«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Анашымның ақ жүрегін сағындым!

(марқұм анам Тілеужан Досымбекқызының рухына арнадым)

0 369

Жыл сайын 8-ші наурыз – Халық­ара­лық әйелдер күні мерекесінде ең алдымен ауылға хабарласып, асыл анашымды құттықтайтын едім. Биыл ауылға телефон шалмаймын. Себебі тұтқаның арғы жағынан: «Құлыным-ау! Аман-есенсің бе?» деген әлемдегі ең мейірбан жанның елжіреген дауысы естілмейді. Түнеукүні қара шаңыраққа барғанмын. Үйге кіргенде анамның төрдегі орны ойсырап тұрғанын көріп, екі көзімнен жас парлап қоя берді. Ертеңіне ауылдың сыртындағы зират басына барғанда да қос жанарым сулана берді. Қатар жатқан жан әкем мен жан анамның, марқұм ағам мен інімнің рухына құран бағыштадым. «Нәзіктік атаулының жиынтығы – ананың ала­қаны, ол сәби үшін ең жылы ұя» депті бір данышпан. Асыл анашымның аялы алақанын, жұмсақ мінезін, қазақы иісін қатты сағынып жүрмін!


Анаға деген сағыныш – сарқылмайтын бұлақ, сөнбейтін шырақ. Сол бұлақтың көмбесі, сол шырақтың діңгегі – асыл анама деген балалық махаббатым. Анашымды түсімде де жиі көремін. Қатты сағынғанымнан шығар… Бірінде анам маған бесік жырын айтып, әлдилеп отырады. Енді бірінде қолымнан жетектеп, ауылдағы той-томалаққа ертіп апара жатқанын көремін. Балалық шағым ең бақытты күндерім еді. Бір отбасында 9 бала болдық. Әкем мен анам бізге жақсы тәрбие берді, әрқайсымыздың бақытымыз үшін өмір сүрді. Анамның ақ жүрегінің дүрсілін бірден сезетінмін. Ешқайсымызды алаламай, айналып-толғанатын.
Анашым ақкөңіл адам еді. Сол қасиетінен өз отбасының, туған-туыс­тың, көрші-қолаңның, ауыл-аймақтың құрметіне бөленді. Біздің үйге қонақ көп келетін-ді. Табалдырықтан аттаған жанның бәрін төрге шығарып, жақсылап демдеп, шай құятын. Анашым қазақы салт-дәстүрді жақсы ұстанды, жетік білді.
Анамның әрбір пісірген тамағының дәмі әлі күнге дейін тілімнің ұшында тұрады. Біздің үйде диірмен тасы болған. Тоқшылық заманның өзінде анам сол диірменге бидай тартып, жент жасайтын. Сары май қосылған дәмі тіл үйіретін ондай жентті әлі ешқайдан жеп көрмедім. Бала күнімдегі ауылда анам дайындаған құрт, сары май, ірімшік, жент, қаймақ, айран, ашыған және т.б. ұлттық тағамдардың дәмін ешқашан ұмытпаймын. Әлі күнге дейін қатты таң қалатыным, анам бірнеше мамандықты (аспаз, сауыншы, тігінші, тоқымашы, үй сылаушы және т.б.) бір өзі игеріп, бір өзі атқарушы еді. Не деген қажыр-қайрат! Қонақ шақыру мен күтудің бала күнімдегі керемет үлгісі бүгін жоқ. Асыл анамның бақилық болғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Сонда да ауылға барғанда анам алдымнан шығып: «Келдің бе, құлыным-ау!» деп маңдайымнан иіскейтіндей көрінеді. Көзі тірісінде алақанымда аялап, көбірек күтіп-бақпағаныма өкінемін! Анашымның ақ жүрегін қатты сағындым! Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын!

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды