«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтын белгі» үмітті ақтады ма?

0 15

ҰБТ атты ұлы дүрмек те биылғы елордалық түлектер үшін аяқталды. «Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, кейбіреуі – жылдап, кейбіреуі айлап әзірленген бұл сынақ небәрі он күннің ішінде өтті де кетті.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6274 бала мектеп бітірген еді. Оның ішінде 294 түлек «Алтын белгі» иеленген болатын. Бұл марапат тек мектеп тарапынан берілетінін, яғни оның ҰБТ нәтижесіне еш қатысы жоқтығын ескерсек, оны олжалаған ұл-қыз­дардың тестілеу кезінде қаншалықты жоғары балл жинағанын білуге деген қызығушылықтың тууы да заңды. Әрине, 294 түлектің түгелі бірдей тестке қатысқан жоқ. Өйткені араларында отандық немесе шетелдік жоғары оқу орындарынан шақырту алып қойғандары жетерлік. Ал қатысқандары қаншалықты сай болды мектеп артқан үмітке?
Осы жылы астанада «Алтын белгі» бойынша алға шыққан оқу ордасы №1 мектеп-лицей болды. Онда 16 түлек аталған төс белгіні алған. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Дәулетбекованың айтуынша, олардың тек 8-і ҰБТ-ға қатысыпты.
– Түлектеріміз жаман нәтиже көрсеткен жоқ. «Алтын белгі» алғандар көрсеткіштерінің ең төмені – 90, ең жоғарысы 115 балл, – дейді ол.
№48 мектептен 13 шәкірт «Алтын белгіге» қол жеткізген-ді, бұл – елорда мектептері бойынша екінші орын. Сол 13 оқушы ҰБТ-да 91 мен 133 арасында балл жинаған. Жалпы, «алтын белгіліктердің» өзі тестілеу сұрақтарының оқу бағдарламасына сай болғанын айтады. Мәселен, №48 мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері Ақсәуле Байғазы өзіне келген сұрақтардың ішінде бұрын мүлде кездеспеген тақырып болмағанын жеткізді. Ойындағы балын еншілеген жас түлек енді Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсуге талаптанып отыр.
ҰБТ сұрақтарының жалпы саны – 140. Сонда 90-ның айналасындағы балды жинаған түлектер жалпы сұрақтың шамамен 65 пайызын ғана еңсерген болып тұр. Мектеп бағдарламасын түгелдей үздік меңгергені үшін «Алтын белгі» алған балалардың ең бас­ты қорытынды сынақта осындай нәтиже көрсетуі қаншалықты қисынды?
Осы мәселеге орай әлеуметтік желі қолданушылардың арасында сауалнама жасағанбыз.
– Он бір жыл бойы озат оқыған балаға «Алтын белгі» бергенде тұрған не бар?! Университетке түсу конкурсында бәрібір оның маңызы жоқ. Яғни ҰБТ кезінде түлектердің барлығы бірдей әділ байқауға түседі. «Алтын белгі» біреудің алдын орап кетті деген секілді әңгімелер болмайды, – дейді өзін Ришат Аманжолов деп таныстырған азамат.
Алайда осы жерде баланың психологиялық жағдайы сәл ұмыт қалып тұрған сияқты. «Алтын белгі» алған балада ҰБТ қарсаңындағы стрестің басқалардан бірнеше есе көп болатыны белгілі. Ертеңгі күні төмен балл жинаса, мұнысы үшін құрдастарынан, мұғалімдерінен ұялып, ыңғайсыз күйге түсуі мүмкін. Біз мұнда сәтсіздіктің кесірінен болатын бірді-екілі оқиғаларды айтып отырған жоқпыз. Мәселе – мектептердің «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсаға» салып, түлектеріне топырлатып «Алтын белгі» тағуында. Ал оқушы сабақты үздік оқыса, неге «Алтын белгі» алмасқа дейсіз бе? Бұл тұста шәкіртті «үздік» деп бағалаған оқу жүйесінде кінәраттың бар екені байқалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды