Суббота, 19 Август 2017
-->

Ән неге үзілді?

18954914

Қайбір күні қызық түс көріп ояндым. Ұйқыдан тұрғанда, бойымды белгісіз бір қуаныш кернеп тұрды. Өз түсіме өзім таңғалдым. «Шіркін-ай, өңімде де осы нәрседен қорытынды шығарсақ қой» деп қоямын.

…Үлкен бір концерт залында отыр екенбіз. Қарақұрым халық. Залда ине шаншар жер жоқ. Бәріміз дабырласып, әлдебір қызықты күтудеміз. Сахнаға керіле басып әдемі келіншек шықты. Үкілі сәукелесін анық көрдім. Отырған жұрт үздігіп ән күтіп отыр. Бір кезде даңғырлаған музыка басталды. Әнші аузына микрофонын жақындатып, шырқай жөнелді. Тыңдап отырмыз, даусы жасандылау шығатын секілді ме, қалай өзі? Бір сәт тоқтай қалып, ден қойып тыңдағаным сол еді, әншіміз фонограммамен ән айтып тұр екен. Осыны дереу байқаған жұрт өре түрегеліп, «жанды дауыста ән сал!» деп айғай салды. Ол ол ма, бір кезде көрермендер әншіге қарай қызанақ лақтыра бастады. Қып-қызыл қызанақтардың қайдан келгенін түсінсем бұйырмасын. Мен де өршеленіп кетіп, бір қызанақты сахнаға қарай лақтырдым. Сәлден соң қарасам, әншінің екі көзі добалдай боп ісіп кетіпті. Басы салбырап, сахнадан түсіп бара жатыр екен. Әйтеуір, үкісін байқап қалдым. Одан арғысы есте жоқ.
Осы бір түстен соң, кәдімгідей ойланып қалдым. Қызанақ не жұмыртқа лақтырып, ешкімнің киімін бүлдіру ойымызда жоқ. Дегенмен, ел алдында жүрген өнер иелерінің тек жанды дауыста ән салғанын қалайтынымыз анық қой! Былтыр тура осы түсіме ұқсас оқиға өңімде де болған еді. Елге танымал бір әнші сахнаға шығып үлгермей жатып, фонограммасы қосылып кетіп… Қызық болғанда, залда біраз атқамінерлер отырған еді. Солардан ұялды ма, білмеймін, әлгі әнші кеш соңында қайта шығып, жанды дауыста халық әнін шырқады.
Концерттерге барған сайын ойланамын: әншілер халықты жасанды дауысымен қашанғы алдайды? «Сту­дия­лар мен концерт залдарының акустикасы нашар» деген сылтауды қоятын кез келген шығар. Ондай болса, анау Рымбаевалар қырық жыл бойы қалай тек жанды дауыста ән салып жүр? «Ән айтсаң, жаныңды жеп айт!» деген. Табиғи, таза дүниелердің дефицитке айналған заманында фонограммасыз ән шырқаудың үлкен артықшылық екенін түсіну қиын емес секілді.
Сөзді сөз түртеді. Осы тұста әлеуметтік желілер мен БАҚ бетін бермейтін әншілер қауымы туралы да айта кеткім келіп отыр. Қазір қай сайтты ашсаңыз да, оқитыныңыз – «жұлдыздардың» өмірі. Әріптестерім әлгі өнер иелерінің әлеуметтік желілеріне сілтеме жасай отырып, болар-болмас нәрседен жаңалық жасайтын болған. Теледидарды қосыңыз: «жұлдызды ақиқат», «жұлдызды шаңырақ», «жұлдыздар жарқырайды». Құдай-ау, шын мәнінде біз үлгі алуға тиіс жандар осылар ма еді? Бәріне тіл тигізуден аулақпын, бірақ, сұхбат бергенде, тек той туралы айтып, «халқым аман болсын!» деген тілектің төңірегінен аса алмайтын әншілерді мен идеал тұтпас едім. Кейбір жас өнерпаздардың «халқым аман болсын» деп айтуы үшін, алдымен, солай сөйлейтін деңгейге жетіп алғаны жөн сияқты.
Кеңестік кезеңде қарапайым еңбек адамын насихаттау дәстүрі қалыптасқанын білеміз. Газеттің бірінші бетіне қозы құшақтаған шопанның суреті басылып, сол туралы құлаш-құлаш материалдар жазылды. Осылайша, ол кезеңде еңбек адамы культқа айналды. Қазір де «жұлдыздардың» ішкен-жегенін теріп отырғаннан гөрі сондай қарапайым кейіпкерлер туралы жазғанымыз әлдеқайда әділ болар еді. Сондай-ақ, өз арамызда жүрген бүгінгі күннің батырларын қалай насихаттасақ да жарасымды деп ойлаймын.
Бір ғана түс мені осынша ойға жетеледі. Өзі бір мағыналы түс екен, иә?!

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*