНБЕТ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*