«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен…»

0 60

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зыряновск ауданы мен осы аттас қаланың атауы Алтай болып ауыс­тырылды. Бұл – Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы атанып, орталығы Түркістан қаласына көшірілуінен кейін орын алып отырған осы жылдың басындағы маңызы бар зор оқиға. Сонымен қатар күні кеше Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы атауын да Бәйтерек ауданы етіп өзгерткені туралы Қаулысын жария етті.
Осындай ақжолтай үрдістерді қолдай отырып, бүгін Алтай туралы айтуды жөн көрдім. Қазақтың қасиетті баба қонысы – Алтайды ХХ ғасыр басындағы ұлттық жаңғыру дәуірінің заңғар ақындары Мағжан Жұмабайұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгірұлы алғашқылар болып жырға қосқан еді. Олардың өлеңдері сондай-ақ түркі әлемінің бесігі саналатын аймақтың халық жадындағы бітім-бейнесін танытуға жол ашып бере алады.

Тарихи сана сілкініп-серпілетін рухани жаңғыру тұсында этностың жан-жүрегіне жақын киелі, кепиетті ұғымдардың, бағзы бейнелердің бүгінгі қоғаммен жарасым тауып жатуы – заңды құбылыс.
Сөз жоқ, мұндайда ойға оралып, қиялды қозғайтын ұлттық код айғақтарының бірі – Алтай.
Алтайды ауызға алсақ, есімізге ең алдымен Мағжан Жұмабайұлының шығармалары түседі. Оның «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма», «От», «Тез барам», «Қазақ тілі», «Жер жүзіне» атты өлеңдеріндегі, сондай-ақ «Қорқыт» поэмасындағы Алтайдың жинақы көркем образы көз алдымызда кесе көлденеңдейді.
Ең алдымен ақын Алтайды түркілердің, алты алаштың түпкі Отаны ретінде танытады:
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде алаш елі мекен еткен.
Сондықтан Мағжан Алтайды түркілердің Анасына балайды («Япырмай, емес пе еді алтын Алтай // Анамыз бізді тапқан асау тайдай?»; «Алтайдай анамыздың ақ сүтінен // Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек?!»).
Мағжанның лирикалық кейіпкері қиын-қыстау отаршылдық заманында ел еңсесінің төмендеп, жалауы жығылуының жайын тарихи жадтың тозғындауымен:
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқақ жандар ұмытылды, – деп сабақтастырса, енді бір ретте – аруақ шақыра атойлап, құлдықтағы «Сарыарқаның топырағын тазартпақ» болғанда да «қарт анасына» жүгінеді:
Дұғада бол, алтын Алтай – қарт анам,
Алып ата, қуды жолың ер балаң.
Ақ шашыңды, көкірегіңді иіс­кеу­ге,
Тәңір жазса, сәулетпенен тез барам.
Ақын Алтайдың қасына тағы бір түркілік бағзы тау – Орал образын қатар қондырады («Қарашы төңірекке мойның бұрып,//Алтай, Орал бойында тұрған түрік.//Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,//Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп…»; «Қыранымын сары сайран даланың,//Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым»).

Ең бастысы, автор үшін атамекен Алтайдан тартылған жол («Әлпіге барғам Алтайдан») баяғы баба қоныс Алтайға қайта тіреледі («Жүр, кетелік Алтайға, ата мирас алтын таққа»). Жер жүзін шарлаған ақын қиялының түптің түбінде «барлық бастаулардың бастауы» – Алтайға бет бұруының символдық сыры бар. «Ата мирас алтын тақты» аңсау кешегіні құр көксеуден емес, өз замандастарын этностық тек-тамырын тануға, бірлік жолын білуге, аталар рухынан арқалануға шақырудан өрбіп-өріс­теп отыр.
Академик Зейнолла Қабдолов­тың: «Әрбір әдеби шығармада көркем шешімін тапқан идеяның терең тамыры сол шығарманы тудырған суреткердің дүниетанымында, әлеуметтік көзқарасында жатады. Сондықтан, сөз жоқ, бір тақырыптың өзінен дүниетанымы әр түрлі идея туғызады» деген пікіріне ден қойсақ, осы орайда Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылғы қаңтарда жазған «Алтай» атты өлеңі салыстыра талдауға сұранып тұр.
Жалпы, Сәкеннің өз тұрғыласы Мағжанның түркішілдік тақырыбындағы жырларымен, олардағы Алтай образымен таныс болғандығы талас тудырмаса керек. Ол үшін де Алтай – ардақты, аяулы өлке. Тек революцияшыл ақын бұл бейнені басқа мұрат, бөтен мүдде аясында алады. Төңкеріс жыршысы «айдынды Азияның қарауылы» – Алтайдың кешегісіне көз салмайды; оның ойы бүгінгі ортаға байлаулы. Ақын өзінің таптық қиялын ту қылады:
Уа, шіркін! Шың-құзыңа келіп шығып,
Отырсам қызыл жібек әлем байлап!
… Саңқылдап Азияға салсам ұран,
Жиналса қызыл ерлер лек-лек болып.
Осындағы «қызыл жібек әлем», «қызыл ерлер» – Сәкенге тән сөз тіркестері. Мұнан әрі өлеңде әдепкі «Шығыс-Батыс» проблемасының жаңаша трактовкасы жасалып, ол енді ақын лексиконында «Азия-­Еуропа» арақатысы түрінде ашылады. Мағжан өзінің «Пайғамбар», «Күншығыс» секілді өлеңдерінде Күншығыс пен Күнбатысты руханият тұрғысынан таластырып, «түннен туған перілермен», «құр денеге табынатын жануармен», «шегір көзді жындармен», «өлгелі жатқан құрт аурумен», «ібіліске ерген есерлермен», «адасқан мұндарлармен» айқасуды армандаса, Сәкеннің Еуропадан «жау қайдалағанда» табатыны – «борсықтай қанға семіз мырзалар», «жуандар». Мағжан өркениет жарысында «қысық көзді Күншығысты» үстем қойса, Сәкен де тап майданында Азияның беделін жоғары бағалайды. Түркішілдік пен тапшылдық алаңында аралары алшақ болғанымен, екі ақын да шығысшылдық торабында өзара түйіскен. Мағжан секілді, Сәкенде де жорық жолы Алтайдан бастау алады («Алтайдан жәрдем күтіп…»; «Алтайдан Еуропаға қаптап ассақ»). Бірақ түпкі мақсаттары әрқалай: Мағжанның аңсары – «Күн ұлы» ретінде «жер жүзіне нұр беру», Сәкеннің арманы – «төмен таптың» арқасында «жер-дүниеге тегіс теңдік орнату». Осы жерде қос таланттың идеялық сүрлеулері екіге айырылады.

Алтай бейнесі Ілияс Жансүгіров жырларында да жолығады. Мысалы, оның «Жетісу суреттері» классикалық туындысында мынадай жолдар бар:
Оранған ақ кебенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр жұрты.
Ертеде сол асқардың сәулетіне
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты.
Ақынның Алтайды «ақ кебенекке орап қоюы», «аруақты» қылуы, «сәулетіне» ел таласқандығын айтуы оның бұл таудың тарихи қадір-қасиетін тұспалдағандығы деп түсінеміз. Кейінірек, 1932 жылы жазылған бір өлеңінде Ілияс: «Алып Алтай ананың//Ақ сүтіндей құт Ертіс», – деп, Мағжанға жақын образды жаңғыртады.
Қорыта айтқанда, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ поэзия­сында Алтай бейнесінің ұлттық архетип ретінде жанданғандығы айқын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды