«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алты алашқа – алты кітап

0 69

Нұр-Сұлтан қаласында жазушы Жәди Шәкенұлының алты кітабының тұсаукесері өтті.


Зерттеу мен көркем әдебиетте бірдей қалам тербеп жүрген жазушы бұл жолы оқырмандарға «Бозмұнар» роман-хикаяттарымен қатар, «Алтай алыптары», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері», «Қытай қазақтарының әдебиеті», «Бегзат сөз» атты зерттеу, әдеби сын кітаптарын, сондай-ақ Жәди шығармалары жайында жазылған мақалалар жинағын оқырмандарына ұсынды. Сұраныс бойынша басылған «Қаралы көш» романының төте жазудағы (А.Байтұрсын­ұлы үлгісіндегі) нұсқасы да қоса таратылды.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен тұсаукесер кешіне академик Сейіт Қасқабасов, профессор Серік Негимов, түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы, алаштанушы ғалым Диқан Қамзабекұлы, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы қатысып, Жәди шығармалары жөнінде ықыласты лебіздерін білдірді. «Қытайдағы қазақтардың руханияты жайлы біз әлі толық мәлімет ала алмай жүрміз. Соның бәрі жү­йелі түрде зерттеліп жатса құба-құп. Жәдидің еңбегі соның жақсы бастамасы деп ойлаймын» деді Сейіт Қасқабасов.
Ж.Шәкенұлы 1967 жылы ҚХР-дың Алтай аймағында дүниеге келген. Шығармашылық жолын журналистикадан бастаған оның бұған дейін «Бір уыс сәуле», «Жүрек неге жылайды?», «Ақ балапан», «Ар­маншыл бала», «Жалғыздың үні» сынды әңгімелер топтамасын, балаларға арналған кітаптарын, әдеби сын-зерттеу тақырыбында жазылған мақалалар жинағын қамтыған 12 кітабы жарық көрген. 20-дан астам кітап құрастырған. «Қаралы көш» романы 2016 жылы түрік тіліне аударылған. Жәди Шәкенұлы – Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды