«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтын адам» жетінші мемлекетке барды

0 26

Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанаты аясында көрші бауырлас елде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрме өтті.

Салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды көрменің маңызына тоқталып, бұл мәдени шара Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Ал Ұлттық музей директоры Алмаз Нұразхан: «Ең алдымен бізді ыстық ықыласпен қабылдаған Өзбекстан Республикасының басшылығына, осы көрмені өткізуге атсалысқан Мемлекеттік өнер музейінің ұжымына алғыс білдіргім келеді. «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған еді. Бүгін біз осы бағытта жетінші мемлекетке табан тіреп отырмыз» деді ол.
Өзбекстанның мемлекеттік өнер музейінде өткен көрменің басты экспонаты «Алтын адам» болды. Сонымен қатар келушілер сақ жауынгерімен бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д. V-IV ғғ.) археологиялық мұраларының коллекциясын тамашалады. Тақсай, Талды-2 және Берел секілді сақ қорғандарынан табылған жәдігерлер көрсетілді. Бір сөзбен айтқанда, көрмеге Ұлттық музей қорындағы 127 жәдігер ұсынылды. Олардың бәрі де халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін құнды дүниелер саналады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды