«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтын адам» – Анкарада

0 19

Ұлттық музейдің «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы аясында Түркияның Анкара қаласындағы Анадолы өркениеттер мұражайында «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрмесі ашылды.

Мәдени шараның ашылуына Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Музейлер мен мәдени ескерткіштердің бас директоры Гокхан Язгы, ТҮРКІСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, құндылығы мол көрме туралы ізгі лебіздерін білдірді.
«Қазақ жері – әлемді өзінің көшпелі мәдениеті және бай тарихымен қызықтырады. Елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында өнер саласында көптеген жұмыс­тар атқарылды. Соның бірі – өздеріңіз куә болып отыр­ған көрме. Мұнда бауырлас Түркия еліне Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған «Алтын адамды» ұсынып отырмыз» деді ­Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Көрмеге өткен ғасырдың 70-шы жылдары Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкциясы мен оның алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді бас киімі қойылды. Сонымен бірге Ұлттық музей қорындағы ежелгі және ортағасыр­лық өнердің жау­һарларына айналған 207 жәдігер ұсынылды.
Айта кетейік, көрме 12 қазанға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды