«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алып-сатарларға жол жоқ

0 54

Астана қаласы отын-энергетикалық кешені және коммунал­дық шаруашылық басқармасы баға өсімінің алдын алу үшін көмір сатушылармен меморандумдарға қол қойды.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қатты отын сататын негізгі кәсіпорындарда болып, күн сайын түсетін көмір туралы есепті тыңдады. Жұртшылық арасында айқай-шуға жол бермес үшін қала басшысы тиісті мекемелердің жауапты мамандарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Бұл тұрғыда қала билігі алып-сатар­лардың адымын да аңдып, жағдайды бақылауда ұстап отырған көрінеді. Алайда Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық бас­қармасының бөлім жетекшісі Мақсат Есмағұловтың мәліметінше, Астана маңындағы Талапкер, Қосшы, Қараөткел, Ақмол ауылдары сияқты көрші облыстың елді мекендерінің тұрғындарына көмір сатып алуға рұқсат беріліпті.
Өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында Астанаға 20,4 мың тонна көмір жеткізілсе, биылғы осы уақыт ара­лығында 52,2 мың тонна қатты отын әкелінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Ал көмір сататын орындардағы ұзын-сонар кезектің пайда болуы трей­дер­лердің қатты отынды уақытылы жет­кізбеуінен деседі. 20 қыркүйектегі жағ­дай бойынша қалаға 7 вагон, яғни 489 тонна көмір әкелінген. Оның 4 вагоны – Шұбаркөл (280 тонна) көмірі, 3 вагоны – Майкөбе (209 тонна) көмірі. Шұбаркөл көмір бағасы 13500-14500 теңге болса, Қаражыраның тоннасы – 14000 теңге. Ал Майкөбе 12000-12500 теңгеден, Богатырь көмірі 8500-9500 теңгеден сатылуда. Осы айдың соңына дейін тағы 21 мың тонна отын әкелінбек.
Жалпы, қатты отын туралы қосымша ақпаратты «iKomek-109» мониторинг және жедел әрекет ету орталығынан да білуге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды