«Алтын сақаны» №73 мектеп алды

«Бұлақ көрсең, көзін аш…» дейді дана халқымыз. Дәл осы аталы сөзді мақсат еткен «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының директоры Ырысбек Мәуітұлының бастамасымен өтетін әрбір шара мектеп оқушыларының білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған.

Жуырда жыл сайын дәстүрге айналған «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының марапаттау рәсімі өтті. «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен жас дарындардың қабілетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған олимпиадаға Астана қаласы білім беру мекемелерінің 5-6-сынып оқушылары қатысты. Олимпиаданың ерекшелігі – тапсырмалар «Жүздік бақылау және жүз балдық бағалау жүйесі» формасы түрінде берілді. Сайыстың бірінші кезеңі мектеп базасында өткізіліп, қатысушы 1500-ден астам оқушының ішінен жоғары ұпай жинаған 300-ге жуық оқушы екінші кезеңге жіберілген болатын. Олимпиаданың қорытындысы бойынша жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иегерлері анықталып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды. Дүбірлі додада топ жарып, І орын иеленген 4 оқушыға – 50000 теңге сыйлық сертификаты, ІІ орын алған 15 оқушыға – 10000 теңге көлемінде сыйлық сертификаты, ІІІ орын алған 25 оқушыға 5000 теңге сыйлық сертификаты табысталды.
Қазіргі таңда болашақ ұрпақтың білімді, бәсекеге қабілетті болуы үшін жекелеген ата-аналардың тарапынан да игі істер жасалып жатыр. Егеменді еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын ұлтжанды азаматтардың бірі Омар Жусанбайұлы І орын иеленген төрт оқушыға берілген қаржылай сыйлыққа де­меу­шілік жасап, «Ұлттың ертеңі – осы жас балалардың қолында. Ертең осы оқушылардың арасынан халықаралық сайыстарда үздік нәтижелерге жетіп, еліміздің ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлестерін қосса деп тілеймін» деген тілек білдірді.
Деңгейі жоғары деп танылған 40 оқушы арнайы грамоталармен марапатталып, «Математика олимпиадасына дайындық бастамалары» атты оқу құралы сыйға тартылды. Олимпиадаға қатысқан мектеп оқушыларының орташа ұпайы және орындар саны бойынша жақсы нәтиже көрсеткен №73 физика-техникалық лицейіне «Алтын сақа» кубогы табысталды.
Мектеп оқушыларын ынталандырып, қабілетін арттыруға бағытталған олимпиадалар мен сайыстар орталықтың ұйымдастыруымен әлі де жалғасын табады.

Гүлжан Рахман

Сонымен қатар

АЛАШ МҰРАТЫ

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған