«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Америка хореографиясының жауһары

0 15

«Астана Балет» театрының биылғы маусымының алғашқы премьерасы Джордж Баланчиннің «Кончерто Барокко» атты бір актілі балетімен ашылды. Бұл шығарма америка хореографиясының жауһары саналады.

Қойылымды сахнаға белгілі хореограф Нанетт Глушак шығарды. Ол өзі премьераға дайындалу үшін бас қалаға үш апта бұрын келген. Оның айтуына қарағанда, әртістер небәрі төрт күн ішінде барлық мәтінді меңгеріп алған.
«Балетті осыншалықты қысқа мерзім ішінде меңгеру – мен үшін жаңалық. Сондықтан әртістерге тәнті болдым» деді Нанетт Глушак. Ал екінші және үшінші бөлімде көрермендер Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен Николо Фонтенің «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары» атты туындыларын тамашалады.«Кончерто Барокко» балеті бекзат өнердегі күрделі шығармалардың біріне жатады. Мұндағы бишінің қимылы туындының әр нотасымен үйлесіп тұруы керек. Қойылымдағы басты партияларды театрдың екі солисі Татьяна Тен мен Назерке Аймұхаметова орындап, олар Бахтың музыка иірімдерін би комбинациялары арқылы танытты. Балеттегі жалғыз ер адам партиясын Фархат Бөриев сәтті алып шықты. Ол сахнадағы скрипканың құлағында ойнаған музыканттың бейнесін сомдады.
Қоюшы-хореограф өз сөзінде сырт көзге қарапайым көрінер балеттің техникалық жағынан өте күрделі екендігін айтты. Сахнада әртістер жиырма минут бойы үздіксіз би биледі. Бастысы, бишілер қойылған талаптың үдесінен шыға білді.
Қойылым соңында көрермендер тамаша көңіл-күй сыйлаған балет әртістерінің өнеріне риза болып, зор қошемет көрсетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды