«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алыстағы архивтерден аларымыз көп

3 802

Жақында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланды. Бұл мақала өз ұлтын, өз Отанын сүйетін әрбір азаматтың жігеріне жебеу, рухына демеу қосып, өз ұлтының тарихына деген мақтаныш сезімін асқақтатты. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың басым бағыттарын көрсетті әрі ол жұмыстарды түрлі ірі жобалар аясында істеуге болатынын айрықша атады. Сол жобалардың бірі әрі бірегейі — Архив-2025.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы қазақ тарихын, қазақ мәдениетін, қазаққа қатысты деректерді зерделеп, зерттеуге баса назар аударылып келеді. Президенттің шешімімен жасалған «Қазақстан халқының бірлігі мен ұлттық тарих жылы», «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдар­ламалары аясында қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты қыруар жұмыстар істелді. Алыс шетелдерден, көрші мемлекеттердің архивтерінен тың деректер әкелінді. Мұның бәрі ұлы дала­дағы тәуелсіз Қазақстанның архив қорына қосылған теңдессіз байлық екені көпке аян. Алайда, барға шүкір, тапқанымызға тәубе дегенімізбен, шетел архивтерінде, мұражайларында, тарихи орын­дарында, архелогиялық қазба­ларында сақталған қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты деректердің мұрты да ойылған жоқ. Іргедегі Қытайдың өзіне ғалымдар тобы қаншама рет барып, тарихшыларымыз біраз деректерді әкелгенімен, Бейжіңдегі қазаққа қатысты архивтердің он пайызы ғана Отанымызға жетті. Оның үстіне, кейбір тарихшылар қазақ тарихын тек Қазақстан тарихымен ғана байланыстырып, қазақ тарихының географиялық кеңістігі мен уақыттың көкжиегін назардан қағыс қалдырып келді. Міне осы түйіндерді биіктен байқай білген Елбасы қазақ тарихын зерттеуді кеңістік пен уақыт тұрғысынан қарастыруды ұсынып, тарих зерттеудегі тар өрісті шеңберді бұзды, ұлт тарихына үңілудің үлкен кеңістігін ашты.

Осы арада сөзімізге дәлел ретінде Елбасы мақаласындағы «Кеңестік пен уақыт» ұғымына баса назар аударған тарих ғы­лымдарының докторы, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлының сөзін келтіре кетейік:
– «Мақалада тілге алынған ке­ңестік дегеніміз қазақ тари­хының географиясы, ауқымы. Қазақ тарихының географиялық кеңдігі шығыста Һінгән тауларынан, батыста Дон, Кавказға дейін, оңтүстікте Хэши дәлізінен(Hexi Corridor), солтүстікте Сібірге дейін созылып жатыр. Міне, осы бес миллион шаршы шақырымдық кеңестік қазақ тарихының ерте замандағы, орта ғасырдағы және жаңа дәуірдегі тарлан тарихын бауырына басып жатыр. Ал уақыт дегеніміз тарихи процестердің хронологиялық шеңбері. Қазақ тарихының хронологиялық шеңбері аз дегенде екі жарым мың жылдың алдынан басталады» .
Демек, архив-2025 бағдар­ламасының қамтитын аумағы, шарпитын көлемі өте кең. Іргеміздегі Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресейден тартып, Иран, Түркия, Еуропа елдеріндегі тарихи деректерге дейін түгел үңілуге тура келеді. Мұның бір шеті адам күші, қаржы, уақыт мәселесіне тірелетіндіктен, қазақ тарихы үшін, Қазақстан үшін маңызы зор тарихи деректерге алдымен ден қойған абзал секілді.


Шетелдегі архивтерді Қазақ­станға әкелудің қамын жасауда бас­ты назарда ұстайтын елдің бірі — Қытай. Жазба тарихының ұзақтығымен және сақталған қыруар тарихи архивтердің молдығымен ерекшеленетін Қытай елінде сақтардан, ғұн­дардан, үйсіндерден қалған мұралар, қазақ ұлтына қатысты деректер өте мол. Атап айтқанда, Бейжіңдегі гугүн мұражайында, Сиань, Ішкі Моңғолда (Ордос, Хух-Хот), Шинжияңда (Тұрфан, Үрімжі, Алтай, Іле) қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты қаншама деректер жатыр. Қытайды айтсақ, көбіміздің көз алдымызға тарихи жазбалар елестейді. Алайда, Қытайдағы жартас суреттеріндегі, мәңгі тастардағы, көне ескерткіш, көне қорымдардағы қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этнос­тарға қатысты зерттелмей жатқан тақырыптар аз емес. Тіпті, үйсін қабірлерінің дені және ең үлкендері Шинжияңдағы Іле өңірінде жатыр. Олар туралы білеріміз қаншалық?! Император таң Тай-цзун ескерткшінің жанындағы Түркілерге қатысты мүсін, балбал тастарға біз әлі толық назар аударғанымыз жоқ. Бесінші ғасырда ғұндар құрған мемлекет — Шия патшалығына қатысты деректерді қаузап, олар не үшін Чаңән(чанъань) қаласын астана қылды, не үшін Чаңәнда жылқының мүсінін орнатады? «Аттың ғұнды тарпуы» деген мүсінге арқау болған идеяның тарихи астары не? деген мәселелерге ұлттық тарихымыз тұрғысынан толық үңіле алмадық. Оларды айтпаған күннің өзінде XVIII, XIX ғасырдағы Цин патшалығының мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жазба деректердің қаншасын аударып жарыққа шығара алдық? Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының былай дегені бар: «Біздің болжауымызша, Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттардың жалпы саны 7000-нан асады. Қазірге дейін соның 3/1 ғана жарық көрді деуге болады».
Бұл арада Бақыт Ежен­ханұлы­ның айтқандарының ақиқат екенінде талас жоқ. Өйткені Бақыт Қытай тарихындағы қа­зақ­қа қатысты деректерді көп зерт­те­ген және мәнжур (маньчжур) тілін білетін бірден бір қазақ ғалымы. Қытайдың бірінші тарихи мұражайындағы құн­ды деректердің бір бөлімін Қа­зақстанға жеткізген, Абы­лайдың Цин патшалығына жазған ха­тындағы кейбір түйткілді мәсе­ле­лердің шын сырын ашқан, Қабанбай батырдың мөрін тауып, күллі қазаққа жария еткен де осы Бақыт Еженханұлы болатын.
Абылайдың хаты демекші, Абылай ханның 1757 жылы Цин патшалығына жазған хаты Қытай тіліндегі аударма нұсқасы бойынша «Орта жүз, Ұлы жүз қазақтарының Қытайға бодан болғандығының дәйегі» ретінде қаралып келген еді. Алайда, бұл хаттың тот-Моңғол тіліндегі өңделген көшірмесі мен оның мәнжур тіліндегі аудармасын тауып, салыстырған Бақыт Еженханұлы бұл хатты Қытай тіліне аударғандардың өз мүдделеріне бейімдеп, өзгертіп аударғанын анықтап шықты. Міне, бұдан біз Қытайдағы тарихи архивтерді ақтарып, пай­даланғанда, тек Қытай тіліндегі нұсқасына ғана жүгінудің дұрыс болмайтынын аңғарамыз. Цин патшалығы кезіндегі архивтердің көбі алдымен мәнжур тілінде жазылып, кейін Қытай тіліне аударылғандықтан, Қытайдағы архивтерді ақтаруда тек Қытай тілін білу аздық етеді. Керісінше Қытай тілін, көне Қытай жазуын жетік білумен қатар, мәнжур тілін білетін маман ауа­дай қажет. Өкінштісі, тағы да қайталап айтайық, қазірге дейін мәнжур тілін толық білетін Бақыт Еженханұлынан басқа білікті ғалым қазақта жоқ. Керек десеңіз, оның да мүмкіндігін толық пайдаланып, қаржылай демеушілік жасап, мәнжур тіліндегі деректерді дер кезінде қазақ тіліне аудартып алуға толық мән бермей жүрміз. . .
Архив-2025 бағдарламасын жүзеге асыруда тек қана шетелдегі архивтерді Қазақстанға жеткізу міндет емес. «Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет» деп Елбасы өзі айтқандай, әкелінген, бұдан бұрын да жинақталған архивтерді, тарихи материалдарды қайталай ғылыми айналымға түсіруге күш салу керек. Сонымен қатар, осы жұмыстармен айналысатын кадр­лар тәрбиелеу жұмысын да қолға алу кезек күттірмейтін міндет.
Ал Қытайдағы тарихи дерек­терді жиындауда мынадай бірқатар түйіндерге баса назар аудару керек сияқты.
Біріншіден, Қазақстандағы және Қытайдағы тарихтан хабары бар, қытай, мәнжур тілдерін жетік білетін мамандарды ұйымдастырып, олардың Қазақстан тарихшыларымен тізе қоса жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Бұлардың арасында тіл мамандары, мәде­ниет зерттеушілері, археологтар болса, тіпті құба құп.
Екіншіден, Қазақстанға Қытай архивтеріндегі деректердің ішінарасы орысшадан аударып алу жолымен жетті. Алайда, орыстар Қытай архивтеріндегі қазақ ру, тайпаларының атын өз білгендерінше оқып, өз тілінің фонетикалық заңдылықтарына бейімдеп жазды. Оны кейін қазақ тіліне аударғанда, көбінің өңі өзгеріп, атаулар әр түрлі алынып кетті. Міне осы қателіктерді түзету және ежелгі этностардың атын, кісі есімдерін дұрыс алу үшін тарихи жазбалардағы иероглифті ерте замандағы фонетикасына қайтарып, қазақ тіліне қайта аударуды ойластырған оң. Аудару барысында қазақ тілінің фонетикалық өзгерістерін ескеруді де назардан қағыс қалдырмаған дұрыс.
Үшіншіден, «Қытай тарихна­маларындағы қазаққа қатысты деректер», «26 тарих» сияқты Қы­тай қазақтары аударған немесе Қазақстанда аударылып, айналымға түскен деректер Қытай тарихнамаларындағы деректердің азғантай бөлгі ғана. Ал бейресми тарихнамалардағы, орданың құпия шежірелеріндегі деректер тіптен көп. Олар боя­масыздығымен, шынайы­лығымен құнды. Сонымен қатар, бұл жазбаларда тілімізге қатысты деректер де аз емес. Егер осы тари­хи жазбалардағы атауларды бірлікке келтірсе, қазақ тіліндегі архаизм сөздердің бұрын қалай қолданылғанын білуімізге де мүмкіндік туар еді.
Төртіншіден, Қытайдағы жазба деректерге ғана жабысып алмай, көне қорымдарға, қабірлерге, мәңгі тастарға, тарихи ескертіштерге, тіпті жер аттарына дейін зерттеу жүргізіп, олардың жазбаша дерегін, фотосурет, бейнебаянын бірге жинақтау керек. Бұл жерде үкіметаралық келісім жасап, Қытай-Қазақстан археологтары бірлескен ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастырылса және үйсін қабірлері сияқты тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Бесіншіден, Қытайдағы архивтерге, тарихи жәдігер­лерге үңілгенде көне дәуірге байланысты деректерді Шиәннән(сиань), ал орта ғасырдан бергі деректерді Бейжіңнен іздеген дұрыс. Тұрфан, Дуньхуан өңірлеріндегі мың үйлер­ден ұлы британияға әкетілген тарихи мұраларды да Қытай тарихындағы деректердің бір бөлгі ретінде зерттеуді ұмытпаған оң.
Қысқасы, бір ұлттың және оны құраған этностардың сан ғасырлық тарихы ешқашан сол мемлекеттің шекарасымен шектелмейді. Сондықтан қазақ тарихын жұмыр жердің бетінде өмір сүріп жатқан бүкіл қазақтың және қазақ халқын құраған этностардың тарихы ретінде індете іздеудің икемді сәті туды. Осы тұрғыдан алғанда, «Архив — 2025» бағдарламасының жүгі ауыр, маңызы зор. Алайда, аталған бағдарламаны жүзеге асыруда «Бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «Академиялық туризмге» ай­нал­­мауға тиіс» деп Елбасы ма­қа­ласында қадап айтқандай, нау­қаншылдықтан, сенсация жасау­дан айрықша абай болған жөн. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны тек 7 жылдың ауқымды жұмысы деп қана қарамай, басталуы бар, ұзақ жылдарға жалғасатын та­қырып ретінде қаузаған дұрыс.

Қалиакбар Үсемханұлы,
журналист

  1. Алаш :

    «Архив-2025» жобасына қосылған сүбелі үлес екен! Тамаша!

  2. Азамат :

    Жөн екен. Тамаша ой айтыпты.

  3. Кайсар :

    Оте тамаша жазылган.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды