«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ән жүйрігі – Біржан сал

0 279

«Астана» концерт залында ақын, халық композиторы Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 185 жыл толуына арналған «Ән жүйрігі – Біржан сал» атты кеш өтті. Елордалық филармония өнерпаздары «Үш жүзге аты шыққан» дүлдүлдің әсем әндерін әуелетті.

Кештің бір ерекшелігі – Біржан сал шығармалары бірнеше бағытта шырқалды. Қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен айтылған әндер, камералық хор және жеке солистер салған туындылар концерттің мазмұнын байытты.
«Базарың құтты болсын, ардақты елім» деп асқақ басталатын «Айтбай» әнімен ашылған кеш Біржанның осы сияқты шоқтығы биік туындыларымен жалғасты. «Сырғақты», «Айбозым», «Он саусақ», «Ләйлім шырақ», «Жалғыз арша», «Жанбота», «Көкек», «Бурылтай», «Теміртас», т.б. биік әндер бірінен соң бірі әуелеп, көрермендердің жан сарайын ашты.
Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, Мәдениет қайраткері Секен Сыздық, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханқызы, халықаралық және республикалық байқаулардың лау­реаттары Арайлым Рақымқызы, Жақсыгелді Маясаров, Жазгүл Даңылбаева арқалана ән салды.
Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының қойылғанына жетпіс жылдан асты. Содан бері туынды сахнадан түспей келеді. Осы кеште де содан үзінді көрсетілді. Біржан бейнесін филармония солисі Данияр Мұқан, Сараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ әсерлі сомдап шықты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды