Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

АЛМАТЫДАН ЖЕТКЕН ЖИҺАНГЕЗ

Алматылық қария Әбілтай Шайхов Астанаға арнайы ЭКСПО көрмесі үшін жолға жаяу шығып, үш күннің ішінде жеткен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері саяхаты үшін бір тиын шығын жұмсамаған.

Сапарын оңтүстік астанадан бастаған 74 жастағы жиһангез көліктерді жолшыбай тоқтатып, көрмеге жетуді көздеген. Әбілтай ата автожарысын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне және өзі талай жыл табанды еңбек еткен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдық мерейтойына арнады. Ардагер саяхатын о бастан алдын ала жоспарлаған.

– Жер шарын аралап жүріп, көптеген елді көріп, халқымен танысып үлгердім. Қазақ жерінде тұрып жатқан халық сияқты бауырмал елді әлі көрген емеспін. Үш күнге жалғасқан саяхатта небір ақ пейілді адамдар кездесті. Қол ұшын ешкім аямады. Арасында тіпті, «көлігіме мінбедіңіз» деп ренжігендер болды, – деп сапардан кейінгі өз әсерімен бөлісті Әбілтай ата.

Сөз арасында ардагердің көрмеге қатысты пікірін де білдік. «ЭКСПО-2017» көрмесін үлкен жетістік деп білемін. Қазір біреу жақтар, біреу даттар. Бірақ осының барлығы біздің болашағымыз – жастар үшін. Негіз қаланды, енді тек алға жылжу керек» деп сөзін қорытындылады жиһангез.

Ақсақал бұдан бұрын Түркістаннан Орынборға дейін, Жаркенттен Ташкентке дейін саяхаттап, Ұлытауды түгел кезіп шыққан екен. Ендігәрі Әбілтай ата өзінің көрген-білгенін қағаз бетіне түсіріп, кітап жазуды ойластырып қойды. Айта кетейік, қария былтыр да елордаға қос дөңгелекпен жолға шығып, бұл қадамын Қазақстанның 25 жылдығына арнаған болатын.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*