«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алтынбек ҚАЙСАҒАЛИЕВ: Үлескерлер мәселесін алдағы үш-төрт жылда толықтай шешуді жоспарлап отырмыз

0 17

«Astana» телеарнасы мен «Elorda aqparat» ЖШС-нің бірлескен жобасы – «Elorda Lie» бағдарламасының кезекті қонағы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев үлескерлік құрылыс мәселесі, қаланың шеткі аймақтарын дамыту, қыс мезгіліне дайындық бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.

БАРЛЫҚ 51 НЫСАН БОЙЫНША КЕШЕНДІ ЖОСПАР ҚАБЫЛДАНДЫ

– Нұр-Сұлтан қаласында үлес­керлердің қаражатына салынып жатқан тұрғын үйлер қанша және олардың неше пайызы проблемалы болып табылады?
– Бүгінгі таңда қаламыз үшін бұл – өте өзекті мәселе. Жалпы қаламыз бойынша 15 мыңға жуық үлескер бар. Бұл – 76 көпқабатты тұрғын үй. Соның ішінде 51 нысан проблемалы болып танылған. Осы нысандар бойынша әкімдік тарапынан кешенді жоспар қабылданып, жұмыстар атқарылуда.
– Үлескерлердің қордаланған мәселесі қалай шешімін табады? Әкімдік тарапынан не істелініп жатыр?
– Осы 15 мың үлескердің мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Әкімдік тарапынан «Елорда құрылыс» компаниясы құрылды. Құрылысы тоқтап тұрған 29 нысанның құрылысын толықтай аяқтаймыз. Инвесторларды тарту арқылы 20 нысан мәселесін шешу жоспарымызда бар. Тиісті жұмыстар басталып кетті.
– Үлескерлер мәселесі бірінші жыл айтылып жүрген жоқ. Жалпы үлескерлердің қаражатын жинап, алдымен үй салу үшін құрылыс компаниялары нарықта кемінде үш жыл жұмыс істеуі керек және Қазақстан Республикасының аумағында 10 мың шаршы метр үй салуы керек. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кепілдендірілген арнайы қор ашылады. Бірақ заңның осындай күшті талаптарына қарамастан неліктен осы проблема көп жылдардан бері шешілмей келе жатыр?
– Мемлекет тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы «Елорда құрылыс» компаниясына осы мәселені шешу үшін 40 млрд теңге бөлінген болатын. Қаражат Ұлттық қордан бөлінді. Бүгінгі күні жұмыстар басталды. Жобалық-сметалық құжаттар толықтай дайын болмауынан мәселенің шешімі баяу­лап жатыр. Сапасы төмен кейбір құрылыс нысандарына құжаттама мүлдем жоқ. Мұны басынан бастап дайындау керек. Бұл жұмыс уақытты алады.
Екінші мәселе, сот шешімдері ұзаққа созылуда. Шешім қабылданғанмен, оны іске асыру бар. Үшінші мәселе, үлескерлердің тарапынан жаңа талаптар қойылып жатыр. Құрылысты толықтай бастау үшін қаржылық және техникалық аудит жүргізілуі керек. Кейбір құрылыс кооперативтерінің арасында, үлескерлердің арасында келіспеу­шіліктер бар. Бір нысан бойынша үш құрылыс кооперативі құрылған жағдайлар шықты. Ал құрылысты аяқтау үшін бір кооператив болуы керек. Сол үшін үш кооперативті бір мәмілеге келтіру қажет. Сондықтан біз күнде кездесулерді өткіземіз. Қала әкімі осы мәселені бақылауында ұстайды. Әр күн сайын, таңертең және кешке үлескерлік құрылыс нысандарына барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Қыс мезгілін құжаттама дайындауға жұмсап, келесі көктемде құжаттамасы мүлде жоқ нысандардың құрылысын бастаймыз. Бүгінгі күні барлық 51 нысан бойынша кешенді жоспар қабылданған. Алдағы үш-төрт жылдың ішінде мәселені толықтай шешуді жоспарлап отырмыз. Мұны күнделікті кездескенде үлескерлерге түсіндіріп жатырмыз.

ШЕТКІ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ ҮШ БАҒЫТТА ЖҮРЕДІ

– Нұр-Сұлтан қаласының шеткі аймақтарын дамыту үшін қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
– Қаланың шеткі аймақтарын дамыту бойынша алдағы үш жылға кешенді жоспар қабылданды. Жалпы сомасы 150 миллиард теңгені құрайтын жаңа жобалық-сметалық құжат бойынша жұмыстар басталды. 50 миллиард теңгенің құжаттамасы дайын. Конкурс жарияланып, құрылыс жұмыстары басталатын болады. Алдағы үш жылдың ішінде қаланың шеткі аймақтарында тоғыз мектептің құрылысын бастамақпыз. Бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенін саламыз. Бұдан тыс, мәселені үш топқа бөлген болатынбыз. Біріншіден, инженерлік инфрақұрылымды жеткізу. Бұл – сумен, газбен, электржелілерімен қамту, жол салу. Екіншіден, әлеуметтік нысандарды салу. Бұл – денсаулық сақтау, білім беру, мәдени ошақтарды салу. Үшінші бағыт – тұрғындарға саяжайларды, парктерді, скверлерді салу. Осы үш бағыт бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалып, жұмыс басталды.

ЗАҢНАМАНЫ ҚАТАҢДАТУ КЕРЕК

– Балзия Дулатова, көрермен: Жақында қала әкімдігі салынып жатқан «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенін сүріп, қайта салатынын хабарлады. Оның себебі неде?
– Бұл тұрғын үй кешені қаланың дәл ортасында орналасқан. Бұл үйде 536 үлескер бар екен. 2008 жылдан бері құрылыс жұмыстары мүлде тоқтаған. Яғни, он жылдан астам уақытқа құрылысы қаңтарылған. Енді шешімі табылды. Техникалық бақылау­ға байланысты Төтенше жағдайлар департаменті мен тиісті комиссия үйді сүру туралы шешім қабылдады. Жылдың соңына дейін нысанды сүру жұмыстары толығымен аяқталып, келесі жылы жаңа құрылысты бастау жоспарға енгізілді. Алдағы екі жылдың ішінде жаңа тұрғын үй кешенін салуды бітіріп, тұрғындарға тапсыруды жоспарлап отырмыз.
– Келешекте үлестік құрылыс саласында құйтырқы әрекеттерді азайту немесе болдырмау үшін не істеу керек?
– Дамып жатқан әр қалада құрылыс қарқыны жоғары. Нұр-Сұлтан қаласында жылына екі жүзден астам тұрғын үй тапсырылады. Әр үйдің құрылысын жеке бақылауда ұстап отырмыз. Заңнама бар. Туындаған мәселелерді шешу үшін жұмыстар атқарылуда. Проблема шығуының себебі, құрылыс компаниялары кезінде қабылданған заңнаманы дұрыс пайдаланбады және заңнама қатаң болмады. Заңнама актілерін өз пайдасына жүзеге асырудың кесірінен проблема туындап тұр. Бүгінгі күні осы мәселені шешу үшін біз ұсыныстарды енгізіп жатырмыз. Біздің ойымызша, заңнаманы одан әрі қатаңдату керек. Құқық қорғау органдары өз тарапынан жұмысты күшейту қажет. Үлескерлердің тарапынан да қателіктер кетіп жатады. Әр компанияға келген кезде, сол компанияның үлескерді тартуға рұқсаты бар ма, жоқ па, соны сұрау керек. Үлескерді тартуға құжаттың жоқтығын біле тұра, сол нысанға ақша салады. Заңға сәйкес құрылысты бақылау департаменті үш жүз айлық есептік көрсеткішке құрылыс компанияларын жауапқа тарта алады. Бүгінгі күні 116 тұрғын үй кешенін салуға әкімдік тарапынан рұқсат берілген. Бірақ басқа кейбір нысандарда рұқсат жоқ. Біз соған тексеріс жүргізудеміз.
– Жұмағайша Әлімбек, «Загреб» тұрғын үй кешенінің үлескері: 2016 жылдың 30 қарашасында біз келісімшартқа отырдық. Содан бері үш жылдай уақыт өтті, ешқандай құрылыс жұмыстары басталған жоқ…
– Соңғы үш айдың ішінде бұл нысанға екі рет бардық. Бақылау жұмыс­тарын жүргізген кезде тұрғындармен кездестік. Бұл үйде 225 үлескер бар. Хорватия елінен инвесторлар келіп, жұмысты бастаймыз деген. Үш жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргізіп, ақыры нысанды тастап кеткен. Бұл аумақта 3 гектар жер телімі бар. Нысан қала орталығында орналасқан. 29 қыркүйек күні үлескерлермен кездесуіміз керек еді. Бірақ оның уақытын келесі аптаға шегердік. Өйткені әкімдік тарапынан инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні «Базис А», «Хайвилл», «Нұр Астана құрылыс» компаниялары осы жобаны қарастыруда. Осы нысандарға инвесторларды тарту арқылы құрылысты жүргізбекпіз. Себебі нысан шағын емес, үлкен. Тұрған жері де инвесторларға тартымды. Бұл нысанның мәселесін шешеміз.
– Бұл мәселе сонда қай жылдан бері созылып келе жатыр?
– Соңғы үш жылда инвестор пайда болған. Негізі, 2014-2015 жылдары рұқсат құжаттары алынған. Сонымен іс тоқтап қалған болатын.

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ БАҚЫЛАУДА

– Асхат Майлыбаев, көрермен: Коммуналды мекемелердің биылғы қысқа дайындықтары қалай?
– Қысқа дайындық бақылауда. Бүгінгі күні 1900 арнайы техника дайындалып, бақылаудан өткізілді. Қала көшелерін жинауға 3500 жұмыскер әзір. Көк тайғақты болдырмау үшін реагент сатып алынды. Алдағы жексенбі күні біз техниканы тексереміз.
– Жыл өткен сайын астанамыз­дың халқы да артып, аумағы да өсіп келе жатыр. Қаланың өзінің дамуы бойынша бас жоспары бар. Осы жоспарға сәйкес болашақта қандай жұмыстар жоспарланған?
– Алдында айтқанымдай, бас жоспарға сәйкес қаланы дамытуды үш бағытқа бөлдік. Бірінші, инженерлік инфрақұрылымды тарту, екінші, әлеуметтік нысандарды салу, үшінші, абаттандыру жұмыстары. Осы үш бағыт бойынша қаламыздың шеткі аудандарында орналасқан 16 аумақтық алаң мәселесін шешу бойынша алдағы үш жылда жұмыстар жүргізілетін болады.

ҰСЫНЫСТАРДЫ ҮКІМЕТ ҚАРАП ЖАТЫР

– Мәдина Тұрғанбаева, үлескер: 2015 жылы біз қаржы салған үйдің құрылысы тоқтап қалды. Осы жұмыстарды қалай іске қосасыздар? «Рояль Экспо» тұрғын үй кешені құрылысына қандай көмек көрсете аласыздар? Біз жоспарларыңызда бармыз ба?
– Бұл нысан – жеке бақылауымыз­да. Мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы құрылысты аяқтау. Екіншісі, инвестор тарту. Бүгінгі күні осы екі нұсқа бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үлескерлер біледі, Түркия елінен инвестор табылған болатын. Қазір жобалық-сметалық құжаттама қарас­тырылуда. Бұл нысан бойынша бұл құжаттама толық емес, оны дайындау керек. Бұл дайын болған соң, құнын белгілеу қажет. Құны белгілі болған соң инвестор өзіне тиімділігін есептейді. Қыс мезгілін пайдаланып, жобалық-сметалық құжатты дайындаймыз. Нысан негізі бітуге жақын. Дайындығы – 80 пайыз. Тиісті жұмыстарды келесі жылдың көктемінде бастаймыз.
– Үлескерлер мәселесін шешу үшін ұсыныстар дайындадық деп айттыңыз. Бұл ұсыныстарды нақты қайда жібердіңіз?
– «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс­тар дайындадық. Қазір бұл ұсыныс­тар Үкіметтің қарауында. Алдағы бір айдың ішінде қабылдануы керек. Нысандарды барып қараған кезде, оның жанында бір қабатты басқа да нысандар немесе саяжайлар, гараждар тұрады. Олардың бәрін сүру керек. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бұл нысандарды сүре алмаймыз. Сол үшін ұсыныстарды жібердік. Екіншіден, кейбір нысандарға барған кезде үлескер саны тұрғын үйдегі пәтерлер санынан көп болып шыққан. Мысалы, жоба бойынша 500 пәтер болса, онда 600 немесе 700 үлескер тіркелген. Бұл жағдайда бәріне пәтер жетпейтіні белгілі. Сондықтан жаңа «донор» нысан салу үшін қосымша жер телімін береміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды