Ана жүрегі – жанашыр

Астана қалалық ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі – өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, өмірден өгейлік көргендерге қамқорлық танытып жүрген ұйымшыл ұжым.

«Дуслық» татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Яннат Низамутдинова жетекшілік ететін Аналар кеңесі құрамына өмірлік тәжірибесі зор, бір отбасын сүттей ұйытып отырған әйелдердің басын біріктіреді. Олар – әртүрлі ұлт өкілдерінен. Зейнет жасына жетіп, қолдары босаған нәзік жандылар қоғамдық жұмысқа белсене араласып, көрген-білгендерімен бөлісіп жүр. Ұйымның Астананың үш ауданында кішігірім бөлімшелері бар. «Ақылшым-анам», «Ақ орамал», «Дұрыс тамақтану», Заңгерлік көмек», «Алпыс – тал түс» атты клубтары жұмыс істейді.
Яннат апайымыздың айтуынша, Аналар кеңесі о баста құрыларда басқа үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қайталамай, өздерінің қолынан келетін бірнеше бағытты таңдап алыпты. Мысалы, Аналар кеңесі Астанадағы Дағдарыс орталығымен, SOS Балалар ауылымен, Алексеевка елді мекеніндегі Психоневрологиялық диспансермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
– Әдетте, біз аталмыш мекемелерге үш айда бір-екі мәрте барып тұрамыз. Барған сайын сыйлықтар, тәттілер, киім-кешек апаруға тырысамыз. Мазалаған сұрақтарына қатысты өмірден түйгенімізбен бөлісеміз. Әсіресе, әлі оң-солын танып үлгермеген балалар үйіндегі жеткіншектер ана ақылына зәру. Тағдырдан теперіш тартқан балаларды көріп көзімізге мөлтілдеп жас келеді, – дейді Яннат Низамутдинова. Жалпы, аналар кеңесі мүшелері мектеп, колледж студенттерімен кездесулерде өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ар-ождан тәрбиесі, отбасылық-тұрмыстық, заң мәселелеріне қатысты түрлі семинар-тренингтерді жиі өткізіп тұрады. Әсіресе, Аналар кеңесі құрамындағы «Заңдық кеңес» қызметіне сұраныс айрықша. Оған Астана қалалық адвокаттар коллегиясынан арнайы бөлінген адвокат тегін кеңес береді.

Қарттардың көңілін жүр аулап…
Сонымен қатар, Аналар кеңесінің мүшелері қарт адамдардың зейнет жасын қызықты, мәнді өткізуіне жиі көмектесіп тұрады. Олар үйде отырып қалмасын деп ұлттық мерекелерге, концерттерге жиі алып барады немесе салт-дәстүр, үлгі-өнегеге қатысты жастармен кездесулерге шақырады. Мысалы, «ЭКСПО-2017» кезінде тыл еңбеккерлеріне көрме қалашығына тегін кіру құқығы берілді. Бірақ жасы келіп қалған жандар ондай кісі қарасы мол жерге өздігінен қалай бара қойсын. Осыны ескерген Аналар кеңесі Сарыарқа аудандық бөлімшесінің белсенділері дереу аудандағы тыл еңбеккерлерін төрт топқа бөліп, көрме ішінде арнайы көлікпен өздері алып жүрді. Тек қариялар ғана емес, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз санатының қай-қайсысы да Аналар кеңесі мүшелерінің қамқорлығынан тыс қалған емес. Өмірден өгейлік көріп, еңселері езіліп жүрген жандарды бір сәт сергіп қалу үшін түрлі мәдени-көпшілік шараларға ұйымдастырып алғысқа бөленіп жүр.

Қайырымдылыққа айрықша мән береді
«Қайырымдылықпен айналысатын бизнесмендер бар. Олар өздерінің мекемелерінің шама-шарқына қарай жылына бірнеше мәрте қайырымдылық жасап тұрады. Ал біздің жұмысымыз осындай іскер жандардың назарын әлдебір қиындыққа тап болған жандарға (әсіресе ауыр сырқатқа шалдыққандарға) аудартып, екі ортада дәнекер болу» дейді Яннат Низамутдинова әңгімені әріден бастап. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Яннат Низамутдинқызына Диас деген немересінің ем-шарасына көмек сұрап бір кемпір келді. Баланың анасы 1- топтағы мүгедек, ал әжесі зейнеткер еді. Диас­тың туабітті екі қолында да саусағы өспей қалған. Басқаша айтсақ, әлдебір сүйек томпайып шығып келе жатып тоқтап қалған. Сонымен қатар, қабырғасы майысқан. Сүйек өскен сайын өкпесін қысып тас­тауы әбден мүмкін. Бала өздігінен қимыл-қарекет жасай алмайды. Яннат Низамутдинова балаға қатты көмектескісі келді. Өкінішке қарай, біздің медицина мұндай сирек кездесетін сырқатты емдеуге қауқарсыз еді. «Дөңгелек үстелдердің» бірінде Америкадан бірнеше хирург маман келіп, балалаларға тегін ота жасайтынын құлағы шалып қалады. Дереу іске кіріскеннің арқасында Диастың қабырға сүйегіне ота жасалып, қазір қауіптің беті қайтарылды. «Көп ұзамай қазақстандық дәрігерлер Диас­тың қолына ота жасап, протездеуге дайындайды. Отбасымен бірге Диастың амандығын тілеп отырмыз» дейді Яннат ханым.
Сол секілді өткен жылы қараша айында Қызылорда облысының бір ауылындағы үй тып-типыл өртеніп кетті. Анасы қайтыс болып, екі бала шиеттей жетім қалды. Сол кезде Аналар кеңесінің белсенді мүшесі, жасы сексенге тақаған Надия Әбдірахманова үйде байыз тауып отыра алмай, астаналық кәсіпкерлердің көмегімен біраз көмек жөнелтуді ұйымдастырды. Тіпті жиналған азық-түлік, керек-жарақты пошта бөлімшесіне дейін өзі апарып жөнелткен.
Жалпылай алғанда, Аналар кеңесінің биылдың өзінде ұйымдастырған қайырымдылық шаралары 500-ге тарта жанды қамтыпты. Мәселен, тұрмысы нашар, көп балалары отбасыларға, мүгедектерге 1 460 000 теңге, табиғи апат салдарынан зардап шеккендерге 1 350 000 теңге, емдеу шараларына демеушілік ретінде 736 000 теңге көмек көрсетілген. Оның бір парасын кеңес мүшелері қаладағы кәсіпкерлерден жинайды, екінші жағынан өздері де қарап отырмай түрлі қайырымдылық жәрмеңкелерінде тағам сатып қаражат басын құрайды.
Аналар кеңесі, сондай-ақ, қыз-келіншектерге, бойжеткендерге ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды үйретеді. Мәселен, «Ақ орамал» клубы ұлттық бас киім үлгілерінің сәні мен салтанатын түсіндіретін шағын бейнелер дайындайды, қыз-келіншектерге ақ орамалға кесте тігу, өрнек салуды үйретеді. Ал «Анашым – ақылшым», «Дұрыс тамақтану» сияқты клубы аясында ұрпақтар сабақтастығы мен салауатты өмір салтын насихаттайды

Сонымен қатар

Ақселеу аманаты

Көбіне санамызға сия бермейтін құдірет сырын тар түйсікпен түйіндей салатынымыз бар. Осындайда өмір жалғастығын өзінше …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған