«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтын адам» – Қазанда

0 17

Еліміздегі Ұлттық музейдің «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық жобасы аясында Ресей Федерациясындағы Татарстан республикасының бас қаласы Қазанда 15 наурыздан бастап «Ұлы дала: тарих және мәдениет» деген көрмесі ашылады.

Бұл көрменің жұмысы бір айға созылады. Игілікті шараның мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге өткен ғасырдың 70-ші жылдары Алматы облысын­дағы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкциясы мен оның
алтын тілімшілер әшекейлеп тұрған конус пішінді бас киімі және көне темір ға­сы­рының археологиялық кол­лек­циясы қойылады. Айт­­пақшы, «жиырмасыншы ғасыр­дың жаңалығы» деп бағаланған бұл құнды мұраны көрнекті археолог Кемел Ақышев тапқан.


Сондай-ақ қазан жұрт­шы­­­лы­ғына Ұлттық музейдің қорындағы 127 жәдігер ұсынылады. Солардың қатарында Тақсай, Талды-2 және Берел секілді сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар көрсетіледі. Бұлардың бәрі – Қазақстанның ежелгі және ортағасыр­лық өнерінің жауһарлары саналады.
Бұған дейін «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық жобасы шеңберінде Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея елдерінде ауқымды көрме ұйымдастырылды. Енді аталған жоба жыл соңына дейін тағы да алты елге саяхат жасамақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды