«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алмаз ИБРАГИМОВ: Бесігі жоқ үй болмаса екен…

2 315

Алмаз Ибрагимов – репродуктолог-дәрігер. «Экомед Астана» клиникасының медициналық директоры. Ол басқаратын мамандар тобының көп жылдық еңбегі – бедеулікті жаңа репродукциялық әдістермен емдеу арқылы 5 мыңнан аса баланың дүниеге келуі. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы бізбен әңгіме барысында бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған бедеулікті емдеу жолдары жайлы ой бөлісті.

Өзбекстанның Сырдария деген қазақ ауылында тудым

Әкем үшінші сынып оқып жүргенімде қайтыс болды. Анам – математика пәнінің мұғалімі. 1995 жылы Қазақстанға көшіп келдік. Мектепті де, жоғары оқу орнын да, одан кейін Сеченов атындағы Мәскеу мемлекеттік академиясының клиникалық ординаториясын да үздік бітіруім – анамның тәрбиесі мен тәлімінің арқасы.
Қарағанды медицина академиясында оқып жүргенімде мықты нейрохирург болуды армандадым. Бірақ соңғы курста жас отбасымен бірге пәтер жалдап тұрдым. Жарасымды отбасының бір проблемасы – үйленгендеріне 3 жыл өтсе де, балалары жоқ болды. Олардың үнемі дәрігерге барып жүргенін, емделгенін көрдім. Бірақ нәтиже болмады. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, сондай кездің бірінде әңгіменің ауаны айналып балаға келіп тірелетінін ішім сезді. Оларға шын ниетпен көмектескім келді. Күнде интернет ақтарып бедеулік деген не, оның түрлері мен емделу жолдары туралы мәлімет іздей бастадым. Бұл оқиға бедеулік мәселесін зерттеуіме, осы салаға келуіме түрткі болды.
Академияны үздік бітіріп келгеннен кейін Қазақстанда алғаш ашылған «Экомед» бедеулікті емдеу­мен айналысатын арнайы клиникаға жұмысқа қабылдандым. Еуропада, АҚШ-та білімімді жетілдірдім. Бүгінде дәрігер-репродуктологпын. Әлгі жас отбасының тарихына қайта ойыссам. Бірнеше жыл өткеннен кейін оларды Қарағанды қаласында бір тойда кездестірдім. Арада 11-12 жыл өтсе де балалары жоқ екен. Өздері қырыққа келіп қалған. Оларға көмек көрсете алам ба деген ой маза бермеді. Дегенмен тәуекелге бардым және қолымнан келді. Қазір олардың 7 жастағы қызы әп-әдемі болып өсіп келеді.

«Экомед» көмегімен күніне 2-3 бала дүниеге келеді

Бастапқы кезде шыр етіп өмір есігін ашқан балапандардың әрқайсысын санап жүрдім. 15, 20, 100… деп кете береді. Қазір еліміз бойынша бір күнде 2-3 бала дүниеге келеді. Тіпті шетелден де келіп емделушілер бар. Қазірге дейін бес мыңнан астам отбасы бала сүю бақытына бөленді. Бұл – жалғыз менің еңбегім емес, әріптестеріммен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Мұны жалғыз адам істей алмайды. Біздің жұмысымыз – бірнеше мамандықтың ұштасқан жері. Былайша айтқанда, биолог, репродуктолог, генетик, эндокринолог, хирург, гинеколог – бәрінің тоғысқан жері деуге болады. Осындай мықты мамандардың арқасында бедеуліктің барлық мәселесін, тіпті бұрынғы емге көнбейтін жағдайларды да емдеуге болатынын дәлелдеп келеміз.

Бедеулік пен белсіздік

Екі ұғымның өзін түсініп алған дұрыс. Отбасының бір жыл ішінде бала көтермеуін шартты түрде бедеулік деп айтуға болады. Бірақ ол келесі айда немесе 3-4 айдан кейін көтеруі мүмкін. Бұл бала болмайды деген сөз емес. Арнайы технология­лық көмекке жүгіну керек деген де сөз емес. Кейде дәрігердің жай кеңесі мен дәрілік заттарды таға­йындау да бала сүюге септігін тигізуі мүмкін.
Белсіздік – ер-азаматтардың жыныстық қатынасқа мүмкіндігінің болмауы. Бұл – бұрыннан кең тараған мәселе. Бірақ емдік шаралар болмағандықтан, адамдар ашық жариялауға қымсынған. Жалпы, дүниежүзілік мамандардың зерттеуі бойынша бедеулік көрсеткіші жоғарылап барады. Әрбір бесінші және алтыншы отбасы осы мәселемен бетпе-бет кездеседі. Себебі адамдардың өмір сүру салты, тамақтануы, өмірде кездесетін түрлі жағдайлар (стресс, депрессия), экологияның нашарлауы және тағы басқа мәселелер тікелей әсер етеді. Ер адамның шәуетінің зерттеу қорытындысының өзі осыдан он жыл бұрынғы статистикамен салыстыр­ғанда қазіргі нормативтері төмендетілген. Өйткені көрсеткіштердің өзі азайып тұр. Бізге келіп, анықталып, емделіп жатқан отбасылардың 15 пайызында бедеуліктің алғашқы немесе екінші сатысы кездеседі.

Денеден тыс ұрықтандыруға көзқарас

«Эко-мен дүниеге келген балалар бойжеткенде олардың да ұрпағы солай дүниеге келеді» деген пікір қате. Бұл саланы толық білмегендік деп айтар едім. Мұндай жағдайға ұшырамаған, мәселенің шешімін іздемеген адамның түсінуі қиын. Сөзді айта салу оңай. Әлемде денеден тыс ұрықтандыру әдісімен ең алғаш дүниеге келген Луиза Браунның жасы қырықтан асты. Ол табиғи жолмен бала көтеріп, өзі босанды. Ресейде ең алғаш осы әдіспен дүниеге келген қыздың да өз балалары бар. Бұл әдіс әйелдің және ер адамның ұрығы әйел адамның ағзасында қосыла алмағандықтан ғана жасалады. Біз оны лабораториялық жағдайда қосамыз. Сондықтан табиғи жолмен дүниеге келген балалардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бұл әдіс 1980 жылдардың басында пайда болды. Осы жолда жүргізілген ізденістер, алғашқы болып дүниеге келген қыз­дың бала сүюі – бәрі-бәрі ескеріліп, 2010 жылы ғана бұл әдісті ойлап тап­қан ғалым, британиялық физиолог Роберт Эдвардсқа Нобель сыйлығы берілді. Мұны бүгінде тиімді әдіс ретінде ең жоғары дамыған елдер қолданысқа енгізген. Израильдің өзінде әр отбасында екі бала дүние­ге келгенше денеден тыс ұрықтандыруды тегін жүргізу бағдарламасы бар. Көптеген елдерде сақтандыру бойынша жылына екі ретке дейін денеден тыс ұрықтандыруға рұқсат берілген. Алдыңғы қатарлы елдердің бұл әдіске мемлекеттік деңгейде қолдау білдіруі бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы болып отыр.

Сәби сүюдің құны

Бізде мемлекет тарапынан қолдау бар. Жылына 900 адамға тегін квота бөлінеді. Бірақ негізгі қажеттілік бұдан бес есе жоғары. Алғашқы кездері 100 квота бөлінгенін ескерсек, бұл да елеулі жетістік.
Негізінде, балалы болу үшін орындалатын бір бағдарламаны өткізуге шамамен бір ай уақыт кетеді. Ол әйел адамның етеккір цикліне байланысты жасалады. Кейде да­йындық жұмыстарымен қоса ал­ғанда екі айға созылуы мүмкін. Қа­ражат жағына келсек, әртүрлі бағ­дарламалар қарастырылған. Ұстазым Салтанат Байқошқаровамен бірге ізденіс жүргізетін негізгі бағытымыз – денеден тыс ұрықтандыру әдісінің нәтижелігін төмендетпей, бағасын қолжетімді ету. Яғни 300-400 мыңнан басталады, әрі кеткенде 1 млн теңгеден сәл асады. Мәселен, әйелдің ағзасына аз дәрі кететін, жүктеме аз түсіретін бағдарлама бар. Табиғи циклде жасалатын, стимуляция арқылы немесе ­эмбриондарды қатырып, сосын әйел адамның ағзасына бір-екі ай демалыс беріп салу әдістері де өз нәтижесін береді. Бір сөзбен айтқанда, біздің елімізде эконың нәтижелігі ең алдыңғы қатарлы елдермен бірдей. Шетелде бар мүмкіндіктер бізде де бар.

Квота алу үшін қайда бару керек?

Алдымен жергілікті емханаға қаралып жүрген акушер-гинекологтың жолдамасымен отбасын жоспарлау орталығына барып кезекке тіркелу керек. Ол жақта комиссия арқылы кезегі келгенде жергілікті департаменттен қаржы бөлінеді. Сол арқылы біздің орталығымызға келіп, балалы болуға мүмкіндік бар. Ал өз бетінше келгендер емді бірден бастап кетуге болады.
Қазіргі уақытта күніне кем дегенде 100-150 адам қаралуға келеді. Олардың қатарында бұрын ем алғандар, жаңадан қаралып жүргендер немесе бағдарламаға қатысып, қадағалауда жүргендер де бар.

Табиғаттан асқан ақылды технология жоқ

Денеден тыс ұрықтандыру тек бедеуліктің мәселесін шешу үшін қолданылады. Ал «Қалталы әйелдер егіз туу үшін жасатады» деу – жаңсақ пікір. Шын мәнінде, табиғи жүктіліктен артық ештеңе жоқ. Егер жүктілік болмай жүрсе, емдік шаралар өз әсерін бермесе ғана біз көмек қолын созамыз. Біздің мақсат – егіз босандыру емес, дені сау бір баланы аман-есен дүниеге әкелу. Біз үшін ананың да, баланың да денсаулығы маңызды. Қайталап айтамын, біздің мақсат – бір құрсақты жүктілікті болдыру. Дегенмен кейде мүмкіндікті жоғарылату үшін кейде екі эмбрион салуымыз мүмкін. Бірақ оның барлығы 100 пайыз бола бермейтінін еске салғым келеді. Технологиялар қанша дамыса да, табиғаттан асқан ақылды технология жоқ. Егер табиғи жолмен туу мүмкіндігі бар болса, соны пайдаланған жөн. Бірақ тек табиғи жолмен көтерем деп те бұл технологияларға сү­йенбей, 10-15 жыл бала көтермей, уақыт жоғалтудың да қажеті жоқ. Ол үшін әрдайым мамандардың кеңесіне құлақ түрген абзал.

 

  1. Гульден :

    Алмаз Курманалиевичка мың Алғыс!!!! Қарағандыдан қызыммен қуанамыз, әрдайым Сізді есіме аламын! Аллаға шүкір, Сіздің білікті Маман екеніңізге, адамгершілік қасиетіңізге тәртібін! Келемін Экомедке

  2. Асель :

    Аллах сізге екі дүние бакытын буйыртсын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды